23 тамызда Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы өтеді. Бұл саяси науқанның басты ерекшелігі – елдің жаңа заң шығарушы органының құрамын жасақтау. Жалпы сайлау қорытындысы бойынша Құрылтайға 145 депутат сайланбақ.
Сайлау күніне дейін әр азамат өзінің қай сайлау учаскесінде дауыс беретінін алдын ала анықтап алғаны дұрыс. Талғар ауданының тұрғындары тұрғылықты мекенжайы бойынша сайлау учаскесін тексеріп, сайлаушылар тізіміндегі мәліметтерінің дұрыстығына көз жеткізе алады. Бұл дауыс беру күні уақытты үнемдеп, сайлауға дайын келуге мүмкіндік береді.
Бүгінде Құрылтай сайлауына қатысу үшін жеті саяси партия тіркелген. Олардың қатарында Amanat, «Ақ жол», «Ауыл», Respublica, Қазақстан Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Әділет» партиясы бар.
Сайлауда саналы таңдау жасау үшін әр партияның сайлауалды бағдарламасымен және кандидаттар туралы мәліметтермен алдын ала танысып шыққан жөн. Әрбір саяси ұйымның елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзіндік ұстанымы мен ұсыныстары бар.
Әр азаматтың дауысы маңызды. Сондықтан сайлауға бейжай қарамай, өз азаматтық ұстанымымызды білдіру – қоғам алдындағы жауапкершіліктің көрінісі. Әрбір берілген дауыс елдің болашақ даму бағытын айқындауға өз үлесін қосады.
Талғар ауданының тұрғындары да 23 тамыздағы сайлауға алдын ала дайындалып, өз сайлау учаскесін нақтылап, қажетті ақпаратпен танысқаны абзал. Ақпаратты мұқият зерделеп, ойланып таңдау жасау – әрбір сайлаушының маңызды міндеті.
Сайлау – бір күндік науқан ғана емес, елдің алдағы дамуына ықпал ететін маңызды саяси процесс. Сондықтан әр азамат өз таңдауына жауапкершілікпен қарап, дауыс беру құқығын тиімді пайдалануы қажет.
Қонаев қаласының белсендісі Қонаров Аян


