Әлеуметтік желілерде балаларды қауіпті әрекеттерге итермелейтін жаңа ойын пайда болды. Ойын қатысушыларға «Ата-анаңа қарсы шық!», «Үйден қашып кет!» сияқты тапсырмалар беріп, тіпті өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізуге үгіттейді. Бұл жайлы JIBEK JOLY арнасы хабарлады.
Ойын небәрі екі ай ішінде әлем бойынша 10 миллионнан астам балаға қолжетімді болды, олардың арасында қазақстандық балалар да бар. Айдана Алжанованың балалары Тиктокта жарнамасын көріп, осы ойынға кіріскен.
«Біз үшеуміз ойнап көрдік. Ойында шатырға мініп, қашу керек. Мамаң сені ұстап алмауы керек», — дейді Еркенұр Рүстем есімді бала.
Қыздардың анасы дер кезінде ойынның қауіпті екенін байқап, оны өшіріп тастады. Ол ата-аналар чаттарында бұл ойынға қатысты шу көтерілгенін айтады. Ойын әр тапсырма үшін ұпай беріп, балаларды ата-аналарына қарсы қоюға тырысады.
Қазіргі уақытта осындай қауіпті ойындарды жүктеу оп-оңай, олар ата-аналардың рұқсатын сұрамайды. Атақты «Синий кит» немесе «Тихий дом» ойындарындағыдай нақты кураторлар жоқ, бірақ жаңа тәсілдер қолданылып, әдемі графика мен музыка арқылы балаларды қызықтырады.
Балалар психологы Айдана Дұшманова мұндай ойындардың балаларға сырттан ала алмаған эмоцияларды толықтыруға мүмкіндік беретінін айтады.
ҚХА жанындағы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай мұндай ойындардың зиянды әсерін ұзақ жылдар бойы зерттеген. Ол ата-анасымен байланысы әлсіз немесе күйзелісте жүрген балалар осындай ойындардың құрбаны болатынын атап өтеді.
Мамандар қауіпті контентті бұғаттау үшін жұмыс істеп жатқанымен, мұндай сайттарды бірден жою қиынға соғады. IT сарапшы Жандос Боранбай ата-аналарға арнайы қосымшалар арқылы балалардың интернеттегі әрекеттерін бақылауды ұсынады.
Мамандар баламен ашық сөйлесу және сенімді қарым-қатынас орнату ғана қауіптен сақтанудың ең тиімді жолы екенін айтады.