Отан тыныштығы – ерлердің ерлігі

Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінің 34 жылдығына орай Алматы облысында Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шара өтті. Әскери бөлімдерде ұйымдастырылған кездесулер, мерекелік жиындар мен спорттық жарыстар ел қорғаушыларға деген құрметтің айқын көрінісіне айналды. Бұл мереке әскери борышқа адалдықтың, ерліктің және патриотизмнің символы ретінде сарбаздар мен ардагерлердің басын қосты.

Мерекелік бағдарлама 58012 әскери инженерлік-саперлік бөлімінде басталды. Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов әскери техникалармен, инженерлік құралдармен және сарбаздардың қызмет ету жағдайымен танысты. Қонақтарға кинологиялық қызметтің көрсетілімдері ұсынылып, қызметтік иттер қауіпті және тыйым салынған заттарды анықтау шеберліктерін көрсетті. Сонымен қатар әскери қызметкерлер тактикалық және жауынгерлік дайындық элементтерін паш етті. Әскери бөлім аумағында заманауи инженерлік техника, минасыздандыру құрылғылары мен арнайы жабдықтар таныстырылды. Сарбаздарға арналған модульдік казармаларда барлық қажетті жағдай жасалғанын да байқауға болады. Онда бейнебақылау жүйелері, спорт және кітап оқу бұрыштары, тұрмыстық бөлмелер қарастырылғаны көз қуантты. Әскери бөлім командирі, подполковник Қанат Танирбергенов бөлімнің күнделікті тыныс-тіршілігі, жауынгерлік даярлық деңгейі және инженерлік-саперлік бөлімдердің міндеттері туралы айтып өтті. Ол жастарды патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызын ерекше атап өтті.

– Біздің бөлімге келгісі келетін жас сарбаздар көп. Әрбір офицер мен сержант өз ісінің маманы. Көптеген әскери қызметкерлер шет аудандарда әскери миссиясын атқаруда. Әскерден кейін ата-аналар балаларының жақсыжаққаөзгергенін айтып алғыстарын білдіреді. Себебі әскер адамды шыңдап қана қоймай, Отанға, отбасыға деген жауапкершілікті де қалыптастырады, – деді Қанат Танирбергенов.

Мерекелік іс-шара Қонаев қаласындағы Мәдениет үйінде жалғасты. Онда Қарулы күштердің ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметкерлер мен тұрғындар жиналды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев қатысып, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің атынан құттықтауын жеткізді.

—Қазақ халқы ежелден ерлік пен елдікті ту еткен. Бүгін бейбіт өмір қарулы күштер құқық қорғау органдары және тағы басқа татулық пен бірлікті ту еткен барша халықтың бір мақсат жолында еңбегінің нәтижесі ел тыныштығын күзеткен азаматтардың табандылығы мен мемлекеттің тұрақтылығы және қауіпсіздігінің бүгінгі кепілі.  Сондықтан бүгін елін жерін қорғауды қасиетті парыз санаған ер азаматтардың айбынды рухын асқақтатып әскери антқа адалдық пен отанға деген шексіз сүйіспеншілігін жарқын көрінісіне айналған бейбіт өмірдің қадірін терең ұғындырып ел тыныштығын ата заңымыз бен мемлекетіміздің тәуелсіздігін аумақтың тұтастығын қорғауға әрбір азаматтың қасиетті борышы ретінде айқындалған. Бұл ұстаным елге адалдық пен туған жерге сүйіспеншілікті нығайтатын басты құндылық ағайын. Құрметті қауым баршаңызды өздеріңіздің алдыларыңызға келіп осы айтулы мерекемен құттықтау біз үшін үлкен бақыт. Мемлекет басшысы жоғарғы қолбасшы ретінде елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қарулы күштердің әлеуетін арттыруға және әскери қызметтің беделін көтеруге ерекше мән беруде. Бүгінде армия заманауи талаптарға сай жаңартылып әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда

Облыста жыл сайын 3,5 мыңнан астам жас азамат әскер қатарына шақырылады. Биыл көктемде 1,7 мың жас сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Сонымен қатар өңір мектептерінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы аясында 87 сынып пен 40 клуб жұмыс істейді. Бұл ұйымдарда үш мыңнан астам оқушы тәрбиеленуде.

Шара барысында үздік әскери қызметкерлер мен ардагерлерге марапаттар мен алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, өнер ұжымдары патриоттық әндер орындады.

Осылайша Қонаев қаласындағы мерекелік іс-шаралар ел қорғандарының еңбегін дәріптеп қана қоймай, жастардың бойында патриоттық рухты нығайтуға бағытталып, Отан үшін деп еңбек етіп жүрген жандарға керемет көңіл-күй сыйлады.

Шолпан Аралқызы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke