Қаланың көркі сәулетті ғимараттармен немесе абаттандырылған көшелермен ғана өлшенбейді. Күнделікті тазалық, айналаға деген ұқыптылық, ортақ кеңістікке жанашырлық та шаһардың шырайын айқындайды. Осы тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» бастамасы елді мекендерді көркейтуге бағытталған акциядан әлдеқайда кең ұғымды қамтиды.
Қонаевта осы бастама аясындағы жұмыстар жыл бойы жалғасып келеді. Қала аумағын тазарту, заңсыз қоқыс орындарын анықтау, тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде шығару шараларымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарына да мән берілуде.
Жуырда қалада кезекті «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылды. Бұл жолы тазалық жұмыстары Қарлығаш шағынауданы мен №1 жағажай аумағында қатар жүргізілді. Сенбілікке 400-ден астам адам атсалысып, бірнеше сағаттың ішінде 350 қап тұрмыстық қалдық жиналып, шығарылды.
Қонаев үшін жағалау тазалығының орны бөлек. Әсіресе демалыс маусымында жағажайларға келушілер көбейіп, мұндай аумақтарға түсетін салмақ арта түседі. Сондықтан көпшілік демалатын орындарды таза ұстау коммуналдық қызметтердің күнделікті жұмысына ғана емес, әр тұрғын мен қонақтың қоршаған ортаға деген көзқарасына да байланысты.
Қалада бейберекет тасталған қоқысты жою бағытында да нақты жұмыс атқарылуда. Жыл басынан бері Қонаев аумағында 19 стихиялық қоқыс орны тазартылған. Қазіргі таңда «Ғарыш Сапары» геопорталында қала аумағынан заңсыз қоқыс орны тіркелмеген.
Соған қарамастан, бақылау бәсеңдеген жоқ. «Жасыл қала Қонаев» кәсіпорнының мамандары қала аумағын күн сайын бақылап, анықталған қоқысты шығару жұмыстарын жүргізеді. Бұл іске 30-ға жуық қызметкер мен төрт арнайы техника жұмылдырылған.
Тазалықты сақтау талаптарын тұрғындарға түсіндіру де назарда. Өйткені абаттандырылған аумақты қайта-қайта тазалай бергеннен гөрі, оның ластануына жол бермеу әлдеқайда тиімді. Осы орайда қоғамдық орындарда тазалық сақтау, қалдықтарды белгіленбеген жерге тастамау жөнінде ескертулер жасалып, заң талаптарын бұзған азаматтарға тиісті шаралар қолданылуда.
Мәселен, тамыз айында ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша, яғни қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 149 тұрғынға ескерту жасалған. Тағы бір азаматқа 43 250 теңге айыппұл салынды. Ал қоғамдық орынды ластағаны үшін ӘҚБтК-нің 434-2-бабына сәйкес 64 875 теңге көлемінде айыппұл тағайындалған.
Бұл деректер тазалық мәселесінде талап пен түсіндіру жұмысының қатар жүруі қажеттігін көрсетеді. Қала қызметтері көшені тазалап, қоқысты шығарғанымен, сол еңбектің нәтижесін сақтау тұрғындардың өзіне байланысты.
Аян Қонаров

