Қонаев қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ол мәдениет, ақпарат, жастар саясаты және азаматтық қоғам салаларындағы негізгі бағыттарға тоқталып, нақты деректерді келтірді.
Жұмыс сапары Іле ауданындағы Нұрғиса Тілендиев атындағы мәдениет үйінен басталып, Қонаев қаласындағы кітапхана мен мәдениет нысандарын аралаумен жалғасты. Одан кейін мәдениет үйінде өткен кездесуге шамамен 200 адам қатысып, ашық форматта пікір алмасу ұйымдастырылды.
Рустам Әли өз сөзінде Қонаев қаласының дамуына тоқталып, өңірде инфрақұрылымды дамыту, тұрғын үй құрылысы, білім беру және мәдениет салаларында нақты жобалар жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Сіздердің белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз – өңірдің дамуының басты қозғаушы күші», – деді ол.
Вице-министр ақпарат саласына ерекше назар аударды. Оның мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 5 229 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген, оның ішінде 3 150 мерзімді басылым, 247 телеарна, 96 радио және 1 424 ақпарат агенттігі мен интернет ресурстар бар. Рустам Әли қазіргі жағдайда кез келген азаматтың ақпарат тарата алатынын атап өтті. «Сондықтан әрбір жарияланған ақпарат үшін жауапкершілік артады», – деді ол. Сонымен қатар ол «Масс медиа туралы» және «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңдардың қабылдануы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді. Жалған ақпарат таратқандарға 20-дан 250 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған.
Мәдениет саласына тоқталған Рустам Әли Қазақстанда ЮНЕСКО тізіміне енген 10 тарихи-мәдени ескерткіш бар екенін айтты. Алматы облысында республикалық маңызы бар 10 және жергілікті маңызы бар 799 ескерткіш тіркелген. Оның сөзінше, мәдениет саласын цифрландыру бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр: «E-museum» платформасы арқылы 275 музейдің ақпараты мен 65 мыңнан астам экспонат қолжетімді болған, ал «Е-Архив» жүйесі аясында 2 миллионнан астам құжат цифрлық форматқа көшірілген. «Цифрландыру халыққа жедел әрі сапалы ақпарат жеткізуге мүмкіндік береді», – деді вице-министр.
Сондай-ақ ол мәдени инфрақұрылымды дамыту мәселесіне тоқталып, Қонаев қаласында Қазақ драма театрының құрылысы басталғанын айтты. Жалпы ел бойынша мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын жеткізді.
Жастар саясатына қатысты Рустам Әли Қазақстанда 5,8 миллион жас бар екенін атап өтті. Алматы облысында 436 мыңнан астам жас тұрады. Оның айтуынша, соңғы жылдары NEET санатындағы жастар (оқымайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін 15-34 жас аралығындағы жастар) саны айтарлықтай азайған. «Жастарды қолдау – біздің басым бағыттарымыздың бірі», – деді ол. Вице-министр мемлекеттік бағдарламалар арқылы жастарды жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жүзеге асырылып жатқанын айтты. «Наурыз» және «Отау» бағдарламалары арқылы 12 мыңға жуық жас баспанамен қамтылған, ал Алматы облысында «Алатау жастары» бағдарламасы бойынша 125 отбасы үйлі болған.
Азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне тоқталған Рустам Әли елімізде 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелгенін жеткізді. Оның айтуынша, қоғамдық кеңестер халық пен билік арасындағы маңызды диалог алаңы ретінде қалыптасқан. «Қоғамдық кеңестер – халықтың үні», – деді ол. Сонымен қатар ол волонтерлік қозғалыстың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Көрсеткіш мынадай: бүгінде елімізде 300 мыңға жуық ерікті бар, ал «Таза Қазақстан» бастамасына 90 мыңнан астам волонтер қатысып отыр.
Кездесу барысында дін саласындағы ахуал да қозғалды. Рустам Әли экстремистік мазмұндағы материалдардың таралуына қарсы жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. «Жыл басынан бері 3 мыңнан астам деструктивті материал бұғатталды», – деді ол. Сонымен қатар еліміз бойынша 228 ақпараттық-түсіндіру тобы жұмыс істейтінін және олар 17 мыңнан астам іс-шара өткізіп, 500 мыңға жуық адамды қамтығанын жеткізді.
Кездесу соңында тұрғындар бірқатар нақты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Алатау қаласында мәдениет үйінің жетіспеушілігі, Талғар қаласында мұражайлардыңжоқтығы, сондай-ақ спорт нысандарының тозып, жөндеуді қажет ететіні айтылды. Барлық сұрақтарға толықтай жауап берген Рустам Әли мырза әрі қарай азаматтарға жеке қабылдау өткізді.
Жеке қабылдауда көтерілген негізгі мәселелердің қатарында мәдени және спорттық нысандарды қалпына келтіру, штабқа қатысты түйткілдер айтылды. Вице-министр бұл мәселелердің барлығы жергілікті атқарушы органдардың құзыреті аясында шешілуі тиіс екенін жеткізді.
Сонымен қатар тағы бір маңызды мәселе – ақпараттың жеткіліксіздігі болды. Бұл тұрғындардың өзекті сұрақтарға дер кезінде жауап ала алмауын білдіреді. Яғни, қандай жоба қолға алынғаны, оған қаражат бөлінген-бөлінбегені, жобаның қай кезеңде тұрғаны туралы мәліметтер халыққа уақытылы әрі толық жеткізілмейді.
Осыған байланысты Рустам Әли ауылдық округ тұрғындарымен, қоғам белсенділерімен, үкіметтік емес ұйымдармен және этнос өкілдері бірлестіктерімен жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осындай тұрақты байланыс орнатылған жағдайда тұрғындар барлық өзгерістер мен жоспарлар туралы дер кезінде хабардар болып отырар еді.
НазеркеИнақынова

