23 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні кітапханашылардың кәсіби мерекесімен тұспа-тұс келіп, еліміздің рухани өміріндегі жаңа белесті тағы бір мәрте айқындап берді. Осыған орай Қонаев қалалық Қасым Қайсенов атындағы №4 орта мектепте «Ақын, сазгер және кітапхана» әдеби-сазды кеш өтті. Рухани кешке облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Төлеужан Ғұмар, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Ержан Тоқтар, қалалық білім бөлімінің бас маманы Айдана Аманжол және жергілікті қаламгерлер қатысты.
Кітапханашылар мен қаламгерлер арасында байланыс орнату мақсатындағы шараны ашқан Ержан Тоқтар мен Айдана Аманжол жиналғандарды Ұлттық кітап күнімен құттықтап, аталған білім ордасының мұғалімі, сазгер Жанатбек Рахымжанұлының жергілікті ақындардың сөзіне жазылған «Қапшағай толқындары-2» атты балаларға арналған ән жинағының тұсаукесер рәсімін жасады.
Кешке жиналғандарды мерекемен құттықтаған Төлеужан Нүсіпжанұлы кітап оқудан жалықпауға үндесе, ақын Берік Баилов өзін кітап оқуға және өнерге баулыған ұстазы Гүлстан апайын әлі күнге дейін есінен шығармайтынын айтты. Сонымен қатар Қазақ журналистикасының қайраткері, жазушы Зарыққан Есілбаев Балқаш аудандық «Балқаш еңбеккері» газетінде жұмыс істеп жүргенде 1992 жылы 8 қаңтар күні Бақанас ауылында өткен Дінмұхамед Қонаевтың 80 жылдық мерейтойында ұлы адамнан сұхбат құрып, қолтаңба алғаны жайлы әңгімелей келе, 2020 жылы «Дінмұхамед Қонаев және Балқаш елі»кітабына архивтік деректерді қалай жинақтағаны жайлы айтып берді.
– «Ақкөл көтерілісінің ақиқаты» атты кітабымды 30 жыл бойы жазуыма тура келді. 1986 жылы көнекөз қариялармен сұхбаттасып, Ақкөл көтерілісі жайлы зерттеу жұмысын жүргізе бастаған тұста газетке мақала жариялаған едім. Сол кезде Балқаш аудандық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы кабинетіне шақырып алып, аталған көтеріліс туралы айтуға да, жазуға болмайтынын қатаң ескертіп, ол жайында ешкімге тіс жармайтыным жөнінде қолхат жаздырып алды. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін 1992 жылы зертеуімді әрі қарай жалғастырдым. Бұл кітапты жазып шығу маған өте қиынға соқты. Көтерілісшілердің және аштықтың тауқыметін тартқан ата-әжелеріміздің тағдыры жайлы жазған кезімде көзімнен жас тамып отырды. Сонымен бірге «Іле-Балқаштың тұңғыш болысы» кітабын жазу үшін екі жылға жуық архивте тапжылмай отырып деректер жинақтадым. Жалпы, менің кітаптарымның көпшілігі архив материалдарына сүйеніп жазылған,-деп Зарыққан Әбілқасымұлы аталған екі кітабын білім ордасының кітапханасына сыйға ұсынды.
Ақын Бижамал Тұрсынқызы өзінің өлең арқылы қала басшыларына сөзін өткізгеніне бірнеше мысал келтірді. Ақын Ізтілеу Тойшыбайұлы әуесқой спортшы әрі жанкүйер екенін айта келе, бірнеше кітабын мектеп ұжымына табыс етті. Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Алтыншаш Жақиянова өскелең ұрпақ үшін 20-дан астам кітап шығарғанын, көз майын тауысып жазған туындыларын мектеп оқушыларының да оқитынына сенімді екенін жеткізді. Өзге әріптестері секілді кітабын тарту етпейтінін, бірақ оқуға кеңес беретінін айтты.
Ақын-жазушылар мен оқушылар арасындағы сұрақ-жауаптан кейін «Қаламгер қазынасы» атты кітап көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Бұл көрмеде қонақ авторлардың шығармалары қойылып, әр кітапқа қысқаша мәлімет берілгенін айта кеткен жөн. Сахна төрінде қаланың әр мектебінен келген оқушылар кешке қатысқан ақындардың өлеңдерін жатқа оқып, поэзия әлемінің шымылдығын желпіді. .
Назгүл НҰРСЕЙІТ,
ҚазақстанЖурналистер одағының мүшесі.

