
Қазіргі жүріп жатқан Конституциялық реформа кезекті саяси науқан емес. Бұл мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді жаңғыртуға бағытталған батыл әрі уақыт талабынан туған шешім.
Қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде Конституциялық комиссия отырыстарында көтерілген ұсыныстарды тыңдай отырып, бір нәрсені анық түсіндім: бұл өзгерістер халықтың сұранысынан туындап отыр. Мыңдаған азаматтың пікірі ескеріліп, Ата заңның 84 пайызына дейін жаңартылуы соның айқын дәлелі.
Бір палаталы Парламентке көшу, пропорционалды сайлау жүйесін күшейту, партиялардың жауапкершілігін арттыру билікті халыққа жақындатудың нақты тетіктері. Заң шығару процесі ашық болып, шешімдер бір орталықта қабылданса, жеке мүддеге емес, елдік мүддеге қызмет ететін жүйе қалыптасады.
Маған ерекше әсер еткен бағыт адам құқығын қорғаудың конституциялық деңгейде күшеюі. Өмір сүру құқығын абсолютті құндылық деп тану, «Миранда ережесін» бекіту, жеке деректерді қорғау, адвокатураның дербес институт ретінде орнығуы бұл мемлекеттің адамға бет бұрғанының айқын белгісі.
Конституция преамбуласының жаңартылуы да символдық қадам емес. Білім, ғылым, мәдениет, инновация құндылықтарының Ата заңда нақты көрсетілуі болашаққа берілген рухани бағдар.
Ал Халық Кеңесінің құрылуы қоғам мен билік арасындағы шынайы диалог алаңы бола алады. Түрлі өңір мен әлеуметтік топтың мүддесі бір жерде тоғысуы ұлттық бірлікті күшейтетін маңызды механизм. Бұл реформа қорқақ қадам емес. Бұл өзгерістен қашпайтын, жауапкершілікті сезінетін елдің таңдауы. Ата заң ұлттың тірегі. Ал бүгінгі жаңғыру сол тіректі заманауи, әділетті әрі берік етуге бағытталған.
Мен бұл реформаны қолдаймын. Себебі ол бүгінгі күн үшін емес, ертеңгі ұрпақ үшін қабылданып жатыр.
Қонаров Аян, қоғамдық кеңестің мүшесі

