
Қонаев қаласындағы Бердібек Соқпақбаев атындағы орталық саябақ аумағында мектеп оқушыларының қатысуымен «Тәртіп пен тазалық – жарқын болашақтың кепілі» атты ауқымды қалалық фестиваль өтті. Бұл тағылымы мол шара «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын насихаттап, Таза Қазақстан экологиялық акциясы аясындағы бастамаларды қолдауға бағытталды. Фестивальге 300-ден астам оқушы қатысып, олардың шығармашылық қәбілеті мен азаматтық белсенділігін дамытуға ерекше мүмкіндік берілді. Қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткен шараға жергілікті атқарушы орган өкілдері, прокуратура және полиция қызметкерлері арнайы қатысып, жас ұрпақпен ашық диалог орнатты. Іс-шараның мазмұны да ерекше болды. Шара көрме жұмыстарын тамашалаудан басталып, салтанатты ашылу рәсімімен жалғасты. «Заң және тәртіп балалар көзімен» атты көрмеде оқушылар құқық қорғау саласының қызметін, қоғамдық тәртіптің маңызын және заңға құрметтің қоғамдағы орнын көркем түрде бейнеледі. Балалардың қиялы мен ойы арқылы жеткізілген бұл туындылар көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар, фестиваль барысында мектеп оқушылары әскери элементтер көрсетіп, өздерін қорғау дағдыларында көрермен назарына ұсынды. Бұл көріністер жас буынның тек білімді ғана емес, сонымен қатар физикалық тұрғыдан да шыныққан, тәртіпке бағынатын азамат болып қалыптасып келе жатқанын көрсетті. Ал балабақша тәрбиеленушілері табиғатты қорғауға өз үлестерін қосып, саябақ аумағына гүл отырғызды. Бұл — экологиялық тәрбиенің ерте жастан басталуының айқын көрінісі. Жүргізушілер заң мен тәртіптің маңызына тоқталып, құқықтық сауаттылық пен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың өзектілігін атап өтті. Мемлекеттік Әнұран орындалып, арнайы шақырылған қонақтарға сөз берілді. Фестиваль барысында Марат Тұрсын сөз сөйлеп, қоғамдағы тазалық пен қауіпсіздік әрбір азаматтың жеке жауапкершілігінен басталатынын атап өтті. Оның айтуынша, «таза және қауіпсіз қоғам – әрқайсымыздан басталады» деген ұстаным бүгінгі күні ерекше өзектілікке ие. Өз кезегінде Жәнібек Оразбекұлы Жақаев «Заң және тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол прокуратура мен әкімдік бірлесе отырып, оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан балабақша ұжымдарына арнайы алғыс хаттар табысталды. Алғысхаттармен «Ақдидар», «Гүлдер», «Балдәурен», «Балауса», Нұр-Бөбек» бөбекжай балабақшалары марапатталды. Ал Мөлдір Ахметжанқызы Құрманалиева өз сөзінде тәртіп пен заңға құрметтің қоғам дамуының негізгі тірегі екенін ерекше атап өтті. Оның пікірінше, заңды құрметтейтін ұрпақ – мемлекеттің жарқын болашағының кепілі. Сондықтан бұл бағыттағы тәрбиелік жұмыстар мектеп, ата-ана және қоғамның бірлескен әрекеті арқылы жүзеге асуы тиіс. Ресми бөлімнен кейін марапаттау кезеңі ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан балабақшалар алғыс хаттармен марапатталды. Сондай-ақ Өнер мектебінің «Арабеск» ансамблі бишілерінің өнері көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, балалар тәртіп пен заң тақырыбында өлеңдер оқып, патриоттық әндер шырқалды. Әсіресе, «Менің Қазақстаным»хорының орындалуы шараның рухын асқақтатты. Фестиваль соңында ұйымдастырушылар қатысушыларды «Таза Қазақстан» акциясы аясында гүл отырғызу бастамасына шақырып, табиғатты аялау – әр азаматтың міндеті екенін тағы бір мәрте еске салды. Жүргізушілердің қорытынды сөзі жастарды әділ, тәртіпті және саналы азамат болуға үндеді. Жалпы, бұл фестиваль — жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға және қоғамдағы тәртіп пен тазалықтың маңызын түсіндіруге бағытталған маңызды қадам болды. Осындай мазмұнды шаралар арқылы болашақтың саналы, заңға құрметпен қарайтын әрі табиғатты аялауды басты құндылық санайтын азаматтары тәрбиеленері сөзсіз.
Шолпан Аралқызы














