ӘСКЕРИ РУХТЫҢ ТІРЕГІ – БЕРІК ОТБАСЫ

Отбасы – адам өміріндегі ең қастерлі құндылық, жүрекке жылу сыйлайтын қасиетті шаңырақ. Ал Отан қорғауды өмірлік парызына айналдырған әскери қызметші үшін отбасының орны айрықша. Себебі ел тыныштығын күзеткен ердің артында оған сенім білдіріп, әр қадамына тілекші болатын отбасы тұрады. Әскери қызметтің жауапкершілігі мен отбасылық өмірдің жылуын қатар алып жүру – өзара түсіністік пен сыйластықты талап ететін үлкен міндет.

Осы орайда Отбасы күніне арналған іс-шаралар аясында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3660 әскери бөлімінде «Әскери рух – отбасы тірегі» атты мәдени-спорттық сайыс ұйымдастырылды. Тағылымды шара әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін бір ортаға жинап, шаңырақтағы бірлік пен өзара қолдаудың маңызын айшықтай түсті.

Сайысқа әскери қызметшілердің отбасылары қатысып, спорттық және мәдени кезеңдерде өзара бақ сынады. Аға сержант Амангелді Жандос, кіші сержант Арыстанов Досан, подполковник Ыбраймжанов Еркебұлан, кіші сержант Капсаметов Ринат, кіші сержант Исабеков Рустам және қатардағы Калиева Гаухардың отбасылары шапшаңдық, тапқырлық, өнер және ұйымшылдықтарын көрсетті.

Сайыстың әр кезеңінде отбасының бірлігі мен өзара түсіністігі айқын көрінді. Бірі жарыста жұбайына қолдау көрсетсе, енді бірі баласының өнеріне демеу болды. Осылайша сайыс алаңы қарапайым бәсекеден гөрі, отбасы мүшелерінің бір-біріне деген сенімін, сүйіспеншілігін және қолдауын танытқан ерекше ортаға айналды.

Нәтижесінде І орынды Исабековтер отбасы, ІІ орынды Ыбраймжановтар отбасы, ІІІ орынды Арыстановтар отбасы иеленді. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табысталып, өзге қатысушылар да марапаттан тыс қалмады. Қонаев қаласы әкімдігі тарапынан да қатысушыларға грамоталар мен сыйлықтар ұсынылды.

Дегенмен отбасы құндылығы бір күндік мерекемен немесе бір ғана сайыспен өлшенбейді. Оның шынайы мәні – күнделікті өмірдегі сыйластықтан, түсіністіктен, жауапкершіліктен және бір-біріне деген сенімнен көрінеді. Бұл тұрғыдан алғанда 3660 әскери бөлімінде бірге еңбек етіп жүрген Бахрамов Жанқожа Берікханұлы мен Нурқайдар Мадина Нуржанқызының отбасы – қызмет пен отбасы құндылығын қатар алып келе жатқан өнегелі жанұялардың бірі.

Жанқожа Берікханұлы 2013 жылдан бері әскери бөлім қатарында қызмет атқарып, бүгінде Жедел мақсаттағы батальонның 1-ротасында старшина қызметін абыроймен атқарып келеді. Он жылдан астам уақытын әскери қызметке арнаған ол Отан алдындағы міндетін жауапкершілікпен орындап, әскери тәртіп пен кәсіби біліктілікті басты ұстанымдарының біріне айналдырған.

Ал Мадина Нуржанқызы 2025 жылдың тамыз айынан бастап әскери бөлімнің қаржы бөлімінде бухгалтер болып еңбек етіп келеді. Бір шаңырақ астында өмір сүріп қана қоймай, бір әскери ұжымда бірге қызмет атқару – ерлі-зайыптылардың ортақ мақсат пен өзара түсіністікке негізделген өмірінің көрінісі.

2017 жылы шаңырақ көтерген Жанқожа мен Мадинаның Айкөркем, Айдай және Дәрия есімді үш қызы бар. Үш қыздың сыңғырлаған күлкісі – отбасының берекесі мен бақытын айшықтайды. Әкесі қыздарына Отанға адал қызмет етудің, жауапкершілік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетсе, анасы еңбегімен ұқыптылық пен табандылықтың қадірін танытып келеді.

Бахрамовтар отбасының ерекшелігі – олардың қызмет орындарының ортақтығында ғана емес. Ең бастысы – бір-бірінің кәсіби міндетін түсініп, қызметтің жауапкершілігін бірге сезінуінде. Әскери өмірдің тәртібі мен талабын жақсы білетін ерлі-зайыптылар отбасы мен қызмет арасындағы тепе-теңдікті сақтап, балаларының тәрбиесіне де көңіл бөліп келеді.

3660 әскери бөлімінде Бахрамовтар отбасы секілді бір-біріне тірек болып, ортақ ұжымда еңбек етіп жүрген өзге де отбасылар бар. Олардың әрқайсысы – өз алдына бір тағылым. Бірі әскери қызметтің қиындығын бірге еңсерсе, енді бірі бір-бірінің кәсіби өсуіне қолдау көрсетіп келеді. Барлығына ортақ дүние – отбасының тыныштығы мен қызметтің абыройын қатар алып жүру.

Әскери қызметші үшін отбасының қолдауы кейде айтылған сөзден де маңызды. Қызметтен шаршап келгенде күлімдеп қарсы алған жары, баласының қуанышты үні, туған-туыстың ақ тілегі – оның рухына күш береді. Ал әскери қызметшінің ел алдындағы адалдығы отбасы мүшелеріне де мақтаныш сезімін сыйлайды.

Сондықтан отбасы мен әскери қызметті бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Отанға қызмет ететін азаматтың бойындағы табандылық пен жігердің қалыптасуына оның отбасының да қосар үлесі мол. Берекелі шаңырақ – әскери қызметшінің рухани қорғаны, ал мықты рух – елге адал қызмет етудің сенімді негізі.

Отбасы күніне арналған мәдени-спорттық сайыс осыны тағы бір мәрте дәлелдеді. Жарыс барысында жеңіске жеткендер марапатталды, бірақ одан да маңызды жеңіс – отбасылардың бірге қуанып, бірге толғанып, бір-біріне қолдау көрсетуі болды.

Отбасы – шағын мемлекет. Оның негізі – сыйластық, тірегі – сенім, берекесі – бірлік. Ал осындай шаңырақтардан құралған елдің де іргесі берік болмақ.

Әскери рухтың биіктігі – елге деген сүйіспеншіліктен басталса, сол рухты бекемдейтін ең үлкен күш – отбасының сенімі.

Әлия Тәңірбергенқызы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke