Қонаев қаласының мәдени кеңістігінде соңғы уақытта мазмұнды іс-шаралар жиілеп келеді. Солардың бірі – елордадан арнайы келген Астана қаласының Жастар театры ұжымының гастрольдік сапары. Театр көрерменге «Жанарымдағы жалғыз әуен» атты музыкалық қойылымын ұсынып, қала тұрғындарының зор қызығушылығын тудырды.
Жастар театры – еліміздің жас, бірақ қалыптасқан шығармашылық ұжымдарының бірі. Театр 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен құрылып, алғаш шымылдығын Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбаев шығармалары негізінде сахналанған «Шыңғысхан» қойылымымен ашқан болатын.
Содан бері ұжым республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып, бірнеше мәрте бас жүлделерді иеленіп, кәсіби деңгейін дәлелдеді.
Бүгінде театр репертуарында классикалық шығармалармен қатар заманауи қойылымдар да бар. Әсіресе музыкалық-поэтикалық бағыттағы спектакльдері көрермен тарапынан жоғары бағаланып келеді. Сол қатардағы туындылардың бірі – Қонаев сахнасында ұсынылған «Жанарымдағы жалғыз әуен» қойылымы.
Гастрольдік кешке жиналған көрермен қарасы көп болды. Қалалық мәдениет нысанында өткен қойылым аншлагпен өтіп, залда ине шаншар жер қалмады.
Іс-шара барысында Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ануар Мұхтарханұлы сөз сөйлеп, өнер ұжымына өңір басшылығының ықыласын жеткізді. Ол мұндай гастрольдік сапарлардың өңірлер арасындағы мәдени байланысты нығайтудағы маңызына тоқталды.
Қойылымның мазмұны мен сахналық шешімі көрерменге ерекше әсер қалдырды. Музыкалық сүйемелдеу, актерлік ойын мен режиссерлік тұжырымның үйлесімі шығарманың эмоционалдық салмағын арттыра түсті. Әсіресе жас актерлердің сахнадағы шынайылығы мен ішкі пластикасы спектакльдің негізгі өзегіне айналған.
Қойылымнан кейін көрермендер ұзақ уақыт тарқамай, әсерімен бөлісті. Қала тұрғыны Ермек Төлеуовтің айтуынша, мұндай гастрольдер өңір үшін аса маңызды:
– Бұрын мұндай деңгейдегі қойылымдарды көру үшін Астанаға немесе Алматыға бару керек болатын. Бүгін өз қаламызда көрдік. Театрдың деңгейі жоғары, актерлер өте сенімді ойнады. Осындай қойылымдар жиі келсе, көрермен де қалыптасады, – деді ол.
Қойылымды тамашалаған көрермендердің қатарында әртүрлі буын өкілдері болды. Қала тұрғыны Айдана Қасымова бұл жолы театрға ата-әжесін ертіп келгенін айтты.
– Осындай қойылымға ата-әжемді арнайы алып келдім. Олар бұрын театрға жиі барған, бүгінгі қойылымды да қызыға қарап отырды. Бірге келіп, осындай кешті бірге өткізу біз үшін ерекше болды, – деді ол.
Аян Қонаров

