Қызылордалық дәрігер асқазаны жыртылған онкүндік сәбидің өмірін сақтап қалды. Облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімінің меңгерушісі Болат Махамбетияров Massaget.kz тілшісіне еңбек жолындағы ерекше оқиғалар жайында айтып берді.
«Жұмысты енді бастаған жыл. Ол кезде көпбейінді облыстық ауруханадамын. Бөлім меңгерушісі кезекті еңбек демалысына кеткен. Аға буын хирург Хамза Байкөбеков ауруханада жатыр. Бөлімшеде одан кейінгі үлкені – өзім. Бірде «некротикалық энтероколит, қуысты мүше перфорациясы» диагнозымен он-ақ күн бұрын дүниеге келген нәресте түсті. Ревизия жасау кезінде асқазаны тесілгенін анықтадық. Онда да жай ғана тесілмеген, жартысы жыртылған, қабырғалары папирос қағазы тәрізді жұқарып кеткен. Асқазанды қалай орнына келтіреміз деп абдырып қалдым. Амал жоқ, Хамза ағамызды ауырып жатқан жерінен шақырттық. Абырой болғанда асқазанның сау бөліктерінен ағзаны қалыптастырып берді. Сол нәрестені екі апта тиянақты бақылап, емдедік. Аман-есен жазылып шықты», — деді ол.
Операция блогында күніне 22-24 бала өмір мен өлім арасындағы сынаққа түседі. Кейіпкеріміз неонаталды хиург болғандықтан күні кеше туған нәрестеден бастап екі айлық сәбиге дейін алдынан өтеді. Ең кішкентай пациенті салмағы 630 келі тартатын «шалабай» екен.
«Әрбір операцияның алдында қорқыныш болады. Өйткені адам ағзасы біркелкі емес. Өзіне тән ерекшеліктері бар. Қандай жағдаймен бетпе-бет келетінімізді білмейміз. «Өңеш атрезиясы» диагнозымен мерзімінен бұрын дүниеге келген 1,5 келілік бала түсті. Ауыз бар, бірақ асқазанмен байланыс жоқ. Ата-анасына мұның күрделі патология екенін, одан кейде балалар шетінеп кетуі мүмкін екенін ескерттік. Операция жасар алдында әжесі бастаған туыстары келді де мән-жайды сұрамастан «біз сізді танимыз, сізге сенеміз» деді. Бар айтқаны – осы. Не істерімді білмей абдырап қалдым. Құдайға шүкір, сенімдерін ақтап, баланы аман алып қалдық», — деді Болат Махамбетияров.
Хирург ата-аналармен бірге көз жасына ерік беретін кездер болып тұратынын, кішкентай пациенттен айырылып қалғанда қалай күйзелетінін жеткізді.
«Хал үстінде жатқан баласының жаны қиналғанын көргісі келмей, арнайы аппараттан ажыратуды сұраған ата-аналар кездесті. Сондайда мен «өзіңіз кіріп, тоқтан ажыратыңыз» деймін. «Біздің қолымыз бармайды, олай істей алмаймыз» дейді баланың жақыны. Сонда бізге оңай дей ме екен?! Дәрігерлер кейбіреулер ойлағандай қатігез, мейірімсіз емес. Біздің міндетіміз – адамды ажалдан арашалау. Соңына дейін күресеміз. Кез келген салада маман жетістікке жеткісі келеді, рас қой. Біз үшін операция сәтті шығып, пациент қатарға қосылса, сол – ең үлкен жетістік», — деді дәрігер.
Кейіпкеріміз әлеуметтік желіде белсенді. Қарбаластың арасында уақыт тауып, сүйікті ісінің қыр-сырын халыққа жеткізіп отырады.
«Біздің жұмысымызды түсінбей ілік іздеп тұратындар арагідік болса да кездеседі. Қыруар тірлік көрінбей тасада қалып жатыр. Былтыр хирургия бөлімінде 5 мыңдай науқас ем қабылдаса, соның 4200-ге жуығына операция жасалды. Оның сыртында қандай еңбек барын көрсеткім келіп, әлеуметтік желіге жазып, жаяриялай бастадым. Екіншіден, медицина мамандары өз парақшаларын көбіне орыс тілінде жүргізеді. Қазақша ойлап, қазақ тілінде жазатын дәрігерлер де бар, олардың да озық ойлы екенін көрсеткім келді», — деді Болат Махамбетияров.
Назерке САНИЯЗОВА,
Қызылорда облысы