21.3 C
Алматы
Вторник, 15 июля, 2025

Ауғанстаннан «Диуани Хикметтің» беймәлім қолжазбасы табылған

Ауғанстаннан табылған «Диуани Хикметтің» бұрын белгісіз қолжазбасы Қожа Ахмет Ясауи мұрасын жаңа қырынан танытқан. XVIII ғасырдың соңында көшірілген бұл нұсқада бұрын белгілі нұсқаларда кездеспейтін 47 хикмет бар екенҒалымдар қолжазбаның табылуы түркі сопылық әдебиетінің тарихи-рухани кеңістігін кеңейтуге жол ашатындығын айтады.

Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикмет» шығармасының бұрын белгісіз болып келген тағы бір нұсқасы Ауғанстаннан табылды. Құнды қолжазба алғаш рет Түркиялық TRT Haberтелеарнасы арқылы жарияланып, ғылыми қауымдастықтың назарын аударды.

Жаңа нұсқаны Кабул университетінің оқытушысы, түрколог Насратулла Морад 2021 жылы Ауғанстандағы әріптесі доктор Аминулла Наил Ханкелдиден сый ретінде алған. Қолжазба ата-бабасынан мирас болып қалған екен. Маманның айтуынша, хикметтердің тілі, стилі мен мазмұнына қарап, нұсқаның Герат қаласында шамамен 1798–1807 жылдарыкөшірілгені анықталған.

«Алғашында қолжазбалар арасында Диуани Хикмет бар деп күтпедім. Бірақ мәтінге үңіліп, Ясауиге тән маһластар мен тақырыптарды көргенде оның нағыз түпнұсқа екенін аңғардым», – дейді Насратулла Морад.

Қолжазба 47 парақтан (94 бет) тұрады. Ондағы 84 хикметтің 47-сі бұған дейінгі белгілі нұсқаларда кездеспейді. 36 хикмет түрік, 11 хикмет парсы тілінде жазылған. Бұл Ауғанстандық нұсқаның тың әрі ерекше екенін айғақтайды.

Қолжазба Шағатай дәуірінің жазу дәстүріне тән ерекшеліктермен жазылған. Аруз және буын өлшемдері қатар қолданылған. Бірінші беті сақталмаған, қазіргі алғашқы өлең жолы: «Мәдинаға Расул барып болды ғаріп» деп басталады екен. Қолжазба мұқабасы мақта мата қапталған картон.

Насратулла Морад бұл нұсқаның Түркі әлемі мен Ауғанстандағы түркі халықтарының әдеби-рухани байланысын тереңірек тануға жол ашатынын айтады. Қазіргі таңда ғалым Түркиядағы Самсун 19 Мамыр университетінде Қожа Ахмет Ясауи мұрасы бойынша докторлық зерттеу жүргізіп жатыр.

Табылған қолжазба – тек ғылыми жаңалық қана емес, рухани сабақтастықтың дәлелі. Бұл еңбек Ясауи ілімінің тек Орта Азиямен ғана шектелмей, Ауғанстан аймағында да кең тарағанын көрсетеді. Зерттеуші Насратулла Морадтың бұл бағыттағы еңбектері түркі дүниесінің рухани мұрасын зерделеуде маңызды кезең болмақ.

Әлия БІЛДЕБЕКОВА, Түркістан қаласы

Әзірет-Сұлтан Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану орталығының аға ғылыми қызметкері

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke