Семей  ядролық полигоны жабылуының 35 жылдығы қарсаңында

РАКЕТА ТАСЫҒЫШТАРЫНЫҢ ҚАЛАЙ

ЖОЙЫЛҒАНЫН КӨРДІМ

28 қазан 1989 жыл. Бұл күн менің есімнен ұмытылмастай сақталып қалды. Сол күні мені Талдықорған қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Асылбеков Менисов шақырып жатыр деген соң, айтқан уақытында қабылдауында болдым. Ол кезде қалалық ауруханасында бас дәрігердің шаруашылық жөніндегі орынбасары болып жұмыс істейтінмін

-Сені шақырған себебім, қазір қалалық аурухананың бас дәрігері Шәйкен Ахметжановқа барып жолық. Ол саған барлық мән-жайды түсіндіреді,-деді қысқа да, нұсқа да тапсырма беріп. ”Бұл  қандай тығыз шаруа болды екен?” деген оймен бас дәрігерден сұрағанымда ол “Жедел жәрдем машинасының жаңасын және екі дәрігер мен екі мейірбикені қасыңа алып, Сарыөзекке барасың. Іс-шара біткенше солардың қасында боласың. Егер төтенше жағдай туындай қалса, алдымен маған хабар беретін бол. Рацияң үнемі қасыңда болсын”,-деп ол да сөзін қысқа қайырды.

Сағат таңертеңгі 11-де өрт сөндірушілермен бірге жолға шықтық. Алдымызда жол көрсетушілер келе жатты. Көп ұзамай біздің алдымызға әскери адамдар тиелген машиналар шыға бастады. Олармен бірге Желдіқаратауына қарай бет алдық. Қазіргі Сарыөзекке бұрылар жердегі терминалға жетпей, тауды жағалап күн батысқа қарай 7- 8 шақырым жүргеннен кейін машиналар сол жаққа бұрыла бастады. Біз мінген көлікті алдыға шығарды да, соңымыздан басқа көліктер ілесті. Таудың екінші бетіне жеткенімізде алдымыздан қаз-қатар тігілген киіз үйлер мен палаткалар көрінді.

Шлагбаум алдында біраз кідірістен кейін біздер, бейбітшілікті қорғау жолындағы ұйымдардың экологиялық апаттан арылтуды көздейтін ынталы серіктестіктердің өкілдері керуеніне ілесіп полигонның ішіне ендік. Рас болса, бұл шлагбаум жарылыстарды көлденең көзден құпия ету емес, оқыс оқиғаларды  болдырмау мақсатын көздейді екен. Полигонның ашылғанына бір жылдан бір ай ғана мерзім өтіпті. Оған дейін бұл жер Киров ауданы Ленин атындағы совхоздың жайылымы болыпты.

Дәл осы жерде бір жылдан астам уақыт аптасына 5 рет түс мезгілінде жер дүниені жарылыстар жаңғырықтырып жатыпты. Осы жерде Семей полигонынан әкелінген 1268 ракета жойылыпты. Алғашында төрттен жарылған ракеталар кейін алтыдан жарылыпты. Сөйтіп, көзделген он сегіз айдың орнына 13 айда ракетатасығыштар жойылған. Соңғыларын 28 қазанда жару жоспарланыпты. Бізге жол бастап келе жатқан әскери адам осылайша қысқаша түсініктеме беріп, алдағы болатын іс-шараның жай-жапсарын құлаққағыс етті. Сонда ғана барып мен бас дәрігердің дәрігерлер мен мейірбикелерді жаныма қосып не мақсатта жібергенін түйсінгендей болдым.

Діттеген жерге жеткенімізде мұндағы адамдардың қарасының молдығын  және шетел азаматтары мен асай-мүсейлерін асынған телевидение журналистерінің көптігін байқадым. Үлкен маңызды айтулы шара болатындығы айтпай-ақ көрініп тұрды. Қаз-қатар қойылған үстелдерде неше түрлі азық-түліктер мен сусындар, “Қазақстан” темекілері көздің жауын алады. Одан әріректе әдемілеп жасалған мінбер жасалыпты. Радио рупордан бірнеше тілде хабарлама үздіксіз айтылып жатты. 

Баспасөз конференциясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің “Ракеталарды жою айналадағы адамдарға зияны болмай ма?” деген сұрағына КСРО Қорғаныс министрлігі Қысқа қашықтағы ракеталарды жою орталығының бастығы полковник С.Петренко жауап берді.

-Бұл жерде ракеталардың екі түрі жойылды. Алғашқы ОТР-22 ракеталары екі сатыдан тұратын, оның отыны көп болатын. Ал қазіргі ОТР-23 ракеталары бір ғана сатылы болғандықтан алты-алтыдан жару мүмкін деп таптық,-деп жауап берді.

-Осы жерді ракеталар жоятын полигонға пайдалану жөнінде әскери ведомствомен жергілікті өкімет органының арасында шарт бар ма?-деп сауал қойған тілшіге. -Бар,-деді полковник.

-Шартта көзделген ракеталар жойылып бітті, Ал полигонның ендігі тағдыры не болады?-деді тағы бір журналист.

-Орталық сақталады. Өйткені, ол Қорғаныс министрлігінің тарихында алғаш құрылып отыр және кейін басқа типтегі ракеталарды жоюға кірісуі мүмкін,-деп жауап қайтарды.

“Сарыбұлақ” совхозының тұрғыны, соғыс ардагері Әбілбеков деген ақсақал: халық ішінде бас ауру көбейіп кеткенін, жас балалар жиі шетінеп жатқанын және түсік тастау көбейіп отырғанын сөз етті. Ол өзімен бірге “полигон жабылсын” деп қол қойылған петиция ала келіпті. Көлемі кіші-гірім дастарқандай болатын бұл қағазға сол ауылдың еңкейген кәрісінен, еңбектеген баласына дейін қол қойған екен. 

