Атырауда адалдық пен әділдік құндылықтарын дәріптеп, қоғамдағы парасат пен ар ұғымын поэзия тілімен насихаттау мақсатында «Адалдық жаршысы» республикалық жабық жыр мүшәйрасы өтті. Еліміздің әр өңірінен қатысқан ақындардың туындылары қазылар алқасының сараптауынан өтіп, үздіктер анықталды.
Оқырман назарына мүшәйрада үздік деп танылған 12 туындыны ұсынамыз.
Бас жүлде – Бауыржан Шимерден
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы
Лақап аты- Сырым Шерім
31 — 2 — 22
(баллада)
Бұл — Өлеңті ауылының әкімшілік канторы,
Есігінің шиқылында қайғы менен зар толы.
Шиқылдайды “Анау үйде нан жоқ!” — деп.
Шиқылдайды “Анау үйде шам жоқ!” — деп.
Шиқылдайды “Қарттың хәлі нашар!” — деп,
Шиқылдайды “Жәрдемақы қашан!?” — деп.
Шиқылдайды “Анау көшіп жатыр!” — деп,
Шиқылдайды “Алау өшіп жатыр!” — деп.
Шиқылдайды “Туды заманақыр!” — деп,
“Қане, совхоз директорын шақыр!” — деп.
Директор жоқ. Іссапарда шамасы,
Ақмолада оқушы еді баласы.
Шиқылдайды, есік жылап жырлайды.
Өтепберген бәрін үнсіз тыңдайды.
****
ХХІІ партсъезд* осы әйгілі,
Еңбекпенен тасқан ауыл айбыны!
25 мың гектар егін алқабы,
Комбайндар кеме сынды тартады.
3 мың сиыр, 20 мың қой су ішкен,
Кәрі Өлеңті тең емес пе ырыспен?!
Мынау шопан Еркеғали Нұрбаев,
Қане жоспар көрсеткішін тыңдайық:
— Жүз саулықтан жүз отыз бес қозы алған.
Тіфә, тіфә көзділердің көзі әрман.
Қамыстыкөл — Ыбырайдың тұрағы.
Ал мына жол Сауғабайдан шығады…
Партбилетін мойынына асынған,
Қаден өтіп кеткен жоқ па қасыңнан?!
Будақтатып темекінің түтінін,
Шерақаң жүр бауырында ДТ — ның!
Тасеменнен келді Сапа жылқышы,
Көк атының бөлек екен түр — түсі!
Атышулы Дипломкөк пе бұл деген,
Аламанда алқынуды білмеген?!
Қыр басында еңбекшілер жарқылдап,
Кеңсе жақта машинкалар сартылдап…
…жатушы еді!
Бәрі — бәрі тыйылған.
Жаңа заман өз сақасын шиырған.
Толқыны ұрып тоқсаныншы жылдардың,
Жерге түсті қақ төбеде тұрған күн.
Совхоз тарап, округтер сайланды.
Директорлар әкімдерге айналды.
Көшеменен жоқшылықтың желі есіп,
Шиқылдайды контордағы көк есік.
Партсъезден* еңбек жолын бастаған,
Өтепберген — Өлеңтіде* бас маман.
Ауыл азды, кеңсе босап, қаңырады,
Жасыл түсті телефон тек қалғаны.
Өтеп жасыл телефонды бұрайды,
Аудан жақтан жұртқа көмек сұрайды.
“Ұн, тұз керек! Шай да, қант та қат!” — дейді,
Аудан оған “Өтақа, өзің тап!” — дейді.
Әкімдіктің халі болса егер де,
Әрбір үйге бір — бір қап ұн берер ме?!
Әр көшеге қара көмір төкпей ме?
Сабыр, сабыр!
Бұл күндер де өтпей ме?!
*** *** ***
Көзінестің үйінің дәл алдында — ақ,
“Радиосы Қазақтың” тұр самбырлап:
“Нұрыменен серпіп қалың тұманды,
Назарбаев жаңа жарлық шығарды,
Басталады тағдырдың ақ жолағы,
Биылғы жыл — “Ауыл жылы” болады.”
“Ауыл жылы! Ауыл жылы басталмақ!”
Өтақаңның көзінде тұр жас парлап.
Айқайлайды “Қуан, жұртым қуан!” — деп,
Өлеңтінің алдынан күн туар деп.
“Ауыл жылы” қосты ауылға ауылды,
Өлеңті ауыл округі жабылды.
Осы болды оңтайлану талабы,
Кеңсе ісі Жымпитыға қарады.
Жымпиты — ол, орталығы ауданның,
Басы ма екен жарқын, жарық таңдардың?!
Кантордың көк есігі тұр шиқылдап,
Отыр Өтеп есіктен ән, күй тыңдап.
Әнеугүні Жымпитыға барғанда,
— Бекқожинді алдырыңдар ауданға!
— депті әкім.
Болмай ма екен бармауға?!
Керекпін ғой ауылдағы жандарға.
— деп Өтақаң телефонын бұрады.
Өлеңтіде қалдыруды сұрады.
— Контор суық әрі ескі емес пе?!
Келсеңізші, аудандағы кеңеске.
Ол ғимарат бара — бара жабылар,
Көк есікке қара шеге қағылар!
Телефон да қиылады, сеніңіз,
Қызметке орталыққа келіңіз!
— деген кезде Өтепберген дедектеп,
Телефонды қия көрме! Керек! — деп!
Хабарласар әскердегі балалар,
Сөйлеспей ме баласымен аналар?!
Мен өзім — ақ отырайын басында,
Телефонсыз ел бола ма расында?!
Танытқан — ды осындай бір батылдық,
Өтепберген. Өтеп дейтін атын жұрт.
Өтеп ағай қалды солай канторда,
Қашан көрсең телефоны бар қолда.
31222 — нөмірі,
Бір телефон — бір ауылдың өмірі!
Жұмысына кешігуді білмейтін,
“Өлеңтіден Өтеп тыңдап тұр!” — дейтін.
Партиямыз үйретті деп жас күннен,
Ол қыста да отыратын костюммен.
Заманының бағасы жоқ батыры,
Сүйегіне салқын тиді ақыры.
Сол ауруы себеп болды өлімге,
Өтақаңның жүзі біздің көңілде.
Жұмысына шауып бара жатқаны,
Жұлдыз болып ағып бара жатқаны.
Өмір күнін жатқан кезде бітіріп,
Ө — ө — ө! — деген дейді тұтығып.
“Ө — ө — ө! Өлеңтім! — деп айтқысы келген — ау,
Айтпағаны, біздер бар деп сенген — ау!?
*** *** ***
Сол Өлеңті кем емес еш ауылдан,
Көшелерде тротуар, жол салынған!
Қандай зәулім үш қабатты мектебі,
Мектеп — ұя, Шәкірт — ұшар кептері!
Қызғалдақтай көзді арбап, биледі,
Қызыл кірпіш үйлері.
Даласында дүбірлейді жылқылар,
Өзенінде ұлттың асау рухы бар!
Саябақты тұр ескі кантора орнында,
Сұбұрқақтың саясында болдың ба?!
Жаңа кеңсе тұр жанында жарқырап,
Уақыт — өзен ағып жатқан сарқырап.
Бұл кеңсенің телефоны — 31 — 2 — 22!
*** *** ***
Құл болмаған қу дүние мен құлқынға,
Қызықпайтын қызыл менен жылтырға.
Сүйсініп өз ауылының сыртында,
Тұрады екен мемлекетшіл бір тұлға.
НЕШЕ АҒАЙЫНДЫСЫҢ?!
Жерді алғаны — алғаны ғой ырысты,
Төрді алғаны — алғаны ғой тынышты.
Ех дүние — ай,
Еділ менен Жайықтан,
Казактардың жылқылары су ішті.
