Соңғы жылдары елімізде мемлекеттік, ведомстволық және жеке ұйымдардың орден, медальдары тым көбейіп кетті. Мемлекеттік тіркелген атақтардың жөні басқа, ал қоғамда салмағы жоқ, ешқандай әлеуметтік жеңілдік бермейтін, абыройсыз жалған атаққа алданғандардың қатары артып барады. Атап өтер жайт, елімізде 10 орден, 4 медаль және 4 ресми атақ бар. Ал қалғанының мемлекеттік құны жоқ!
Ресейге барған сапарында президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мемлекеті ұсынған «Невский орденінен» бас тартты деген әңгіме тараған болатын. Тіпті Тоқаевтың: «мен өзімнің президенттік міндетімді атқарып отырған сәтте ешқандай марапат қабылдамаймын» деген сөзінің өзі көпке үлгі болу керек еді. Алайда жалған атаққа алданғандарды бұл ойлантпай отыр. Жекелеген азаматтардың бизнес көзіне айналған жалған марапаттарға қашан тосқауыл қойылады?!
Осы орайда редакциямызға хабарласқан оқырманымыз Айгүл апай «200 мың теңге ұсынып бір қыздар медальмен марапаттағысы келетінін айтып хабарласты. Гүлназ деген қыз «Алматы қаласынан марапаттық кештерді ұйымдастыру орнынан арнайы жазып отырмын. Алдағы уақытта өтетін үлкен марапаттау кешінен хабардар еткім келеді. Сұрағыңыз болса қойыңыз, немесе келісіміңізді берсеңіз жұмысқа кіріссек болады. Арнайы кітап та шығады. Ішінде Зейнеп Ахметова апайлар да бар» деді. Алғашқы бетіне Президентті қойып тұрып шығарып, халықты алдап отыр. Біз арнайы мемлекетке тіркелген, арнайы рұқсат етілген энциклопедияның бар екенін білеміз. Ол жобалар бес жылдан бері жасап жатыр. Ал мына жолдан қосылғандарға тыйым бар ма өзі?! Халық та жалған марапаттарға, салмағы жоқ медальдарға алдануды тоқтатуы керек. Қазіргі таңда бұл да алаяқтықтың бір түрі болып отыр. 200 мың теңгеге төсбелгіні саудалап отыр, мемлекеттік марапат деп алдап. Ол ары кетсе 100 теңгенің нәрсесі. Халық оны білмейді. Мемлекеттік марапатпен шатастырып шауып жүр. Гүлназ Жансейітова мен Арайлым Әуелтаева есімді қыздар осының бәрін ұйымдастырып отырған. «Ақпараттар жібересіз сол бойынша Астанаға өткіземіз рұқсат қағазы келгендер ғана қатыса алады» деп қояды. Мен де Астанаға сұрау салып көрдім, еш жерде тіркелмеген екен бұл марапат, атақтардың барлығы. Сондықтан халықты мұндай алаяқтардан құтқаратындар қайда?! «Алдағы уақытта бұл марапаттау кеші мамыр айында өтеді. Марапатқа 1 жарым ай қалғанда шақырту жіберіледі. Марапатқа қатысу 200 мың теңге, арнайы келісімшарт бойынша аламыз» дейді. Кітаптар барлық кітапханаларға тегін таратылады деп те жатыр хабарландыруында. Бірақ осыған дейінгі бірінші кітап ешқандай кітапханаға түспеген. Демек бұл сөздері де жалған» дейді.
Расында да марапаты саудаға түскен елде оның қоғамдық салмағы бола ма?! «Дұрыс, қарапайым еңбек адамдарын марапаттасын, құрметтесін. Қарсылығымыз жоқ. Бірақ марапат саудаға түспеуі керек қой. Арнайы мемлекеттік тіркелгендері ғана тарауы керек қой халық арасында. Бұған тоқтау салмаса ертең шамамыз келмей қалады. Осыған байланысты құзырлы мекемелер тез арады заң жобасын әзірлеп тыйым салу керек. Еліміздегі наградаларға сараптама өткізетін, оның қолданылу шарттарын заңды негізге алып ережелерін әзірлейтін органдар мұндай мәселені жабулы күйінде қалдыра берсе арты жақсылыққа апармасы белгілі. Ведомстволық наградалар мен қоғамдық ұйымдардың бей берекет, қадірін кетіріп шашып жатқан «атақ, даңқтарына» тоқтау салып заңмен реттейтін кез келді деп есептеймін» дейді ашынған оқырманымыз.
Расында да халық қазір жалған атақтың арқасында атақты болам, абыройым көтеріледі деп жүр. Ал мұның тіпті құқық бұзушылық екенін де білмейді ау…