Қонаевта әлеуметтік қолдау қалай жүзеге асырылуда

Қоғамдағы әлеуметтік теңгерім – мемлекеттің ең нәзік әрі ең жауапты салаларының бірі. Әсіресе өңірлік деңгейде әлеуметтік көмектің нақты қалай жүзеге асып жатқаны – қағаздағы есеппен емес, халықтың күнделікті өмірімен өлшенуі тиіс. Қонаев қаласындағы ахуал да осы тұрғыдан қарауды қажет етеді.

Бүгінде қалада әлеуметтік қолдаудың бірнеше бағыты қатар іске асырылып отыр. Атаулы әлеуметтік көмек, көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақылар, мүгедектігі бар азаматтарға берілетін төлемдер, жұмыссыздыққа байланысты қолдау және тұрғын үй көмегі – мұның бәрі әлеуметтік осал топтарды қорғауға арналған. Ресми деректерге сүйенсек, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 75 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алып, оған 11,5 миллион теңге жұмсалған. Кепілдендірілген әлеуметтік пакет аясында 377 бала қамтылып, 1,5 миллион теңге бөлінген.

Тұрғын үй көмегі 13 отбасыға көрсетіліп, жалпы сомасы 331,9 мың теңгені құраған. Ал мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға арналған төлем 47 балаға беріліп, бұл бағытқа 1,4 миллион теңге қарастырылған. Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы көрсетілген көмектер де белгілі бір деңгейде жүйеленген: 200 адам гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілсе, 18 азаматқа кресло-арба, 28 адамға протездік құралдар берілген. Сонымен қатар 37 тұрғын санаторийге жолдама алып, 43 адам жеке көмекші қызметіне жүгінген.

Бұл – статистика. Ал сол көрсеткіштердің ар жағында нақты адам тағдыры тұрғанын ескерсек, мәселенің екінші қыры ашылады.

Қонаев қалалық мансап орталығының директоры Ернур Абдалиев әлеуметтік қолдау жүйесінің бүгінгі жай-күйін бағалай келе, оның негізгі түйткілдерін жасырмайды.

– Жүйе жұмыс істеп тұр, бірақ оны жетілдіру қажет. Азаматтардан түсетін өтініштердің көпшілігі құжат рәсімдеу барысындағы қиындықтар мен ақпараттың жеткіліксіздігіне байланысты. Біз осы бағытта цифрландыруды күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын арттырып келеміз. Әрбір азамат өзіне тиесілі көмекті кедергісіз алуы тиіс, – дейді ол.

Шынында да, әлеуметтік көмек алу жолында кездесетін кедергілердің ең бастысы – рәсімдеу тәртібінің күрделілігі. Бір ғана жәрдемақы алу үшін бірнеше мекемеге жүгіну қажеттілігі азаматтарды әуре-сарсаңға салады. Кезек күту, анықтама жинау, талаптардың өзгеруі – мұның бәрі жүйенің тиімділігін төмендететін факторлар.

Тағы бір назар аударарлық мәселе – әлеуметтік қолдауға мұқтаж бола тұра, түрлі себеппен жүйеден тыс қалып отырған азаматтардың бар екендігі. Әсіресе бейресми жұмыс істейтіндер, табысын ресми түрде дәлелдей алмайтындар немесе қажетті ақпаратқа қол жеткізе алмаған тұрғындар көмекке қол жеткізе алмай жатады. Бұл – әлеуметтік саясаттағы ең әлсіз тұс.

Сонымен бірге, қосымша әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, туберкулезбен ауыратын 20 адамға 1,1 миллион теңге көлемінде көмек көрсетілген. Балабақша төлеміне 608,2 мың теңге субсидия бөлінген. Мұндай қадамдар мемлекет тарапынан белгілі бір қамқорлықтың бар екенін көрсетеді.

Алайда мәселе көлемде емес, қолжетімділікте. Көмек бар, бірақ оған жету жолы күрделі болса, оның тиімділігі де күмән тудырады. Сондықтан әлеуметтік саясаттың негізгі бағыты – тек қаржы бөлу емес, сол көмекті алудың жолын жеңілдету болуы тиіс.

Бүгінде әлеуметтік қолдау жүйесі Қонаевта қалыптасқан құрылым ретінде жұмыс істеп тұр. Ендігі міндет – оны өмір талабына бейімдеу. Құжат айналымын оңтайландыру, цифрлық қызметтердің мүмкіндігін кеңейту, халықпен кері байланысты күшейту – осы бағыттағы нақты қадамдар болуға тиіс.

Шолпан Аралқызы

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke