Іле ауданында жастар заңсыз ойын терминалдары, дроп-карталар, қаржы пирамидалары мен зиянды әдеттерге қарсы символдық акцияға қатысты.
Шара Өтеген батыр ауылында өткен «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» форумының қорытынды бөлігі ретінде ұйымдастырылды.
Акцияның басты идеясы – қоғам мен жастардың қауіпсіздігіне кері әсер ететін құбылыстарға қарсы ортақ ұстанымды білдіру және жас буынды саналы таңдау жасауға шақыру.
— Ойын аппараттары мен адамға кері әсер ететін заттарды жою – тек заттарды жою емес, бұл жастарымыздың болашағын қорғауға бағытталған қадам. Бүгінгі акция арқылы біз зиянды дүниелерден бас тартып, олардың орнына білімді, спортты, еңбекті және жарқын болашақты таңдауға шақырамыз, – делінді акция барысында.
Символдық акцияны бастау құрметі экономикалық құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жобалар байқауының үздік қатысушыларына берілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мәні – жастарды заңсыз әрекеттер мен түрлі тәуелділіктерден сақтандырып, салауатты өмір салтын насихаттау.
Шара «Тәуелділікке – жол жоқ, салауатты өмірге – қолдау бар» ұстанымымен қорытындыланды.
Акция «Менің таңдауым – заң және қаржылық қауіпсіздік» форумының нүктесін қойып, қатысушыларды заңды құрметтеуге, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға және саналы таңдау жасауға үндеді.

