Алматы облысында жаңғыртудан өткен екі теміржол вокзалы пайдалануға берілді








Алматы облысында Шамалған және Қазыбек бек станцияларының теміржол вокзалдарын реконструкциялау жұмыстары аяқталды.
1970 жылы пайдалануға берілген Шамалған станциясының вокзалы қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін заманауи келбетке ие болып, инфрақұрылымы айтарлықтай жақсарды. Ғимараттың ауданы 241,5 шаршы метрден 285,5 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Жұмыс барысында жаңа шатыр орнатылып, ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді, сондай-ақ кәріз, су, жылу және электрмен жабдықтау инженерлік желілері жаңғыртылды. Сонымен қатар жолаушылар платформасы қайта жаңартылып, вокзал маңы абаттандырылды, заманауи жабдықтар мен жиһаздар орнатылды. Ғимараттың сейсмикалық тұрақтылығын арттыру мақсатында тірек конструкциялары, яғни іргетасы, қабырғалары және сейсмикалық белдеуі күшейтілді.
Шамалған станциясының теміржол вокзалы III санаттағы вокзалдарға жатады. Станция арқылы күн сайын Астана, Алматы, Қызылорда, Қарағанды және Қостанай қалаларымен көлік қатынасын қамтамасыз ететін сегіз жолаушылар пойызы өтеді.
1960 жылы салынған Қазыбек бек станциясының вокзалында да ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Қайта жаңғырту нәтижесінде ғимараттың ауданы шамамен үш есеге ұлғайып, 82,3 шаршы метрден 236,7 шаршы метрге дейін жетті. Мұнда да құрылыс-монтаж жұмыстарының толық кешені орындалды. Атап айтқанда, шатыр жаңартылып, ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілді, инженерлік коммуникациялар жаңғыртылды. Бұдан бөлек жолаушылар платформасы қайта реконструкцияланды, аумақ абаттандырылып, вокзал заманауи жиһаздармен және жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Қазыбек бек вокзалы III санаттағы вокзалдарға жатады. Станция арқылы күн сайын Алматы қаласымен қатынасты қамтамасыз ететін екі жолаушылар пойызы өтеді.
Нысандарды жаңғырту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздегі 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында іске асырылды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, көлік инфрақұрылымын дамыту және теміржол көлігі нысандарында қолайлы жағдай жасау.


