33 C
Алматы
Вторник, 17 июня, 2025

Маңғыстаудың маңғаз болмысын мүсінмен бейнелеген жас мүсінші

Жаңаөзенде дүниеге келген жас мүсінші Жүсіп Жетгенбай өз жұмыстары арқылы туған өлкесінің айрықша келбетін бейнелеуге талпынып келеді. Қазір ол Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің соңғы курсында білім алып жатыр. Бұл оқу орнына Жүсіп Маңғыстау жастарына арналған «Жарқын Болашақ»бағдарламасы арқылы түскен.

Сурет өнеріне құштарлығы арқылы шығармашылық жолға бет бұрған Жүсіптің дарынын алғаш байқаған — анасы. Алдымен Жаңаөзендегі Оқушылар шығармашылық үйіндегі сурет сабағына қатысқан ол көп ұзамай мүсін үйірмесіне ауысып, ұстазы Тоқтағұл Бахитовтан пластилин, ағаш, тас сияқты түрлі материалмен жұмыс істеуді меңгерген.

«Басында бұл өнердің арнайы мамандық ретінде оқытылатынын білмеппін. Кейін анам мен әпкем «Жарқын Болашақ» жайлы айтып, бірге құжат тапсырдық. Қазір сол сәтті шешім болғанына көзім жетіп отыр. Колледжде елімізге танымал шеберлерден білім алдым, мүсін өнерінің терең тарихына үңіле бастадым. Ұстазым Санат Байсыновтың арқасында техника мен пішінді ғана емес, идея мен мағына да маңызды екенін ұғындым», – дейді Жүсіп.

Жүсіптің басты шабыт көзі — туған топырағы. Оның «Маң дала, маңғаз мекен – Маңғыстау» атты жұмысы — туған жерге деген сағыныштың көрінісі. Бұл туындысында ол түйе бейнесі арқылы Маңғыстаудың маңызын, биік рухын жеткізгісі келген. Алдағы уақытта мүсінші өңірдің тарихи тұлғаларын, салт-дәстүрін мүсін тілімен сөйлетуді мақсат етіп отыр.

«Маңғыстаудың бай табиғаты мен терең тарихы — мен үшін сарқылмас шабыт. Келешекте Шопан ата мен Бекет ата бейнесін жасап, олардың рухани болмысын ашқым келеді. Сондай-ақ, халқымыздың киім киісі, тұрмыс салты — бәрі тұтас образ, мен сол бейнелерді де мүсінге айналдырғым келеді», – дейді жас мүсінші.

Жүсіптің үлкен армандарының бірі — Ақтаудан мүсін өнеріне арналған мектеп пен көрме кеңістігін ашу. Бұл орталықта ол өзінің ғана емес, өзге қазақстандық және шетелдік шеберлердің де туындыларын көрсетуді жоспарлап отыр.

«Менің басты арманым — Маңғыстау жастары арасында мүсін өнеріне қызығушылықты оятып, осы бағытқа жаңа дем беру. Қазір, өкінішке қарай, бұл салаға бет бұратындар аз. Мысалы, Жүргенов колледжінде Жаңаөзеннен келіп, мүсін оқып жатқан жалғыз студент менмін. Шығармашылық үйінде оқып жүргенімде де екі жыл қатарынан мұғалімім тек маған ғана сабақ берді. Себебі көп ата-ана бұл өнерден пайда көрмейді деп есептейді. Алайда бұл — қате көзқарас. Мүсін — жай кәсіп емес, адамның ой-өрісін кеңейтетін, ішкі дүниесін байытатын өнер. Сондықтан мен бұл бағыттағы қоғамдық түсінікті өзгертіп, сұлулықты бағалауға тәрбиелейтін алаң құрғым келеді», – дейді ол.

Жүсіп білім алып жатқан «Жарқын Болашақ» бағдарламасы бүгінде Маңғыстаудан шыққан мыңдаған жасқа жол ашып отыр. Бағдарлама «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының және Samruk-Kazyna Trust қорының қолдауымен, Bilim Foundation қорының ұйымдастыруымен жүзеге асып келеді.

«Осы бағдарлама өзімді жаңа қырымнан тануыма себеп болды. Мүсін өнерінің терең мәнін түсініп, мүсін өнерінің философиясына терең бойлай алдым. Соның нәтижесінде колледжде өткен байқауға жұмысым жоғары бағаға ие болып, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына грант жеңіп алдым. Ендігі мақсатым – жақсы білім алып, қазақ мүсін өнерін әлемге таныту», – деп түйіндейді жас мүсінші.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke