Қостанай облысында ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен отандық және шетелдік компанияларды біріктірген «Qostanai Dala Festivali – 2026» агрофестивалі өтуде. 30 шілде мен 1 тамыз аралығына жоспарланған шараға еліміздің әр өңірінен және шетелден үш мыңнан астам адам қатысып жатыр.
Правительство Казахстана
Фестиваль агроөнеркәсіп саласындағы жаңа технологиялар мен заманауи техникаларды таныстыруға, тәжірибе алмасуға және мамандар арасындағы іскерлік байланысты нығайтуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.
31 шілдеде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «Jańa Dala / Green Day – 2026» қазақстандық дала күні» көрмесінің ресми ашылуына қатысты. Салтанатты жиында ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосқан бірқатар маман мен кәсіпорын өкілдері марапатталды. Сонымен бірге жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы техника сатып алуға арналған сертификаттар табысталды.
Правительство Казахстана
Келушілерге «Қарабалық ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» дайындаған демонстрациялық егіс алқаптары ұсынылды. Мұнда отандық және шетелдік селекцияның жаңа сұрыптары, дақыл өсірудің тиімді тәсілдері мен аграрлық өндіріске арналған инновациялық жобалар таныстырылды.
Фестиваль аумағында ауыл шаруашылығы техникаларының, арнайы жабдықтардың және асыл тұқымды малдардың көрмесі ұйымдастырылған. Оған қатысқан компаниялар салаға арналған жаңа өнімдері мен технологиялық шешімдерін көпшілік назарына ұсынуда.
Правительство Казахстана
Шара аясында еліміздің солтүстік өңірлерінен келген ветеринар мамандардың республикалық слеті де өтіп жатыр. Жиында ветеринариялық қауіпсіздік, жұқпалы аурулардың алдын алу және саланы жетілдіру мәселелері талқылануда.
1 тамызда фестиваль бағдарламасы жалғасады. Қатысушылар далалық жағдайда ауыл шаруашылығы техникаларының жұмысын көріп, инновациялық жобалармен танысып, салалық кездесулерге қатыса алады.
Мұндай ауқымды шаралар ауыл шаруашылығына жаңа технологияларды енгізуге, отандық өндірушілердің тәжірибесін арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.
Редакция
Дереккөз: Қостанай облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының ресми парақшасы.
Сурет: gov.kz