Үй жығылып, керегелер сөгілді.
Ошақтардың орындары көмілді.
Кім іздейді жоғыңды?!
Кім бақытқа алмастырып береді,
Басыңдағы сорыңды?!
…Көкжиектен басына күн қондырған,
Ер Сырымның дулығасы көрінді.
*** *** ***
Көкжалымын осы маңғаз мекеннің,
Атым — Сырым! Ағайыннан екеумін,
Біреуі — өзім,
Екіншісі — ұлы елім,
Жетсем баққа халқымменен жетермін!
депті Сырым.
Сөз десеңші не деген?!
Батыр халқын туғанына теңеген.
Ал әйтпесе, ағайыны Сырымның,
Көп емес пе қызыл сырлы жебеден?!
Даттан туған он екі ұл бар еді,
Атқа қонса кең дүние тар еді.
Төрт баласы төрт ауылға айналған,
Арғы атасы — Шолан деген шал еді.
Атқа қонды жұрттың қамын жегесін,
Ерің шығып қол бастаса,
Ересің!
Нұралыдай ханды тақтан құлатып,
Билер сайлап, құрды Халық кеңесін.
Кіші жүздің аспанында күн жүзді,
Сырым қара жермен кеме жүргізді.
Даладағы демократия дегеннің,
Бір діңгегін Даттың ұлы тұрғызды.
Семсерлерін серттеріне суғарып,
Азаматтар жүрген биік туды алып.
Ханның сәні — сарай емес, әділдік,
Бидің сәні — шапан емес, туралық!
Дәурен ертең жоқ болады, бүгін бар.
Саясаттың бетінде көп жылымдар.
Жылымына түсіп кетпей биліктің,
Жұртына жол тауып берді Сырымдар.
Батыр Сырым жан емес — ті жалтыр бет.
Тисе де бар өкілет, бар құрмет.
Өмірді сүрді: “Ағайынды екеумін,
Біреуі — өзім, екіншісі — халқым!” — деп!
Даттың ұлы біреуі еді тарпаңның,
Туды оған да арқаға ер артар күн.
Болу керек жалғыз ғана бауыры —
Ханның, бидің, қазы менен тарханның.
Ер аңсаған алтын дәуір келді ме?!
Егеменді жұрт атанды ел міне.
Ағайының қанша? — деген сұрақ бар,
Көк галстук тағып жүрген шендіге.
Малдас құрып отырып ап тағына,
Малданғандар көп бастағы бағына.
Бұл сұраққа не деп жауап береді,
Жекжаттарын жинағандар жанына?
Сол секілді бір Құдайдың жалғызы,
Өзі — хан да,
Бухгалтері — хан қызы,
Орынбасар — бел немере інісі,
Ал хатшысы — ауылдағы балдызы.
Қолында оның елдің бюджет — мұрасы.
Қай жақта екен астық құйған ұрасы?!
Тендерді де ұтады ылғи бір адам —
Құдасының құдасының құдасы.
Отан үшін оғландар қиған жан,
Отаныңды сүю деген — иманнан.
Басталады опасыздық, жемқорлық,
Айналаға ағайынды жиғаннан.
Сөзі қайда қалды Сырым батырдың?!
Барлығы үшін жауап берер жақын күн.
Болу керек жалғыз ғана бауыры —
Прокурор, сот, бастық пенен әкімнің.
Керек саған Қонаевтай* тереңдік,
Керек саған Имекеңдей* шеберлік.
Керек саған Өзағаңдай* адалдық,
Ата заңмен ант — су ішкен шенеунік!
Туған жұрттың болмау керек жаттығы.
Ақ адамға бұйырады бақ түбі.
Кабинетте көк байрақтың жанында,
Тұру керек адалдықтың ақ туы!
*
Қонаев — Дінмұхамед Қонаев
Имекең — Иманғали Тасмағамбетов
Өзағаң — Өзбекәлі Жәнібеков
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРДІҢ КАБИНЕТІНДЕ ТҰРАТЫН ЖАДНАМА
Тәуелсіздік – асыл қаны, ақ арманы бабамның,
Қазақстан – тарихы мен болашағы баламның!
Рәміздері — Әнұраны, Елтаңбасы, Жалауы,
Мемлекеттің ең қадірлі құндылығы – адамы!
Отан – байтақ, аспанында самғар қыран құсымын,
Болсамда қай лауазымда, мен – халықтан кішімін.
Анамның ақ сүтіменен сіңген бойға адалдық,
Пара алудан басталады бүкіл бәле, жамандық.
Маған қымбат ел сенімі, қымбат маған ар құны,
Ортақ бізге мемлекеттің заңы менен тәртібі.
Президентпен әріптеспін, басшыға зор құрметім,
Мемлекеттік қызметім – мәртебелі міндетім!
1 орын – Абай Ораз
Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы
Лақап аты – Шалдың баласы
Ескі тәмсіл
(екі өлең)
І
Қарлығаштың ұясы – үй үстінде,
Көмулі тұр мүйізі киіктің де.
Әбдіресін ақтарған әжеміздің
Әңгімесін тыңдаймыз ұйып күнде.
Жылқышы атам мүйізден дәрі үгеді.
Жүрек сыздар еске алсам қазір оны –
Мүйізді пұл еткенмін, ұяны күл,
Біздің шалдың ашуы мәлім еді…
Кешіріңдер, тіршілік дәнекерім!
Мейірімнен аз ғана дәметемін.
Құс ұясы – адамдық!
Ал мүйіздің
білген жоқпын сатылмас Ар екенін!
ІІ
Дүниенің мысалы – күміс шідер,
Күміс шідер қадірін жігіт білер.
Үшке бөліп алмақ боп үш ағайын,
Күшке мінді қос білек түріп түгел.
Бірінде – ұят, бірінде – ар, бірінде – ақыл,
Бүлк етпестен, бүк түсіп, бұғып жатыр.
Шіреп тартқан шідері қақ бөлінді –
Үшеуінің бірлігі үзілді ақыр.
Бүкпей айтсам іштегі егер сырды,
Көмейіме кілкілдеп өлең тұнды.
Уақыт төре тұр қарап биігінде,
«Бірің өліп, бірің қал» деген сынды.
Ұрланған шідер туралы баллада
…Әлгі жерде күмістелген
үзеңгі бауды алып қалады да, өзгесін суға тастайды.
А.Сейдімбектің «Бір атым насыбай» әңгімесінен
Дүние деген – дөңгелек көзе сырлы,
Уақыт – соны қақ жарған жебе сынды.
Басқарманың басшысы – дәу Дәркембай,
Маң-маң басқан, паңданған, сөзі өтімді.
Қос өкпеге тепкілеп мінген атын
Иен жайлап, шет кезіп, қыр қонатын.
Көңіліне көлеңке түспеген күн
Тұңғыш ұлын өзімен бірге алатын.
Бірге алатын атына мінгестіріп,
Қайтады екеу жүк артып күн кешкіріп.
Ат сауырына дорба iлген, о несi екен?
Тіс жармады – қалды іште сыр боп тұнып.
Қыдырма өлең, қысыр сөз – сол екеуі,
Жұрттың бардай алашақ, берешегі:
«Дорба ішінде пәлен бар, түген жатыр» –
Сыпсың-сыпсың сумақай жел еседі.
Дәркем ерің асығын алшы иірген.
Дүниеде ісі жоқ жан сүйінген.
Екi cөзге келмейдi ол ауыш неме,
Жығылмасаң ығына қамшы үйірген.
Ала тайдай бүлдірген айналаны
Дәркембайдың тұңғышы – Тайғараны
Тайраңдатып қойғаны-ай заман, шіркін,
Тақымында тулатып тай-жабағы.
Шолжаң ұлы киіп ап шоңқайма етік,
Шықты еліріп бір күні айқайды есіп:
- Дос болғанға – дорба сый (ыржалақтап),
Шулап кеттік ұлардай «ай-хой» десіп.
