Қонаев қаласында Ұлттық кітап күніне орай ұйымдастырылған рухани шаралар мазмұнды бастамалармен жалғасын тапты. Соның бірі – Қонаев қалалық кітапханасында өткен «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты заманауи инсталляциялық кітап көрмесі. Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, ақиық ақын Мұқағали Мақатаев шығармашылығына арналған бұл көрме оқырман қауымды ерекше әсерге бөлеп, әдебиет әлеміне жаңа тыныс сыйлады.
Аталған көрме Қонаев қаласының мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты қалалық кітапхана ұжымының бастамасымен ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – ақын мұрасын заманауи форматта насихаттау арқылы өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, ұлттық рухты нығайту және әдебиетке деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Көрменің ерекшелігі – дәстүрлі кітап көрмесінің шеңберінен шығып, инсталляциялық өнер элементтерімен толықтырылуында. Ақын жырлары көркемдік тұрғыда безендіріліп, поэзия мен заманауи көркемдік тәсілдер үйлесім тапқан кеңістікке айналған. Көрермен назарына ұсынылған 40-қа жуық туынды мен ерекше композициялар келушілерді Мұқағали әлеміне терең бойлатты.
Рухани кеш барысында орта мектеп-гимназиясының 4 «Ә» сынып оқушылары ақынның «Үш бақытым», «Әке», «Шеше сен бақыттысың», «Мен оның түнін сүйем» сынды жүрекке жылы тиетін өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Жас оқырмандардың шынайы орындауы ақын жырларының өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеп, көрермен көңілінен ерекше орын алды. Оқушыларды дайындаған жетекші Ә.С. Айтқожинова бұл бастаманың тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.
Кештің ең әсерлі тұстарының бірі – ақынның өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігерлердің көрмеге қойылуы болды. Арнайы Мұқағали Мақатаевтың әдеби-мемориалды музейі қорынан әкелінген экспонаттар оқырман қауымды ерекше әсерге бөледі. Олардың қатарында ақынның сырт киімдері, қолжазба қойын дәптері, замандас досы Мұхтар Шаханов тарту еткен қаламы, сондай-ақ жұмыс үстелінде пайдаланған баспа машинасы, сағаты мен телефоны бар. Бұл жәдігерлер келушілерді ақын өмір сүрген кезеңнің рухымен табыстырып, оның шығармашылық әлемін жақыннан тануға мүмкіндік берді.
Көрме барысында ұсынылған әрбір экспонат пен марапат, ақынның қолтаңбасы сақталған дүниелер оқырман үшін ерекше құндылыққа ие болды. Мұқағали поэзиясының тереңдігі мен адам жанына әсер ететін күші дәл осы кеште айқын сезілді.
Ұлттық кітап күні аясында өткен бұл тағылымды шара Қонаев қаласының рухани өміріндегі маңызды оқиғалардың біріне айналды. Кітап пен поэзияны ұлықтаған кеш жас буынға бағыт-бағдар беріп қана қоймай, оқырман мен әдебиет арасындағы байланысты нығайта түсті.
Фарида Мырзағалиева,
Қонаев қалалық кітапханасының
оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі

