Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – қазақ халқының рухани және мәдени қазынасы. Оның ілімі мен тағылымы өткен тарих қана емес, бүгінгі ұрпақтың бағыт-бағдарын айқындайтын рухани арна. Ясауи мұрасы қазіргі қоғамда жалпы адамзаттық құндылықтарды жаңғыртуда, ұлттық сананы қалыптастыруда, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеуде үлкен рөл атқарады. Бүгінгі таңда оған Қазақстанда ғана емес, бүкіл түркі әлемінде сұраныс артып келеді. Киелі Түркістан қаласында өткен Халықаралық Симпозиум соның айғағы. 15 елден келген 100-ге жуық ғалымдардың пікірсайыс алаңы Ясауи бабамыздың мұрасын жан-жақты ашуға тағы бір серпін берді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ұйымдастыруымен әлемнің 15 елінен келген ғалымдар Ясауи мұрасын филологиялық, археологиялық, қолжазба деректері негізінде жан-жақты талқылап, ғылыми қызу пікірталас алаңы болды. Екі күн болған Симпозиумда АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Үндістан, Иран, Түркия секілді елдердің белді ғалымдары Ясауи идеяларының əлеуетін жəне оларды қазіргі əлемдегі мəдениетаралық диалогты нығайтуда қолдану жолдарын талдады.
Ясауи мұрасының бүгінгі қоғамға тигізетін әсері өте зор. Бүгінгі жастар үшін Ясауи мұрасын жаңғырту – рухани байлық пен мәдени құндылықтарды сақтау ғана емес, адамзаттың ішкі дүниесін жаңғыртуға, ұлттық болмысты терең түсінуге, рухани кемелденуге жасалған маңызды қадам. Қоғамдағы адамгершілік құндылықтарының жоғалуы, өзекті мәселелердің көтерілуі Ясауи сынды қайраткерлердің мұрасы мен өнегелі өмір жолын қайта қарау қажеттілігін туғызады. Осы орайда Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы жанынан құрылған Ясауитану ғылыми орталығы қазіргі таңда жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді қолға алды. Симпозиум барысында халықаралық байланыстар жасалып, әлемдік деңгейдегі бірнеше ғылыми-зерттеу орталықтарымен Ясауи мұрасын зерттеу бойынша ынтымақтастық Меморандумдары түзілді. Ортақ қолжазбалар және сирек кітаптарды бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар археографиялық және эпиграфиялық зерттеулерді, цифрлық деректер мен архивтік құжаттарды жүйелеу жұмыстары атқарылады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Қабірхана бөлмесінің есігі төрт жылдық реставрациялық жөндеу жұмыстарынан кейін Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығының «Сирек жәдігерлер» бөліміне орналастырылды. 600 жылдан астам тарихы бар бұл құнды жәдігердің маңызы өте зор болып отыр. Орталық басшысы, мәтінтанушы Сайпулла Моллақанағатұлы XIV ғасырда жасалған ағаш есіктегі бұрын ғылыми айналымға енгізілмеген, аса маңызды эпиграфиялық жазуды анықтады. Бұл жазуда Қожа Ахмет Ясауидің есімі нақты әрі айқын түрде жазылған екен. Мұндай дерек – сопылық мұраны зерттеу мен тарихи тұлғаның кесенедегі орнына байланысты бұрынғы болжамдар мен жорамалдарды нақты тарихи мәтін арқылы айқындайтын, Қожа Ахмет Ясауидің тек халық жадындағы аңыздық тұлға емес, нақты тарихи кезеңде өмір сүріп, қоғамда ресми танылған рухани жетекші болғанын дәлелдейтін құжаттық сипаттағы дерек. Бұл жазу арқылы біз XIV ғасырда-ақ Қожа Ахмет Ясауидің атымен байланысты сопылық ілімнің ресми дәрежеде құрметке ие болғанын, оның кесенесінің рухани маңызға ие ескерткіш ретінде мойындалғанын көреміз.
IX-X ғасырларда түркілер арасында ислам діні тараған кезде көшпелі аймақтардың әлеуметтік, экономикалық, мәдени құрылымына сай қолдау іздеп, осы құрылымға бейімделуге мәжбүр болды. Ол кезде араб тілін білмейтін, негізгі ислам әдебиетін оқымаған топтарға Исламды Арыстан баб, Қорқыт ата сияқты тұлғалар ғана жеткізе алатын. Міне, Ахмет Ясауи мен оның жолының негізі осылай қаланған. Ол өз заманында өте ықпалды құрал болған хикметті түрік дәстүрімен бірге шебер пайдаланған. Әзірет Сұлтанның өмір сүрген кезінде медресе дәстүрі әлі пісіп-жетілмеген, ауыз әдебиеті басым болды. Сол тұста ислам дінін қабылдаумен бірге ескі наным-сенімдерді ұстанатын әлеуметтік орта қалыптасты. Өз дәуіріндегі қауымдардың ой-өрісін, шеберлігін, бейімділігін жақсы білген Ясауи де көне түркі наным-сенім жүйесінің көптеген элементтерін ұстана отырып, ислам дінін жаңа әдіспен насихаттап, оны түрлі формада дәріптеп, салт-дәстүрге негіздеді.
Қазіргі таңда Қазақстан зайырлы мемлекет, дегенмен, соңғы кездері кейбір діни ағымдардың теріс ықпалы қоғамды алаңдатып отырғаны жасырын емес. Бұл, әсіресе, жастардың радикалды көзқарастарға бейімделуіне және әлеуметтік тұтастыққа қауіп төндіруге қатысты.
Кейбір радикалды діни ағымдар (әсіресе шетелдік уағыздаушылардың ықпалындағылар) зорлық-зомбылықты ақтауы мүмкін. Олар діни сенімдерді сылтау етіп, адамдарды заңсыз әрекеттерге итермелейді. Діни ұйым ретінде көрінетін топтар, ең алдымен, психологиялық және қаржылық айла-шарғымен айналысады.
Ахмет Ясауи мұрасы тек діни ғана емес, ұлттық руханиятты, мәдениетті, қоғамдық сананы жаңғыртуда ерекше мәнге ие. Оның ілімі діни ұстанымдар мен ұлттық дәстүрлердің жиынтығынан тұрады. Бұл қазіргі заманда радикалды ағымдарға қарсы идеологиялық негіз бола алатын құнды рухани іргетас. Мұның бірнеше себептері бар. Мысалы, Ясауи ілімі ханафи мәзһабына негізделген. Оның үстіне Ясауи бабамыз ислам дінінің қағидаларын түркі рухымен, тілімізбен, салт-дәстүрімізбен ұштастыра білген. Діни насихатты даналық, өлең және музыка (қобыз, домбыра) арқылы жүргізді. Бұл қазіргі жастардың бойына ұлттық рухты ұстанатын дінді сіңірудің тиімді жолы. Ясауи ілімі де рухани тәрбиені, нәпсімен күресуді, адалдық пен қарапайымдылықты насихаттайды. Оның ілімінің іргетасы нәпсіні жеңу. Ол бұл күресті майдан даласында жаумен шайқасып жатқан жауынгердің шайқасымен салыстырады.
Бұл жерде өзін жеңу нәпсінің тән қалауларынан бас тарту ғана емес, сараңдық, тәкаппарлық, көреалмаушылық сияқты жаман қасиеттерден арылу деп түсіндіріледі. Ясауи атамыз да шәкірттерін сабырға, төзімділікке шақырып, өзін-өзі тәрбиелеуге шақырып, бағыттап отырған. Адалдық – жүрек тазалығының көрінісі. Адалдықты иманның жартысы деп түсіндіре отырып, адамның шыншылдығы сөзбен ғана емес, іс-әрекетімен де көріну керектігін көрсетеді. Сопылар арасында аманатқа қиянат жасамау, екіжүзділіктен сақтану басты қағидалар болған. Бұл ілім қазіргі қоғам үшін де өте өзекті.
Ясауи ілімінің тағы бір маңызды қағидасы – қарапайым өмір сүру. Өмірінде байлық пен атақ-даңқтан бас тартқан Қожа Ахмет Ясауи қарапайым киім киіп, еңбек етті. Шәкірттері осы үрдісті жалғастырып, қарапайым мінезімен, еңбекқорлығымен елге танылды. Сопылық жолды ұстанған Баба Түкті Шәшті Әзиз, Арыстан баб сынды тұлғалар дін мен білімнің ғана емес, кішіпейілділік пен қарапайымдылықтың да үлгісі болды. Қожа Ахмет Ясауи өз шығармаларында адамгершілікті, мейірімділікті, адалдықты басты құндылық ретінде көрсеткен. Оның ойынша, әрбір адам жүрегіне Аллаға иман, адамгершілік қасиеттерді ұялатуы керек. Бұл тұжырымдар қазақ қоғамындағы моральдық нормалар мен құндылықтарға үлкен әсер етті. Ясауи тағылымын түркі жұртына тән дүниетаным мен ислами құндылықтарды үндестірген, ұлттық сананы оятқан бағыт деп қарасақ, оның да маңызы арта түспек. Дінді түсіндіруде түркі халқының мінезіне сай қарапайым тілмен, өлеңмен уағыз айтып, ислам дінін ұлттың жүрегіне жақындата түсті. Мәселен, «Диуани хикмет» еңбегі арқылы сол кездегі дала түркілерінің арасында имандылықты ана тілінде, қара өлеңмен насихаттап, сопылық ілімнің терең мәнін ұғындыра білген. Бұл – тіл мен діннің үндестігін сақтаған рухани жаңғырудың алғашқы үлгісі. Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау маңызды. Бұл тұрғыда Ясауидің адамдық тәрбиесі мен адамгершілік ұстанымдары жастарды рухани тоқыраудан құтқаратын темірқазық болып табылады. Бүгінгі жас ұрпақ біліммен қатар рухани тәрбиені де қажет етеді. Қожа Ахмет Ясауи айтқанындай, адал өмір сүрсең, өмір жарқын болады, өтірікте де, о дүниеде де – нұрмен» – деп имандылық пен адалдықты өмірлік ұстанымға айналдыруға шақырды. Түркі әлеміндегі Ясауи жолын ұстанушылар тарихы – жастарға берілген патриоттық тәрбие мен рухани тазалықтың үлгісі осы болса керек.
Симпозиум қатысушылары Қожа Ахмет Ясауиді – даналық ілімінің негізін қалаушы,түркі халықтарының ұлттық бірегейлігін қалыптастырушы, ғылым мен білімге үндеген ағартушы, рухани тұтастық пен ынтымақтың жаршысы, мәдениетаралық диалогтың символыретінде қабылдады. Әлем ғалымдары Қожа Ахмет Ясауи мұрасын заманауи гуманистік құндылықтармен үндестіру – жастар арасында рухани тәрбие, бейбітшілік пен төзімділік қағидаттарын кеңінен тарату үшін білім беру мен мәдени іс-шараларға енгізуді, сонымен қатар, Ясауи ілімін ЮНЕСКО шеңберінде жаһандық деңгейде насихаттау – оның шығармаларын (әсіресе «Диуани хикметті») әлемнің негізгі тілдеріне аудару, ғылыми-академиялық айналымға енгізуді ұсынды.
Ясауи ілімі ұлттық жаңғырудың негізі. Бүгінгі рухани жаңғыру – осы тағылымды жаңғыртып, ұлт санасын жаңғыртуға мүмкіндік. Сондықтан ұлттық сананың жаңғыруы Ясауи жолына қайта оралғанда ғана толық жүзеге асады. Оның ілімі – адамның жан дүниесін тазартып, кемелдікке жетелейтін құнды жол. Ол ұсынған рухани тәрбие жүйесі бүгінгі ұрпаққа тамаша үлгі.
Әлия Білдебекова,
Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей қорығы, Ясауитану ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері