Қонаевта 201 жас сарбаз әскери ант қабылдады

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатары 201 жас сарбазбен толықты. Қонаев қаласына қарасты Заречный ауылында орналасқан 3660 әскери бөлімінің сарбаздары Отан алдындағы адалдық антын қабылдады.

Салтанатты рәсім Қонаев қаласының орталық алаңында өтті. Оған әскери бөлім басшылығы, қала әкімдігінің өкілдері, сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысты. Әскери қызметке Қызылорда және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Шымкент қаласынан шақырылған азаматтар сап түзеді.

Жас сарбаздар Қазақстан халқына және заңды сайланған Президентке адал болуға, Конституция мен еліміздің заңдарын сақтауға, командирлердің бұйрықтарын бұлжытпай орындауға ант берді. Сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздігін, мемлекеттік мүддесі мен аумақтық тұтастығын қорғауға серт етті.

Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Тимур Акмурзаев сарбаздарды маңызды күнмен құттықтап, ел қорғаудың әр азаматқа жүктелген қасиетті міндет екенін атап өтті.

– Ұлттық ұлан ел тәуелсіздігінің, тыныштығы мен бейбіт өмірінің күзетінде тұр. Қабылдаған анттарыңызға адал болып, Отанымыздың лайықты қорғаушысы болыңыздар, – деді ол.

Әскери бөлім командирі де анттың мәні мен жауапкершілігіне тоқталып, жас жауынгерлерге қызмет барысында тәртіп пен төзімділік танытудың маңызды екенін жеткізді.

Сарбаздар атынан сөз сөйлеген жауынгерлер әскери борыштарын абыроймен атқарып, алдарына қойылған міндеттерді біліктілікпен орындауға уәде берді. Ал ата-аналар атынан сөйлеген сарбаздың анасы жастарға мықты денсаулық, күш-жігер және адал достар тіледі.

Ант қабылдаған сарбаздар жауынгерлік қызметке кіріспес бұрын қосымша даярлықтан өтеді. Осы кезеңде олар қаруды қауіпсіз қолдану, әскери тәртіпті сақтау және қызметтік міндеттерді орындау талаптарын меңгереді.

Алдағы уақытта жас сарбаздардың бір бөлігі Қонаев қаласындағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге жұмылдырылады. Енді бір бөлігі Заречный ауылындағы түзеу мекемелерін күзету міндетін атқарады.

Әскери ант қабылдау – әр сарбаздың өміріндегі маңызды әрі жауапты кезең. Осы сәттен бастап олар Отан алдындағы борышын өтеуге кірісіп, ел тыныштығы мен қоғамдық қауіпсіздікті қорғауға өз үлестерін қосады.

Конаров Аян

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke