Цифрландыру қазіргі заманғы әлемде кез келген мемлекеттің дамуының негізгі қозғалтқышына айналуда. Қазақстанның президенті жыл сайынғы жолдауларында цифрландыруды елдің өркендеуінің маңызды бағыты ретінде атап өтіп, оны ұлттық деңгейдегі басымдық деп айқындап келеді. Бұл бағыттың өзектілігі уақыт өткен сайын арта түсуде, өйткені технологиялар қоғамның барлық салаларына еніп, экономикалық өсім мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етуде.
Алматы облысы цифрлық жаңғыру үрдісіне белсенді түрде қосылып, бұл салада елеулі табыстарға жетуде. Бүгінде облыста IT саласында 246 компания жұмыс істейді, олардың қызметі аймақтың ақпараттық және байланыс салаларындағы нақты көлем индексінің тұрақты өсімін қамтамасыз етуде. Мысалы, 2023 жылы бұл көрсеткіш 111%-ды құраса, 2024 жылдың алғашқы жартысында ол 124%-ға жетіп, облыс бюджетіне 1 миллиард теңге көлемінде кіріс әкелді. Бұл цифрлар тек экономикалық өсімнің айқын көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге аймақтағы технологиялық дамудың жоғары қарқынын аңғартады.
Цифрлық технологиялар басқармасы өңірде маңызды жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, Қонаев қаласында «109 – бірыңғай байланыс орталығы» жобасы іске қосылды. Бұл жоба цифрлық трансформацияның қоғам өміріндегі нақты көрінісі болды. Жоба тұрғындардың өтініштерін қабылдап, коммуналдық және шұғыл қызметтердің жұмысын үйлестіруді қамтамасыз етеді. Орталыққа келіп түскен 9118 қоңыраудың 9033 мәселесі шешімін тапты. Бұл цифрлардың артында тек статистика ғана емес, нақты адамдардың өмір сүру жағдайының жақсаруы, олардың мәселелерін жедел әрі тиімді шешу мүмкіндігі тұр. Мұндай бастамалар цифрландырудың қоғамға тигізетін нақты пайдасын көрсетеді.
Жастар арасында инновациялық ойлауды дамыту мақсатында аймақта Астана Hub филиалы болып табылатын «Алатау Hub» орталығы ашылды. Бұл орталық жас стартаперлерге, инвесторларға, тәлімгерлерге өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, аймақтың IT саласын дамытуға елеулі үлес қосуда. Мұнда өткізіліп жатқан Aqyl Battle, IT Quiz, Workshop сияқты іс-шаралар жастарды ынталандырып, олардың технологияға деген қызығушылығын арттыруда. Инновациялық ойлауды қолдау арқылы өңірде жаңа идеялар мен шешімдер пайда болып, бұл өз кезегінде облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін бермек.
Білім беру саласына цифрландырудың әсері де айтарлықтай маңызды. Оқушылар арасында IT жобалар бойынша конкурстар өткізіліп, робототехника мен бағдарламалау бойынша фестивальдер ұйымдастырылуда. Бұл шаралар тек оқушыларды ғылым мен техникаға тарту ғана емес, сонымен бірге болашақ IT мамандарын даярлауға бағытталған. Жоғары білім беру деңгейінде де цифрландырудың рөлі арта түсуде. Мәселен, Сүлеймен Демирель атындағы университеттің ректорлық гранттары облыстың үздік оқушыларына беріліп, IT саласында жаңа таланттарды тәрбиелеуге жағдай жасалуда.
Интернет инфрақұрылымын дамыту да облыс үшін маңызды бағыттардың бірі. Бүгінгі таңда облыстағы 368 ауылдық елді мекеннің 344-і кең жолақты интернетпен қамтылған. Бұл ауылдық аймақтарда цифрлық теңсіздікті жоюға бағытталған үлкен қадам болып табылады. Интернетке қолжетімділікті арттыру білім беру, денсаулық сақтау, мемлекеттік қызметтерді көрсету сияқты салаларда үлкен мүмкіндіктер ашады. Мысалы, пилоттық жоба ретінде Starlink спутниктік интернеті 73 ауыл мектебіне орнатылып, оқушыларға жоғары жылдамдықтағы интернет арқылы білім алуға мүмкіндік жасалды. Бұл жобалар өңірдегі цифрлық инфрақұрылымды нығайтып, ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ашуда.
Облыстағы жоғары жылдамдықтағы интернетті дамыту шараларының ішінде шағын байланыс операторларының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ерекше орын алады. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-мен шағын байланыс операторларына электр беру желілерін пайдалану мүмкіндігін беру туралы келісімге қол жеткізілді. Бұл облыстағы 134 елді мекенге талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізуге мүмкіндік беріп, цифрлық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етті. Сонымен қатар, бұл саладағы бәсекелестіктің өсуі интернет қызметтерінің сапасын жақсартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Қонаев қаласында «Freedom Telecom» ЖШС 65 әлеуметтік нысанды жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 104 км талшықты-оптикалық байланыс желілерін жүргізді. Мұндай бастамалар цифрландырудың әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді, өйткені интернетке қолжетімділік білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында үлкен серпін береді.
Цифрландыру процесі тек экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан ғана емес, сонымен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де маңызды рөл атқарады. Облыста жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық орындардағы қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар цифрлық технологиялардың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қалай ықпал ететінін көрсетеді.
Жалпы, Алматы облысының цифрландыруға бағытталған бұл қадамдары қоғамның барлық салаларында оң әсерін тигізіп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Алдағы уақытта цифрлық технологиялар арқылы өңірдің дамуы одан әрі жалғасып, цифрлық теңсіздікті жою, инновациялық идеяларды қолдау және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында жаңа жобалар іске асырылатын болады. Цифрландырудың осындай кең ауқымды шаралары Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған елдердің қатарына қосуға ықпал етері сөзсіз.
Нұрлы өлке газеті