15 C
Алматы
Вторник, 18 марта, 2025

Мәдениеттанушы болу – әлемді өзгеше көру

Кей адамдар мәдениетті мұражайдағы мүсіндер мен мұрағаттағы шаң басқан кітаптар ғана деп біледі. Ал мәдениеттанушы үшін ол – заманның тілі, уақыттың өрнегі. Біз қай жерге, қай елге барсақ та, нені көріп, нені тұтынсақ та – бәрі мәдениеттің бір бөлігі. Көшесіндегі қазығы мен кафесіндегі мәзірінің де артында терең тарих, сан ғасырлық шежіре мен әлеуметтік өзгерістер жатыр. Біз дәрігердің емдейтінін, мұғалімнің білім беретінін, құрылысшының үй салатынын, жазушының кітап жазатынын анық білеміз. Ал мәдениеттанушы маман не істейді? Мәдениеттанушы әлемді өзгеше оқиды:

Сіз фильмді жай ғана тамашалайсыз ба?Ал мәдениеттанушы оның артында тұтас дәуірдің идеологиясы мен философиясы жатқанын біледі. 

Сіз музыканы көңіл көтеру үшін тыңдайсыз ба? Ал мәдениеттанушы оның ұрпақтардың ойлау жүйесіне қалай әсер ететінін зерттейді. 

Сіз киім үлгісін сән ретінде қабылдайсыз ба? Ал мәдениеттанушы оны белгілі бір қоғамның эстетикалық талғамы мен әлеуметтік құрылымының көрінісі деп түсінеді. 

Қаладағы архитектура сіз үшін жай ғана ғимарат па? Ал мәдениеттанушы оны қоғамның тарихи жолы мен мәдени көзқарастарының айнасы деп түсінеді. Бұл тізбекті жалғастырсақ кете береді.

Осылайша, мәдениеттанушы – көргенінің арғы жағындағы мәнді аңғаратын, кез келген құбылысты мәдениет тұрғысынан талдай алатын маман. Егер сіз мәдениет пен өркениеттің байланысын, қоғамның рухани бет-бейнесін зерттеуге қызықсаңыз, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің мәдениеттану мамандығы – сіз үшін таптырмас мүмкіндік. Білімнің қара шаңырағында сіз беделді профессорлар мен тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен мәдениеттанудың қыр-сырын меңгересіз. Сонымен қатар, ҚазҰУ-дың дінтану және мәдениеттану кафедрасы студенттерге ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуға, түрлі халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысуға жағдай жасайды. Сіз тек оқумен шектелмей, мәдени жобаларға атсалысып, шығармашылық және аналитикалық ойлау қабілетіңізді дамытып мықты мәдениеттанушы маман боп шығасыз. Ал мәдениеттанушы болу – әлемді өзгеше көру, күнделікті өмірдің артында тұрған терең мағыналарды ұғыну. Бұл – қызығы мен сыры мол, ерекше мамандық.

farabi.university

Жұбанышов А.Ш. «Мәдениеттану» мамандығының 1-курс докторанты
Каупенбаева С.М. PhD, аға оқытушы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke