«Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз.
Осыдан екі жыл бұрын елімізде «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады.
Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды.
Қазір Қазақстанда түбегейлі өзгерістер кезеңі басталды. Оны баршаңыз жақсы білесіздер.
Бәріміз бір ел болып Конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Бұл реформаның тарихи мән-мағынасы ерекше. Оның ел дамуына тигізетін ықпалы аса күшті боларына күмән жоқ.
Конституция – мемлекетіміздің болашағына бағдар болатын, ұлттық мақсат-мұратымызды айқындайтын аса маңызды құжат, темірқазық. Мұны да ақиқат ретінде бүкіл дүние жүзіндегі қауымдастық мойындап жатыр
Жаңа Конституция, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды, бұл жастарға арналған құжат десек, қате болмайды.
Елімізге жаны ашитын, яғни шын мәнінде жанашыр ұрпақ қана Қазақстанның көркеюіне мол үлес қоса алады. Еліміздің келешегі – отаншыл, жасампаз, жауапкершілігі мол жастардың қолында. Бұл да ақиқат десек, орынды болар.
Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын.
Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін.
Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын!
Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін!
Туымыз биікте желбіресін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!»
t.me/aqorda_resmi




