Иммундау – жұқпалы аурулардың алдын алудың тиімді жолы

Денсаулық – әрбір адамның ең қымбат байлығы. Оны сақтаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі – жұқпалы аурулардың алдын алу. Екпе тек вакцина алған адамның өзін ғана емес, бүкіл қоғамды қорғайды. Бұл құбылыс ұжымдық иммунитет деп аталады. Халықтың 80–95 пайызы белгілі бір инфекцияға қарсы иммунитет қалыптастырғанда, ауру қоздырғышының таралуы күрт төмендейді. Бұл туралы Қонаев көпсалалы аруханасының балалар дәрігері Мақпал Емілқызы баспасөз мәслихатында айтты.

Қазақстан Республикасының Үкіметінің № 612 қаулысына сәйкес, әрбір бала Ұлттық профилактикалық екпе күнтізбесіне сәйкес вакцина алуы тиіс. Бұл – балалардың денсаулығын қорғауға және қауіпті инфекциялардың таралуын болдырмауға бағытталған маңызды шара.
Вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігі көпжылдық ғылыми зерттеулер мен халықаралық тәжірибеде дәлелденген. Миллиондаған адамның денсаулығын сақтауға ықпал еткен екпелер көптеген жұқпалы аурулардың таралуын айтарлықтай азайтып, кейбірін толық жоюға мүмкіндік берді.
«Соңғы жылдары өңірде иммундаудан бас тарту жағдайлары біртіндеп азайып келеді. Мәселен, 2024 жылы вакцинадан бас тартудың 438 жағдайы тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 249-ға дейін төмендеді»,-деді спикер өз сөзінде.

Мамандардың айтуынша, баланың денсаулығы – отбасының ғана емес, қоғамның да ортақ жауапкершілігі. Сондықтан ата-аналардың екпе туралы сенімді ғылыми ақпаратқа сүйеніп, дұрыс шешім қабылдауы аса маңызды.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke