және спорт бөлімі» ММ-нің
«Қонаев қаласының кітапханасы» КММ
17 наурыз Шаңырақ күніне арналған «Шаңырақ шаттығы – ұлттың бақыты» атты отбасы бенефисі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт КемелұлыТоқаевтың бастамасымен 2024 жылдан бастап Наурыз мейрамы «Наурызнама» онкүндігі аясында14-23 наурыз аралығында мерекеленіп келеді. Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, береке-бірлікті нығайтуды көздейтін онкүндіктің әр күні ерекше мазмұнға ие! Отбасылық құндылықтарды ұлықтайтын 17 наурыз — Шаңырақ күніне орай Қонаев қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен 17 наурыз күні «Шаңырақ шаттығы – ұлттың бақыты» атты отбасы бенефис өтті. Шараның мақсаты шаңырақ күні аясында отбасының қоғамдағы маңызын дәріптеу, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау және ұлттық тәрбиенің негізін айқындау, берекелі шаңырақтың ел болашағының негізі екенін ұғындыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу.
Бенефиске ата-баба салтын аттамай, өнегелі тәрбие мен берекелі бірліктің үлгісін көрсетіп жүрген, шаңырағынан шаттық ескен, қаламыздың мақтанышына айналған Абышевтар, Пірмұхаметовтар және Доламбаевтар отбасылары қонақ болып келді.
Абышевтар отбасы 60 жылдан астам уақыт бойы қол ұстасып келе жатқан, өнегелі де берекелі ұстаздар әулеті. Сегізінші ондықты алқымдаса да, кітапханадан қол үзбей, білімге құштарлығын сақтаған ата мен апа бүгінде 4 баладан тараған немере-шөберелерінің ортасында мерейлі ғұмыр кешуде. Апаның Аналар кеңесіне мүше болып, отбасының түрлі байқауларға белсене қатысуы олардың қоғамдық өмірден қалмайтынын көрсетеді. Махаббат пен адалдықтың символына айналған бұл шаңырақ — кейінгі ұрпақ үшін нағыз тәрбие мектебі.
Пірмұхаметовтар отбасы — бұл отбасы ынтымағы жарасқан, ұлттық құндылықтарды берік ұстанған өнегелі шаңырақ, көп балалы отбасы, ата-аналары балаларына сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, олардың ғылымда, спортта және өнерде жетістікке жетуіне қолдау көрсетіп келеді. Қоғамдық өмірге белсене араласып, түрлі отбасылық байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүрген мерейлі жанұя.
Доламбековтар отбасы – бұл отбасы – ата-бабадан мирас болған салт-дәстүрді берік ұстанып, ұлттық тәрбиені ту еткен өнегелі жанұя. Төрт баланың әке-шешесі ретінде ұл-қыздарын мейіріммен өсіріп, үлкенді сыйлау, әділдік пен адалдық секілді асыл қасиеттерді бойларына сіңірген. Балаларының болашағы үшін аянбай еңбек етіп, бір ұлының ақындық өнерге бет бұруына да қолдау көрсетіп отырған берекелі шаңырақ.
Бенефисті Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі» ММ-нің маманы Арапова Айсұлу Серікқызы алғы сөзбен ашты. Шара барысында отбасылар туралы арнайы бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылар өздерін жан-жақты таныстырып өтті. Шара аясында отбасылық құндылықтар дәріптеліп, қатысушылар өз өнерлерін ортаға салды. Абышевтар отбасының қолөнер туындылары көздің жауын алса, Доламбаевтардың ана тақырыбындағы тебіреністі өлеңдері көпшілікті бей-жай қалдырмады. Ал кішкентай Медина Пірмұхаметованың орындауындағы «Мен бақытты баламын» әні кештің нағыз көркіне айналды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, әр шаңырақтың сырт көзге көрінбейтін сырлы да нұрлы жақтарын, олардың қоғамдағы орны мен өнегелі істерін жақын білетін жандар да қонаққа келіп, отбасылар туралы, ортақ естеліктері туралы қызыты ақпараттармен бөлісті.
Кеш соңында Қонаев қалалық кітапханасының директоры Айгүл Бегімбайқызы Ақтанованың атынан берілген арнайы естелік сыйлықтар әр отбасының мерейін асыра түсті.
Оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Ф.Мырзагалиева