Кердең басып кереді ол қасын әйбат,
Жолдас болдық – ат мініп, асық ойнап.
Дәу дорбасын арқалап шықты үйінен
Не бар дестік даурығып, апырайлап.
Қоңыр дорба түспеді жерге бірден.
Аузы ашылды қалпында өңгерілген.
Көзіме оттай басылды күміс шідер
Біздiкi едi ол мұрадай төрге ілінген.
Төбемді ойып кеткендей аспан қалың,
Қарашықтан қарай көр жас парлауын?!
Кергілеспей шідерді тартып алдым,
Тепкіледім баласын басқарманың.
Ең алғашқы қорқыныш өмірдегі –
Мұның соңы кім білер, өлім бе еді?
Атпен сүйреп кетер деп қорқып едім
Дәркембай дәл сол күні көрінбеді.
…Алқам-салқам, дүние-ай, ат сүрінген,
Белгі қалар таңбадай жас күніңнен.
Бұл күндері Тайғара – біздің бастық,
Төбелескен неңді алған бастығыңмен.
Жазығы не, құдай-ай, Тайғараның?
Өткен-кеткен күндерді ойға аламын.
Менің көкем сол кезде қыстақта еді,
Ұзатпайтын алысқа айдағанын.
Басқарманы деп жүр ғой ел есі ауған,
Балалықтың жарқ етер елесі алдан.
Дәркембай дәу шідерді ұрлаған жоқ
Көкем менің араққа бере салған.
Жеңгеме кеп шұқшиған жейде тігіп,
Көкем жайын сұраймын ой көшіріп.
Іштен тынып қаламыз сосын біздер
Мен сенбеймін болғандай кейде өтірік.
Ту көтерген бала туралы баллада
Маған жұмбақ, маған таңсық бар әлем,
Бар әлемге бас ауыртқан балаң ем.
Қайғы алмаған, байланбаған балғын шақ,
Неткен тәтті, неткен жұмсақ ғажап ең?!
Елден ерек, елден бөлек әлемі,
Еңгезердей үлкен бастық бар еді.
Бұл өмірдің таусылған ба әлегі,
Бұл балаңның таусылған ба өлеңі?
Тексеретін айлық, жылдық тоқсанды,
Сұрайтұғын ылғи сабақ жоспарды,
Мектептегі біздің әлгі директор,
Ту ұстайтын бала бар ма? – деп қалды.
Жымың қаққан бірімізге-біріміз,
Біреуге аға, ал біреуге ініміз.
Жайшылықта жайпайтұғын жан-жағын,
Дәл сол сәтте шықпай қалды үніміз.
Тау суындай тұнық едік, мөлдір ек,
Өрелі аттай жуас едік, өндір ек.
— Мен ұстаймын! – дедім қолды көтеріп,
Тумен түстес галстугым желбіреп.
Екі иығы селк-селк етіп күлсін кеп,
Жүрек кетті жарылардай дүрсілдеп.
— Міне, нағыз еркек! –деді зор үнмен,
— Ту ұстауға туған дара ұлсың! — деп.
Көңілімнің кірін аршып, тазалап,
Аспандатып кетті мені ғажап-ақ.
Ту көтерген батыр, — деді ел мені,
Сөз ұстаған ақын, -деді, — азамат!
Ерді көрдім ту көтерген жиыннан.
Елді көрдім ту астында жиылған.
Желбіреген байрағымда рух бар,
Нағыз ердің маңдайына бұйырған.
Біздер, мына болашақтан үмітті ел,
нағыз ерге ту бер, мінер күлік бер.
Ат сүрінсе, азаматы жығылар
Көк туымыз жығылмасын, жігіттер!
2 орын — Құспанғали Нұрислам
Атырау облысы, Атырау қаласы
Лақап аты — Бөкен ЖҮСІП
«Әділ әкім»
Біздің жақта бір жігіт әкім болып сайланды,
Тағдыр жазып, кіндігі креслоға байланды.
Жұлым-жұлым жұртының жамаған боп жыртығын,
Аз уақытта меңгерді амалыңды, айлаңды.
Жоғарыға бір қарап, үңіледі төменге,
Бұрынғыдай шықпайды көмейінен өлең де.
Оңашада отырып ойланады сәт сайын,
Жаңалықты жап-жақсы жасамақ боп жоқ елде.
Жаман ойға берілмей қалай жүрсін жас, тегі?!
Жылтырақпен арбады жын-шайтанның әскері:
«Қазынасын еліңнің қалауыңша шаш!» деді,
«Қолдан келсе, қиналмай қонышынан бас!» деді.
Пенде бар ма әлемде алып ұрған періні?!
Жас жігіттің жүрегі күннен күнге еріді.
«Сенен асқан әкімді көрмегенмін еш жерден!» –
Сылдыр сөзбен көңілін аулап жүрді серігі.
Ілгеріге жүрмеді бірақ оның істері,
Желім болды жегені, ірің болды ішкені.
Ала жіптен қаншама аттамақ боп жатса да,
Аяғынан тартады бір беймәлім күш кері.
Тек адалдық еді ғой өмірінің бар мәні,
Ібілістің ізіне жолын қалай жалғады?
Оңашада отырып ойға батты ол сосын,
Анасының бір сөзін сонда есіне алғаны…
Анасы айтты:
«Ер болсаң, елің саған аманат,
Адал болсаң еліңе, күн туады ғаламат!
Жалғыз мола секілді жұртта қалып қоймассың,
Жастығыңда жүре бер жақсыларды жағалап!»
Анасы айтты тағы да:
«Ұлым, саған сенемін!
Жасай көрме ешқашан жамандықтың себебін!
Биіктерге шыққаның – бергені ғой Алланың,
Бесігіңнің басында дұға ететін мен едім…»
Тұрақ таппай қиялы қияндарға самғады,
Сәуле құйып тұр екен беймәлім күш жанға әлі.
Дүниенің кеңдігі – дұғасы екен ананың,
Дұғасы екен – жарқырап жұлдызының жанғаны.
Осы жайлы ойланып, көтерілді орнынан,
Кең сияқты көрінді күнде жүрген жол бұған.
Сенім орнап көңілге серпілсе де,
Күн сайын
Сұлу сөзбен семіртті серіктері – сол күмән.
Үйге келсе, мойнына асылады бөбегі,
Ал жұбайы жүгірер қарсы алғандай төрені.
Осылармен жас жігіт биік еді, өр еді!
Осылармен өзінің болашағын көреді!
Жас әкімнің миында кірпіш-ойлар қаланды,
Анасының сөзі еді:
«Әділдікпен сал әнді!
Адал жардың төсегін арамдықпен былғама!
Арам аспен қалайша тойдырасың балаңды?»
Әрбір сөзі ананың азық болар ғасырға!
Әрбір сөзі ананың жаңғырады басында:
«Жақсылыққа жаның қи!
Жамандыққа жолама!»,
«Қырандарды құрмет тұт!
Жыландарға бас ұрма!»
Бұдан кейін өзінің көздерінен өрт көрді,
Бұдан кейін жас әкім өз-өзіне серт берді!
Берік қылды иманын, әділдікпен әрленіп,
Серік қылды жанына тек шындықты шерткенді.
Тұрақ таппай қиялы қияндарға самғады,
Сәуле құйып тұр екен беймәлім күш жанға әлі.
Дүниенің кеңдігі – дұғасы екен ананың,
Дұғасы екен – жарқырап жұлдызының жанғаны.
…Біздің жақта бір жігіт әкім болып сайланды,
Аз уақытта меңгерді амалыңды, айлаңды.
Ардан аттап кетпеді,
Көп ұзамай жатып-ақ
«Әділ әкім» деген ат мойынына байланды.
