Қазақстан Барысына» жолдама үшін тартыс

Қарасай ауданында өңірдің ең мықты балуандарын анықтаған «Алатау арланы» облыстық іріктеу турнирі өтті. Бұл – Алматы облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын үздік палуандарды анықтайтын басты дода. Енді жеңімпаздар 15 тамыз күні өтетін ел біріншілігінде бақ сынайды.

«Қазақ күресі – халқымыздың тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің ажырамас бөлігі. Бұл спорт түрі адамға қайсарлықты, қарсыласқа деген құрметті, мінездің беріктігін және Отанға деген сүйіспеншілікті тәрбиелейді. Бүгінгі турнир – күш пен шеберліктің мерекесі. Барлық қатысушыларға жоғары дайындықтарын көрсетіп, жеңіске деген жігер танытып, әдемі әрі әділ белдесулер өткізулеріне тілектеспін», – деді турнирдің салтанатты ашылу рәсімінде Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жандосов.

Жарыс «Нұр-Аман» спорт кешенінде өтіп, оған абсолюттік салмақ дәрежесіндегі («түйе палуандары») 29 үздік балуан қатысты. Кілемге аудандық және қалалық іріктеу кезеңдерінің жеңімпаздары – жасы 18-ден асқан, салмағы 90 келіден жоғары спортшылар шықты.

Алғашқы белдесулерден-ақ бұл турнирде осал қарсылас болмайтыны белгілі болды. Әрбір палуан жеңістің бағасын жақсы түсінді. Себебі бәйгеде – елдегі ең беделді ұлттық күрес турниріне жолдама тұрды. Финалға дейін-ақ жанкүйерлер тартысты әрі ымырасыз белдесулердің куәсі болды. Балуандар сан алуан әдіс-тәсілдерін көрсетіп, қуатты лақтырулар жасап, тік тұрып күресудің жоғары деңгейін паш етті. Әсіресе ширек финал мен жартылай финал кездесулері аса тартысты өтті.

Турнирдің бас төрешісі Қапар Рауанов қатысушылар құрамын тәжірибе мен жастықтың үйлесімі деп бағалады.

«Биылғы турнирдің деңгейі өте жоғары болды. Оның басты ерекшелігі – тәжірибелі шеберлерге жас әрі өршіл палуандардың лайықты бәсекелестік көрсетуі. Әрбір белдесу тартысты әрі қызықты өтті. Осындай жарыстар ғана нағыз мықтыны әділ анықтауға мүмкіндік береді», – деді Қапар Рауанов.

Турнирдің басты сенсациясы – Қазақстан Республикасының спорт шебері, қазақ күресінен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы Нұрғали Жолтаевтың сенімді жеңісі болды. Шешуші белдесуде Еңбекшіқазақ ауданының өкілі Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, қазақ күресінен Әлем кубогының жеңімпазы Мәди Еділбаевты (Қонаев қаласы) жеңіп шықты.

«Әрбір жеңістің артында күнделікті жаттығу, темірдей тәртіп және бүкіл команданың үлкен еңбегі жатыр. Маған сенім артқан жаттықтырушыларыма және қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге алғысымды білдіремін. Облыстық турнирдегі жеңіс – бұл тек келесі белеске бастар қадам. Ендігі басты мақсат – «Қазақстан Барысында» Алматы облысының намысын абыроймен қорғап, жерлестерімнің сенімін ақтау», – деді «Алатау арланы – 2026» облыстық іріктеу турнирінің жеңімпазы Нұрғали Жолтаев.

Жарыс қорытындысы бойынша Нұрғали Жолтаев турнирдің басты жүлдесі – символикалық «Алтын белбеумен», сондай-ақ 2 миллион теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталды. Күміс жүлдегер Мәди Еділбаевқа 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Дәл осы екі балуан Алматы облысының намысын республикалық «Қазақстан Барысы» турнирінде қорғайтын болады.

Қола жүлдеге Қонаев қаласының өкілі Тәңірберген Бекнұр ие болып, ақшалай сертификатпен марапатталды.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke