Қала дамыған сайын табиғи ортаға жүктеме күшейеді

Адамның таза әрі қауіпсіз ортада өмір сүруі – бүгінгі таңда тек экологиялық мәселе емес, конституциялық деңгейде бекітілген құндылық. Қазақстан Республикасының Конституциясы табиғи ортаны қорғауды мемлекет қызметінің басты бағыттарының бірі ретінде айқындайды, ал әрбір азаматтың қоршаған ортаға ұқыпты қарауы – ортақ жауапкершілік екені нақты көрсетілген.

Осы талаптар аясында қарқынды дамып келе жатқан өңірлердегі экологиялық жағдайды бағалау – жай статистикалық шолу емес, нақты саясаттың нәтижесін саралау болып табылады. Бұл тұрғыда Қонаев қаласының экологиялық ахуалына назар аудару маңызды.

Алматы облысы бойынша Экология департаментінің басшысы Бақытжан Молдахметов өңірдегі жағдайға қатысты ойын жан-жақты жеткізді.

«Қонаев қаласы бүгінде өңірдің туристік орталығына айналып келеді. Бұл – үлкен мүмкіндік, бірақ сонымен бірге үлкен жауапкершілік. Қала қарқынды дамып жатыр, ал кез келген қарқынды даму табиғи ортаға қосымша жүктеме әкеледі. Сондықтан біз экологиялық қауіптің алдын алу мәселесіне ерекше назар аударып отырмыз», – дейді ол.

Сарапшының айтуынша, қазіргі ахуалды біржақты бағалау дұрыс емес. Бүгінде жағдай тұрақты деп есептелгенімен, бұл тұрақтылық салыстырмалы сипатқа ие.

Ең алдымен, маман Қапшағай су қоймасының жағдайына тоқталды. Оның сөзінше, бұл су айдыны тек Қонаев үшін емес, бүкіл өңір үшін стратегиялық маңызға ие.

«Соңғы жылдары демалушылар санының артуы жағалау аймақтарына айтарлықтай қысым түсіріп отыр. Кейбір азаматтардың жауапсыз әрекеттері – қоқыс тастау, белгіленбеген жерлерде демалу – экожүйеге кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, бақылауды күшейтіп, рейдтік шараларды жиілетіп, айыппұл санкцияларын қолдану жұмыстарын жүргізіп келеміз», – деді департамент басшысы.

Бұл мәселе тек тазалықпен шектелмейді. Сарапшының пікірінше, су экожүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығы тікелей адам әрекетіне байланысты.

Келесі өзекті бағыт – қалдықтарды басқару жүйесі.

«Қазіргі таңда Қонаевта қоқысты сұрыптау және қайта өңдеу жүйесі толық қалыптаспаған. Бұл – тек инфрақұрылым мәселесі ғана емес, сонымен қатар қоғамның экологиялық мәдениетіне байланысты. Біз халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, алайда бұл бағытта әлі де жүйелі әрі ұзақ мерзімді тәсіл қажет», – дейді ол.

Оның айтуынша, бұл саладағы өзгеріс тек мемлекеттік деңгейдегі шаралармен шектелмеуі тиіс. Нәтиже әрбір азаматтың жеке жауапкершілігімен тығыз байланысты.

Ауа сапасы да назардан тыс қалып отырған жоқ. Қонаевта ірі өндірістік кәсіпорындар болмағанымен, көлік санының артуы мен құрылыс қарқыны атмосфералық ортаға әсер етуде.

«Әсіресе жаз мезгілінде туристер ағыны көбейген кезде бұл мәселе айқын сезіледі. Сондықтан біз алдағы уақытта ауа сапасын тұрақты бақылау жүйесін жетілдіруді, мониторинг бекеттерінің санын арттыруды жоспарлап отырмыз», – деді Б.Молдахметов.

Сарапшы өңірдің экологиялық болашағы бүгін қабылданатын шешімдерге тікелей байланысты екенін ерекше атап өтті.

«Егер біз тек салдармен емес, себептермен күресетін болсақ, яғни жоспарлы даму, экологиялық нормаларды сақтау және қоғамның белсенді қатысуы қамтамасыз етілсе, онда қала тұрақты дамудың үлгісіне айнала алады», – деді ол.

Экология департаментінің мәліметінше, өңірде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, сенбіліктер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сонымен қатар «Таза ауа» рейдтері арқылы автокөліктердің зиянды шығарындылары бақылауға алынуда.

Білім беру ұйымдарында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Алдағы уақытта заманауи зертханалық-талдамалы бөлім іске қосылып, атмосфералық ауа сапасына тұрақты мониторинг жүргізу жоспарлануда.

Қонаевтағы экологиялық жағдай бүгінгі күні бақылауда болғанымен, қаладағы антропогендік жүктеме біртіндеп күшейіп келеді. Бұл үрдіс сақталған жағдайда табиғи тепе-теңдікті сақтау тек әкімшілік бақылаумен емес, нақты әрі жүйелі шешімдермен қамтамасыз етілуі тиіс.

Шолпан Аралқызы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke