23 тамыз – ел болашағын айқындайтын маңызды таңдау

2026 жылғы 23 тамызда Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды тарихи оқиғалардың бірі. Алдағы сайлау азаматтарға елдің заң шығару жүйесіне қатысатын өкілдерін таңдауға мүмкіндік беретін маңызды қоғамдық-саяси науқан болмақ.

Құрылтай – Қазақстан Республикасының заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган. Оның құрамына 145 депутат сайланады. Депутаттар бірыңғай жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланады. Осыған байланысты еліміздің барлық өңірлерінде сайлау науқанына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Іле ауданы да маңызды саяси науқанға белсенді дайындалып жатыр. Аудан бойынша 92 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 157 057 азамат енгізілген. Қазіргі таңда сайлау учаскелерінің дайындығын қамтамасыз ету, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, азаматтарға қажетті ақпаратты жеткізу және дауыс беру күніне қажетті ұйымдастыру шараларын пысықтау жұмыстары жүргізілуде.

Сайлау процесінің маңызды кезеңдерінің бірі – сайлаушылар тізімдерін нақтылау. Әр азамат өзінің сайлау учаскесін алдын ала анықтап, сайлаушылар тізімінде бар-жоғын тексергені жөн. Бұл, әсіресе, тұрғылықты мекенжайын өзгерткен немесе жаңа тұрғын үй аумақтарына қоныстанған азаматтар үшін маңызды. Деректерде сәйкессіздік болған жағдайда, оны сайлау күніне дейін тиісті тәртіппен нақтылап алған қажет.

Іле ауданы – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары өңірлердің бірі. Соңғы жылдары аудан аумағында жаңа тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, медициналық және спорт нысандары салынып, жол және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар халық санының өсуіне байланысты ауыз сумен қамту, электр энергиясы, жол, қоғамдық көлік, абаттандыру, экология, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және жастар саясаты секілді мәселелер де өзектілігін жоғалтпай отыр.

Мұндай мәселелердің тиімді шешілуі тек жергілікті деңгейдегі жұмыстарға ғана емес, мемлекеттік саясат пен заңнамалық шешімдерге де тікелей байланысты. Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауы Іле ауданының тұрғындары үшін де маңызды. Азаматтардың елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді араласуы, өз пікірін білдіруі және сайлау құқығын пайдалануы – қоғамның тұрақты дамуының маңызды шарттарының бірі.

Сайлауалды кезеңде әрбір азамат кандидаттар мен саяси партиялардың бағдарламаларымен танысып, олардың ұстанымдары мен ұсыныстарын саралап, өз таңдауын саналы түрде жасауы қажет. Сайлауға қатысу – белгілі бір партияны немесе кандидатты міндетті түрде қолдау деген сөз емес. Ең бастысы – әр азаматтың өзінің конституциялық құқығын пайдаланып, елдің болашағына қатысты таңдауын білдіруі.

Сайлау – демократиялық қоғамның маңызды институты. Оның нәтижесі азаматтардың белсенділігіне, жауапкершілігіне және саналы таңдауына байланысты. Әрбір дауыс – жеке азаматтың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ болашағына деген көзқарасын білдіреді.

Осыған байланысты Іле ауданының тұрғындарын 23 тамыз күні сайлауға белсенді қатысуға шақырамыз. Сайлау учаскесіне барып, өз таңдауыңызды жасаңыз. Өз құқығыңызды пайдалану арқылы елдің болашағына қатысты маңызды шешім қабылдау процесіне үлес қосыңыз.

Еліміздің ертеңі – бүгінгі азаматтық ұстанымымызға байланысты. Сондықтан 23 тамызда әрбір сайлаушы өз таңдауын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтынын көрсетсін.

23 тамыз – Құрылтай депутаттарының сайлауы. Өз таңдауыңызды жасаңыз!

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke