«ҚАМҚОР ЖҮРЕК» ҚБ ЕҢБЕК ҰЖЫМЫМЕН КЕЗДЕСУДЕ ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР АЗАМАТТАРДЫ ҚОЛДАУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қонаев қаласындағы «Қамқор Жүрек» қоғамдық бірлестігінде «Әділет» партиясының сайлауалды штаб мүшелері еңбек ұжымымен кездесті. Кездесу барысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау, олардың қоғамға бейімделуі, әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру және инклюзивті ортаны дамыту мәселелері талқыланды.

«Қамқор Жүрек» қоғамдық бірлестігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетіп, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға, қоғамдық өмірге белсенді араласуына және әлеуметтік бейімделуіне бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

«Біздің мақсатымыз – ерекше қажеттіліктері бар азаматтармен күнделікті жұмыс істейтін мамандардың пікірін тыңдап, олардың ұсыныстары мен өзекті мәселелерін назарға алу. Инклюзивті қоғам құру – әрбір азаматтың тең мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз етуден басталады», – деді Данияр Қасқарауов.

Жүздесу барысында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды әлеуметтік қолдау тетіктерін жетілдіру, оңалту қызметтерінің қолжетімділігін арттыру, инклюзивті білім беру мен жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, сондай-ақ қоғамдық ұйымдардың қызметін қолдау мәселелері көтерілді.

Қоғамдық бірлестік қызметкерлері ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың өмір сапасын жақсарту, шығармашылық және әлеуметтік жобаларды дамыту, материалдық-техникалық базаны нығайту, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара ынтымақтастықты күшейту жөнінде өз ұсыныстарын жеткізді.

«Әрбір азамат қоғамның толыққанды мүшесі ретінде өз әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік алуы тиіс. Ерекше қажеттіліктері бар жандарға қолайлы орта қалыптастыру, олардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау көрсету – ортақ міндетіміз. Бұл бағыттағы ұсыныстар алдағы жұмыстарымызда ескерілетін болады», – деді Жанарбек Әшімжанов.

Кездесу ашық диалог форматында өтті. Қатысушылар ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды күшейту, инклюзивті ортаны дамыту және қоғамдық ұйымдардың қызметін қолдау бағытында пікір алмасты.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke