Воскресенье, 14 июля, 2024

Instagram@nurlyolke

Басқада

spot_img

Күзгі ауыс түйіс. Кім келді, кім кетті?

Үкіметте күзгі ауыс-түйіс болып, саяси шешім нәтижесінде құрамы жаңарып жатыр. Massaget.kz тілшісі қандай өзгерістер болғанына, жаңа шенеуніктер мен орнында қалғандар кімдер екеніне шолу жасады.

Әлихан Смайылов премьер-министр қызметінде қалды. Бұған дейін де Смайылов маңызды лауазымды қызметтер атқарған еді. 2018 жылғы қыркүйектен бастап 2019 жылғы ақпанға дейін қаржы министрі болса, 2019 жылғы 25 ақпанда премьер-министрдің бірінші орынбасары — қаржы министрі қызметіне тағайындалды. Ал 2021 жылы 18 қаңтарда осы қызметке қайта тағайындалды. 2022 жылғы 11 қаңтарда премьер-министр лауазымына тағайындалды. Биыл 30 наурызда Үкімет басшысы лауазымына қайта тағайындалды.

Роман Скляр премьер-министрдің бірінші орынбасары, Ғалымжан Қойшыбаев премьер-министрдің орынбасары — Үкімет Аппаратының басшысы қызметтерінде қалды.

Су жаңа министрлер кімдер?
54 жастағы Серік Жұманғарин бұған дейін премьер-министрдің орынбасары — сауда және интеграция министрі қызметін атқарған еді. Президент жарлығымен шенеунік премьер-министрдің орынбасары қызметінде ғана қалды. Ал Жұманғариннің орнына 46 жастағы Арман Шаққалиев келді. Шенеунік бұған дейін Сауда және интеграция министрлігінде бірінші вице-министр болды.

Жұманғарин мен Шаққалиев

58 жастағы Тамара Дүйсенова да әріптесі Жұманғариннің жолын қайталады. Бұған дейін премьер-министрдің орынбасары — еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болған Дүйсенова бірінші лауазымында ғана қалды. Ал оның орнына жаңа министр болып 55 жастағы Светлана Жақыпова келді. Биыл маусымда Светлана Жақыпова Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалған еді.

Дүйсенова мен Жақыпова

Ішкі істер министрлігіне де жаңа басшы келді. Президент жарлығымен Марат Ахметжанов ішкі істер министрі лауазымынан босатылып, орнына 55 жастағы Ержан Сәденов келді. Сәденов 2016 жылдан 2019 жылға дейін Ақмола облысы Полиция департаментінің бастығы қызметін атқарса, 2022 жылғы қаңтарда ішкі істер министрінің орынбасары болған. Ал Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.

Ахметжанов пен Сәденов

Ал бүгін ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қызметінен кетіп, орнына Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі, 57 жастағы Айдарбек Сапаров министр болып тағайындалды. 

Қарашөкеев пен Сапаров

Су жаңа Көлік министрлігінің басшысы болып 36 жастағы Марат Қарабаев тағайындалды. Қарабаев биыл 4 қаңтарда индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалса, 4 сәуірде ҚР Президентінің жарлығымен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып қайта тағайындалған еді.

Мәдениет және ақпарат министрлігіне басшы болып Аида Балаева тағайындалды. Шенеунік 2020 жылғы 4 мамырда ақпарат және қоғамдық даму министрі болып тағайындалған еді. Ал былтыр 11 қаңтарда Президент әкімшілігі басшысының орынбасары болды. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып Қанат Шарлапаев тағайындалды. Ол «Бәйтерек» холдингін 2022 жылғы ақпаннан бастап басқарды. Бұған дейін «Сити» инвестбанкінің (БАӘ) Африка, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропаның дамушы нарықтарындағы стратегия, жоспарлау және талдау жөніндегі өңірлік директоры болып жұмыс істеген.

Жаңадан құрылған су ресурстары және ирригация министрлігіне басшы ретінде Жамбыл облысының экс-әкімі, 56 жастағы Нұржан Нұржігітов тағайындалды. Шенеунік 2021 жылғы сәуірден бастап Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болды. Кейін Жамбыл облысы әкімі қызметін атқарған болатын.

Туризм және спорт министрі болып экс-әкім Ермек Маржықпаев тағайындалды. Шенеунік 2015-2019 жылдары Ақмола облысы Көкшетау қаласының әкiмi болса, 2019 жылғы наурызда Ақмола облысының әкiмi болып тағайындалған еді.

Экология министрлігінде де ауыс-түйіс болды. 33 жастағы Зүлфия Сүлейменова қызметінен кетіп, орнына 62 жастағы Ерлан Нысанбаев экология және табиғи ресурстар министрі лауазымына тағайындалды. Шенеунік 2019 жылғы шілдеден бастап 2021 жылғы мамырға дейін ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарған болатын.

Қызметін сақтап қалғандар кімдер?
49 жастағы Ерұлан Жамаубаев премьер-министрдің орынбасары — қаржы министрі қызметінде қалды. Шенеунік министрліктегі жолын жауапты хатшы ретінде 2019 жылы бастаған. 2020 жылғы 18 мамырда қаржы министрі болып тағайындалды. Ол үш жылдан бері осы қызметте. Былтыр премьер-министрдің орынбасары әрі қаржы министрі болды.

47 жастағы Мұрат Нұртілеу премьер-министрдің орынбасары — сыртқы істер министрі қызметінде қалды. Шенеунік 2022-2023 жылдары Президент әкімшілігінің басшысы болған еді. Ал биыл 3 сәуірде премьер-министрдің орынбасары — сыртқы істер министрі болып тағайындалды.

57 жастағы Руслан Жақсылықов қорғаныс министрі лауазымында қалды. Ол бұл қызметке 2022 жылғы 19 қаңтарда келді. Биыл 3 сәуірде Президент жарлығымен қорғаныс министрі болып қайта тағайындалды.

44 жастағы Азамат Есқараев әділет министрі болып қалды. Ол биыл 4 қаңтарда әділет министрі болып тағайындалған еді. 4 сәуірде ҚР Президентінің жарлығымен әділет министрі болып қайта тағайындалды.

42 жастағы Саясат Нұрбек те ғылым және жоғары білім министрі қызметінде қалды. Экс-депутат былтыр 11 маусымда ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды, ал биыл 4 сәуірде ғылым және жоғары білім министрі болып қайта тағайындалды.

54 жастағы Ажар Ғиният та өз қызметінде қалды. Шенеунік былтыр 11 қаңтардан бастап денсаулық сақтау министрі болып келе жатыр.

54 жастағы Ғани Бейсембаев оқу-ағарту министрі қызметінде қалды. Бейсембаев бұл қызметке биыл келген еді.

Сырым Шәріпханов төтенше жағдайлар министрі қызметінде қалды. 56 жастағы шенеунік биыл 10 маусымда ғана министр болып тағайындалды. Ал бұған дейін бұл қызметті Юрий Ильин атқарды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өз лауазымында қалды. 40 жастағы шенеунік бұл қызметке былтыр келген болатын.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі, 40 жастағы Бағдат Мусин де қызметінде қалды.

53 жастағы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те қызметінде қалды. Шенеунік 2021 жылғы наурыздан 2023 жылғы сәуірге дейін «Самұрық-Энерго» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы болған еді. Ал биыл сәуірден бастап энергетика министрі лауазымына тағайындалды.

Сонымен, әзірге Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облыстары әкімсіз қалды. 

Айта кетейік, бұған дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Мәдениет және спорт министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі басшылары қызметінен кеткен еді.

Жаңалықтар | Новости

Instagram@nurlyolke