Ерлік сабағы

Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беріп, Отан алдындағы азаматтық жауапкершілікті ұғындыру – аға буынның басты міндеттерінің бірі. Осы мақсатта 3660 әскери бөлімінің командирі, подполковник Ерлік Ерланұлы Оспанкулов пен клуб бастығы, аға лейтенант Ербол Сүйіндікұлы Арыстанов Алатау қаласы, Арнаықшамауданындағы орта мектептің жоғары сынып оқушыларына «Ерлік сабағын» өткізді.

Тағылымы мол кездесуде әскери қызметтің қыр-сыры, Отанды қорғаудың қасиетті міндеті, ел тыныштығы мен халық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі әскери қызметшінің жауапкершілігі жайында кеңінен әңгіме қозғалды. Оқушыларға ерліктің тек ұрыс даласында ғана емес, бейбіт өмірде де көрініс табатыны түсіндірілді.

Бірнеше жылдан бері 3660 әскери бөлімін басқарып келе жатқан, әскери салада мол тәжірибе жинақтаған бөлім командирі Ерлік Ерланұлы жас буынға өзінің өмірлік және қызметтік тәжірибесі арқылы бағыт-бағдар берді. Оның өнегелі сөзі мен өмірлік ұстанымы жас жүректерге жігер сыйлап, Отан алдындағы борыштың салмағын сезінуге жол ашты.

Ал аға лейтенант Ербол Сүйіндікұлының өмір жолы – ерліктің нақты үлгісі. 2026 жылы ақпан айында Заречный ықшамауданындағы көпқабатты үйлердің бірінде өрт шыққанын байқап, қауіпке қарамастан, адамдардың өмірін сақтап қалуға әрекет жасап, өртті сөндіру жұмыстарына ықпал етті.

Бұл батыл әрекет мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Ербол Сүйіндікұлы Қазақстан Республикасының Президенті атынан «Жауынгерлік ерлігі үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Кеудедегі бұл белгі – бір сәттік батыл шешімнің ғана емес, азаматтық ұстанымның, адам өміріне деген құрметтің және ел алдындағы жауапкершіліктің символы.

Ерлік – атақ үшін емес, ар үшін жасалады. Ерлік – жүректен туады, ел жадында қалады. Осындай өнегелі оқиғалар жас ұрпақтың бойына батылдық пен отансүйгіштік қасиеттерді сіңіріп, қиын сәтте дұрыс шешім қабылдай білуге тәрбиелейді.

«Ерлік сабағы» барысында оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, әскери қызметшілермен еркін пікір алмасты. Кездесу жасөспірімдер үшін әскери өмірмен танысудың ғана емес, елге қызмет етудің мәнін түсінудің маңызды мүмкіндігі болды.

Бүгінгі мектеп партасында отырған жас – ертең ел тізгінін ұстайтын азамат. Оның бойындағы отансүйгіштік, жауапкершілік пен қайсарлық дәл осындай тағылымды кездесулер арқылы қалыптасады. Елге қызмет ету – үлкен сөзден емес, кіші істерден басталады. Ал сол істі адалдықпен атқару – нағыз азаматтың белгісі.

Подполковник Ерлік Оспанкуловтың әскери саладағы мол тәжірибесі мен аға лейтенант Ербол Арыстановтың бейбіт күндегі ерлігі – жас ұрпаққа үлгі болар қос тағылым. Бірі – ел қорғаны болудың жауапкершілігін көрсетсе, бірі – адам өмірін арашалаудың қаншалықты биік азаматтық қасиет екенін дәлелдеді.

Ел тыныштығын күзеткен ерлердің өнегесі – ұрпаққа аманат. Ерлікке тағзым ету – өткенді құрметтеу ғана емес, болашақ батырларды тәрбиелеу.

3660 әскери бөлімі аға лейтенант  ӘлияТәңірбергенқызы Әбдіғалиева

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke