Бүгін Қазақстан халқының бірлігі күні Қонаев қаласында ерекше сән-салтанатымен, кең ауқымда аталып өтті. Айтулы мерекенің негізгі шараларының бірі облыс орталығы – Қонаев қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған «Бірлік» фестивалі болды. Бұл күн татулық пен достықтың, бірлік пен келісімнің айқын көрінісіне айналды.
Мерекелік шара таңғы уақыттан басталып, қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Фестиваль аясында ұйымдастырылған велошеру ерекше серпін берді. Оған 200-ге жуық адам – қала тұрғындары, жастар және спортшылар қатысып, салауатты өмір салтын насихаттай отырып, бірлік идеясын дәріптеді.
Орталық алаңда қолөнер шеберлерінің көрмесі мен этномәдени бірлестіктердің ұлттық бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Әр этнос өз мәдениеті мен салт-дәстүрін таныстырып, қонақтарға ұлттық тағамдар мен өнер туындыларын көрсетті. Бұл көрме көпұлтты Қазақстан халқының мәдени әртүрлілігін айшықтап, бір шаңырақ астындағы татулықтың нақты дәлелі болды.
Сахнада қойылған театрландырылған көріністер мен «Достық» сюитасы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Көркем қойылымдар арқылы халықтар достығының маңызы тереңінен ашылып, бірліктің құндылығы айқын көрсетілді. Әр түрлі ұлт өкілдерінің әндері мен билері фестиваль мазмұнын байытып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысып, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Өз сөзінде ол бұл күннің маңыздылығына ерекше тоқталды:«Бұл мереке – елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтардың бір-біріне деген құрметі мен шынайы ықыласын білдіретін ерекше күн. Бүгінде елімізде 130-дан астам этнос өкілі болса, соның 105-і Алматы облысында бірлік пен келісімде өмір сүруде. Өңіріміздегі 34 этномәдени бірлестік әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуға зор үлес қосып келеді», – деді өңір басшысы. Сонымен қатар, ол этномәдени орталықтардың, ақсақалдар мен аналар кеңесінің мүшелеріне ел бірлігі жолындағы еңбектері үшін алғыс білдірді. Мереке аясында қоғам дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Шара барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов жолдаған құттықтау хат та оқылды. Онда Алматы облысының этносаралық келісім мен татулықтың жарқын үлгісі екені ерекше атап өтілді. Хатта түрлі этнос өкілдерінің өзара сыйластық пен сенімге негізделген ортада өмір сүріп жатқаны, ел бірлігін нығайтудағы еңбектерінің жоғары бағаланатыны айтылды.
Кештің қорытынды бөлігінде мерекелік концерт ұйымдастырылып, өнерпаздар халыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әр түрлі тілде орындалған әндер мен ұлттық билер фестивальдің мазмұнын байытып, бірлік пен достықтың символына айналды.
Осылайша, Қонаев қаласының тұрғындары 1 мамыр – Бірлік күнін ерекше ықыласпен атап өтіп, оның мәні мен маңызын терең сезінді. Бұл мереке ел ішіндегі татулық пен тұрақтылықтың, өзара құрмет пен сенімнің мызғымас негізі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Шолпан АРАЛҚЫЗЫ