Полигонды жабу жөніндегі әңгімені Советтік бейбітшілікті қорғау комитетінің сарапшылары А.Изюмовпен Е.Ботяркин де айтты. Ал, Талдықорған қаласындағы “Жетісу” ынталы экологиялық ассоциациясының төрағасы Камал Әбдірахманов ракеталарды жою ойластырылмай бей-берекет жүргізілді деп есептейді. Аптасына бес күн бойы үздіксіз жару төңіректегі тұрғындарға өте қолайсыз әсер еткен.

Соңғы ракеталарды жару сәтіне арнайы келген Америка Құрама Штаттарындағы “Совет-американ бейбітшілік шеруі” қоғамдық қозғалысының өкілі Энтони Рисс Құрама Штаттарда ракеталарды жою үшін таңдалатын жер көпшіліктің, әсіресе, сол штаттың тұрғындарының келісімінен кейін жүзеге асырылатынын айтты. Америка Құрама Штаттары бақылаушылар тобының жетекшісі, әскери-теңіз күштерінің 1-рангалы капитаны Джон Чарлз Уильямс: “Мен осындағы ең алғашқы тобының жойылуын қадағалайтын инспектор болдым. Содан қайтып кеткем. Енді міне, соңғы ракеталардың жойылуын да өзім бақылап отырмын,-деді.

Конференция аяқталған соң 66 көлігіне көп адамдарды отырғызып, 3-4 шақырым жердегі бір беті биік, екіншісі аласалау тау қойнауына алып келді. Бізді әскери адамдар қарсы алып, тереңдігі 4-5 метрдей терең қазылған шұңқырлардың қасында  тізіле орналасқан  ракеталарды көрсетті.  Батысқа  “СС-23” деген атпен мәлім болған қаһарлы ракеталардың ең ұштары негізгі денесінен бөлек қойылыпты. Екі ортасындағы ядролық заряд алынып тасталған екен. 

Ұзындығы 3 метрдей ракетатасығыштарды шұңқырға төрт-төрттен үш қатарлап түсіріп болғанан кейін “Сіздер бүгін тарихи сәттің куәсі боласыздар. Бұл жарылыстан ешкімге ешқандай қауіп-қатер төнбейді. Адам ағзасына келіп кетер зияны жоқ. Сондықтан қорықпауларыңызға болады”,-деді сол жердегі іс барысын қадағалап жүрген әскери адам. 

Осы кезде ұли шыққан дабыл естілді. “Ракеталардың жойылуына 15 минут қалды. Барлықтарыңыздан сақтық шараларын қатаң сақтауларыңызды сұраймыз. Бастарыңызды төмен түсіріп, құлақтарыңызды басып жатыңыздар” деген ескерту хабарлама бірнеше тілде қайталанып жатты. Келушілер көп болған соң арнайы салынған бақылау пунктіне тек қонақтар ғана жіберілді де, қалғанымыз таудың басына шығып, тау-тастың арасына бүк түсіп жата-жата кеттік. Ақырғы секундтар өткенде, құлақты жарып жіберерліктей шаққан қатты дыбыс денемді тітіркендіріп жіберді. Басымды көтеріп атылған ракеталар жаққа қарадым. Алаңқайда алып жалқын шар пайда болды да, ол біршама биіктікке көтеріліп бұлтқа тірелгенде,  оттай жарқыраған саңырауқұлақ пайда болды да, біраздан кейін келіп жерге түсті. Отты шардың жан-жағынан мың-мыңдаған қып-қызыл шоқтар шашырап жатты. Бұл ракеталардың қызған темір сынықтары еді. 

Баяу желмен аспанға көтерілген 3 вертолет жарылыстан көтерілген тұман бұлттың соңынан айнала ұшып, арнайы құрал-жабдықтармен тексеріп, оның адамдардың  ағзасына ешқандай зиянының жоқтығын хабарлап жатты. Біраздан соң соққан жел күшейе түсіп, аспан төрін шайдай ашық қылып жіберді. Тау жақтантөменге түскен жас жігіттер көлемі төрт сантиметрдей ұсақ темір сынықтарын  жинап алып жатты. Мен де 5-6-уын қағазға орап қалтама салып алдым.  

Үйге келген соң әйеліме “Мынаны балалар ұстап жүрмесін” деп ескертіп, тығып қойдым. Ертеңінде түскі үзілісте үйге жақындағанымда, есік алдындағы арықтың тасасында отырған ұлым Қанатты көрдім. Ол жапырақ пен үгінді қоқымдарын тұтатып, соған қарап ағаштың қасында отыр екен. Жақындай келе оттан өткір иісті сездім. Сөйтсем ұлым менің тығып қойған ракеталардың сынықтарын тауып алып, соны отқа жағып отырған беті екен. Жүрегім зу ете түсті. Баламды қуып жібердім де, отты күлі қалғанша жағып, жерге көміп тастадым. 

Семей полигонын жабу осылайша қолға алынып, одан кейін кезең-кезеңімен  көптеген жұмыстардың атқарылғаны елге мәлім. Полигонның жабылғанына 35 жыл өтіпті. Бірақ оның зардабы мен залалы толық жойылды деп айту әлі ерте. Радиациядан уланған Қазақтың ұлы даласы толықтай тазаруы үшін алда қанша жыл қажет екендігін ғалымдар да толықтай ұйғарымға келе қойған жоқ.   

Бауыржан НҰҚАЕВ,

                                                                               Қонаев қаласы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke