“Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жыл сайынғы Жолдауын жариялап, экология саласына айрықша тоқталды. Біз үшін бұл бағыттың маңызы өте зор. Өйткені біздің ұйым – ядролық қару сынағынан зардап шеккендерді біріктіретін қоғамдық бірлестік. Біздің тағдырымыздың өзі табиғатты қорғау мен адам денсаулығын сақтау мәселелерінің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Президенттің барлық оқу орындарында бірыңғай экологиялық білім беру стандартын енгізу жөніндегі бастамасы – ұрпақ санасына ерте жастан табиғатты аялау мәдениетін сіңіруге жасалған нақты қадам. Бұл – біздің балаларымыздың болашақта бейбіт, қауіпсіз, таза ортада өмір сүруіне негіз болатын шешім.
Сонымен қатар, Жолдауда айтылған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының нәтижелері – қоғамның экологиялық жауапкершілігінің күшейіп келе жатқанын дәлелдейді. 4 миллионнан астам ағаш отырғызу, мыңдаған гектар жерді тазалау – тек экологияға үлес қоспайды, сонымен бірге халықтың бірлігі мен ортақ мүддеге жұмыла білуін көрсетеді.
Президент атап өткен Каспий теңізінің деңгейінің төмендеуі – барлығымызды алаңдататын үлкен мәселе. Бұл – болашақта тек бір өңірдің ғана емес, бүкіл елдің экологиялық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жағдай. Сондықтан мемлекет басшысының бұл мәселеге назар аударуы дер кезінде жасалған қадам деп санаймыз.
Біз, ядролық сынақтардың зардабын тартқан аналар мен әкелердің ұйымы, экология мәселесіне мемлекет деңгейінде мұндай терең мән берілгенін толық қолдаймыз. Өйткені табиғатты қорғау – тек бүгінгі күннің емес, келер ұрпақтың аманаты. Президенттің Жолдауында айтылған экологиялық бастамаларды жүзеге асыруға қоғам болып атсалысу – біздің азаматтық парызымыз”.