Орнықты әрі ұстамды мінез, батыл болмыс, кіршіксіз көңілімен көпшіліктің жансарайына жылылық ұялатып, жауапкершілік пен жанашырлықтың үлгісіне айналған жандар болады. Тіршіліктің торына шырмалып, күнделікті өмірдің күйбеңіне түскесін бе, біз жақсы адамдардың ыстық ықыласын, дара тұғырын, өзіндік өнегесін бағамдай бермейміз.
Қызметіне деген асқан жауапкершілігімен төңірегінің тұтас ықыласына бөленіп жүрген Танзиля Мұсабекқызы сондай жан. Танзиля Мусабекқызы госпиталь шаруашылығын шырқ иірген маман. Көңілі ашық, сөзі салмақты, жаны жайсаң жан. Үлкенге әпке, кішіге сіңілі-қарындас. Әкімшілік шаруашылық бөлімінің қым-қуыт күрмеуін шешіп, шаруасын реттестіреді. Қарияларға демеу, ардагерлерге сүйеу болады. Арада қолына ауық-ауық қалам алып, өлең жазады.
Танзиля Мұсабекқызы — іштей толысып, ұдайы ізденісіп отыратын маман. Айналамызға алтын жапырақ жауған биылғының күзінде госпиталімізде қызық бір оқиға болды. Аттестаттау жүріп жатқан кез. Госпиталь тынысын барлауға келген тексеруші мамандарды жүзінен нұр төгілген Танзиля Мусабекқызы қарсы алды. Өз міндетінен жазбаған мамандар Танзиля Мусабекқызын мейірбике санап, көкейдегі қатқыл сұрақтарын бірден жаудыра жөнеледі. Тосыннан келген талап-тілекке шаруашылық маманы да тосырқай қоймайды. Бірден алғашқы медициналық жәрдем жайын айтып, көмек көрсетудің ретін санамалап, білгені мен көргенін кеңінен ортаға салады. Атестаттаушылар таңырқап қана қоймайды, медиациналық білімі бар маман есебінде құрметтеп, ең жоғарғы бағасын береді.
«Келген комиссия мүшелері менен дәрігерлер білуі тиіс сұрақтарды қоя бастады. Тосырқап қалмадым. Бірден білгенімді бөлісіп, алғашқы медициналық көмек жайын айта жөнелдім. Қандай әрекеттерге бару қажетін көрсетіп бердім. Бәрі мақұлдап, бас изеп отырды. Олар о баста менің шаруашылық маманы екенімді білген жоқ. Мен де тіс жарып айтпадым. Мұның бәрі госпиталімнің абыройын ойлағаннан», — деді бір әңгімесінде Танзиля Мусабекқызы. Бастан өткен бұл оқиғаны әріптестері әзірге дейін күлісе еске алып жүр.
Өткенде Танзиля Мусабекқызы сексеннің сеңгіріне шыққан госпиталіміздің мерейтойына ерекше сый жасады. Жырдан шашу шашып, көпшіліктің ықыласына бөленді. Медициналық мекеменің барлық қағидасын, ерекшеліктері мен ақ халаттылардың арман-мұратын жыл жолдарына айналдырған апайымыздың өлеңін назарларыңызға ұсынамыз. Еңбекпен көгерген мамандарымыз көп болсын!
Госпитальдің құтты болсын 80 жасы,
Қырау шалған, қазір оның алтын басын!
Әлі де, талай жанға демеу болар
Абыроймен, атақпен 100-ге толар!
80 жасың бүгінгі құтты болсын,
Құшағың, марапатпен гүлге толсын!
Өркендеп, болашағың көркем болып,
Абыройың асқақтап үстем болсын.
Төрде отыр, өрен-еңбегі сіңген жандар,
Госпитальге аянбай тер төккен жандар.
Алғыс айтып Сіздерге бас иеміз
Ақ халат, ақ жүректі абзал жандар.
Госпитальде емделген ардагерлер,
Жан беріп, сұм соғысты көрген ерлер.
Чернобыльда апатты оқшаулаған
Басынан өткізді олар қиын заман.
Соғысты да, апатты да болдырмасын!
Полигонға бомбаны қойдырмасын!
Ел аман, бар жұртымыз тыныш болып
Адамзаттың көңілін солдырмасын!
***
Ем-шараны медбикелер зерттейді,
Ине салып, дәрі беріп реттейді.
Тоқ береді, батпақ сумен емдейді,
Шөп шай беріп, бабыменен демдейді.
Уқалайды, сипалайды тағы да,
Сынбасын деп келушінің сағы да,
Бұның бәрі тән азығы бәріне
Ал ауқатсыз ем қонбайды, әрине!
Асханада азық бар дәуірменді
Дәмді ас дайын баршаға қадірменді
Дерт дауасы бәріне қону үшін,
Салады қызметкерлер жігер күшін.
Жұмыстары тоқтамай өну үшін,
Еңбегі жемісті нәтиже беру үшін,
Жылу, жарық, су да керек бәріне
Компьютер мен принтер тағы, әрине.
Санақ керек, цифр керек келісті,
Жұмысымыз болу үшін жемісті.
Бірлік керек, ұжым керек бағалы
Жол сілтейтін бағыт берер сапалы.
Бір кісідей болсақ ұжым әдемі
Оң болады бастаған іс кәделі,
Оң болғаны басшымыздың арқасы
Ұжымның ұйытқысы, данасы!
Сіз бастаған көш алдында боламыз,
Ең берік қамалдарды аламыз
Осы отырған бәріңіз жауынгерсіз,
Денсаулықты демейтін майдангерсіз
Білікті, білімдісіз, кемеңгерсіз
Бар құрметке лайықты дәрігерсіз!
80 жылда өтелді талай еңбек,
Сыйлысың госпиталім өзің, демек.
Жүздеген адамдарға бердің көмек
Тәнін емдеп,
адамның жанын демеп.
Болашақта біз өсейік, өнейік,
Госпитальдің көркейгенін көрейік.
80 жылға сергек жеттік,
ол да бір сын.
Ғасыр тойыңды тойлауды
бәрімізге бұйыртсын!
Дастан ҚАСТАЙ,
Журналист
Отан соғысы ардагерлеріне арналған республикалық госпитальдің маманы