Веррес туралы баллада
«О, қасиетті Рұм елі!
Сенің мәңгі ұлың болғым келеді!»
…деген Веррес масаттанды өз сөзіне иланып,
Көркеудесін кере түсті лайық санап сыйға анық.
Тарихында қалу үшін ерлігі мол заманның,
Жүректерін жаулау үшін ғазалқұмар ғаламның
Сөйлей түсті губернатор сұлу сөзге еліріп,
Қараңғы елі тыңдап тұрды,
Қошеметтеп адам мың.
Шаттығымен толтырам деп шақтарды,
Көз алдына халықтың елестетті бақтарды.
Бөсе берді үсті-үстіне,
Қиыны –
Қаралады ақтарды!
«О, Сицилия!
Сеніміңді артшы маған!
Болашаққа өздеріңді мен сияқты тартсын адам!
Сендер мені қолдасаңдар,
Қайтарымы ретінде
Елім үшін мен де армансыз алдарыңда шарт сына алам!»
«Жұртым менің!
Құлағыңды сал мұнда!
Арманы жоқ сөз тыңдаған баланың да, шалдың да!»
Губернатор Гай Веррестің аузы-аузына жұқпайды,
Ант-су ішті қараңғы елдің алдында.
«Жер-жаһанға танытамын елімді!
Деп біліңдер барлық дұшпан жеңілді!
Арманыңды орындар
Тарам-тарам жолым бар,
Басшыларың мен боламын сенімді!»
Келешекке бастаймын деп өркенді
Сайлау алдын сұлу сөзбен көмкерді.
Бастарына байлық-бақыт уәде етті,
Күндеріне үміт сыйлап ертеңгі.
Отырған соң губернатор тағына
Сөйлей берді, сөйлей берді тағы да!
Ғұлама боп көрінем деп ойлады,
Ғаламатты айта берді жаныға.
Сайланған соң сол қараңғы елінің
Аяқасты ете салды сенімін.
Шу шығарып бара жатса біреулер,
Ауық-ауық естіртеді тек үнін.
Қарсы келер жан шықпады Верреске,
Білгенінше амал қылды сол бөспе.
Күннен күнге күйі кетіп халықтың,
Қалған үйдей қараяды ел көште.
Жұрттан заңсыз салық жиды ол тағы,
Қараңғы елі дат сұрауға қорқады.
Мал мен мүлік тегін келді – қаласа,
Басылмады билікқұмар өрті әлі.
Рұм елінен біле-тұғын жоқ-барды
Қаншама адам жөн айтуға оқталды.
Бірақ бәрін жымдай етті,
Парамен
Пайдасына шешіп алып соттарды.
Ер шығады сынақ келсе елден де,
Губернатор бірақ оған сенген бе?!
Ұлы Марк Цицеронға тап болды
Кезекті бір сот алдына келгенде.
Уысында тұрғандай боп бар әлем
Бұл жолы да шешпек болды парамен.
Ақиқаты айтылғанда
Сорлының
Жетіп еді зып беруге хәлі әрең.
Тура қарап шындық күткен жүзбенен
Цицероннан халық үміт үзбеген.
Губернатор тергелерде сот жаққа
Куәгерлер келіп тұрды жүздеген!
Жемқорлықты жақтай қойсын қай жерлес,
Ортасынан ешкім оған жай бермес.
Сот шешімі шықпай жатып сол кезде
Бас сауғалап қашып кетті Гай Веррес.
Марк Цицерон сот залында сөйлепті,
«Күшің барда кесапатты жой!» депті!
«Көйлегіне қарап адам сынама,
Адамына қарап сына көйлекті!»
Бір шешеннің орнын басып бір шешен,
Сицилия сол қалпында тұрды есен.
Цицерондар қалмағанда тарихта
Гай Верресті мен де ешқашан білмес ем.
Суық болма, бере алмасаң жылылық,
Тарих талай кезеңдерден тұр ұлып.
Ел есінде қалады екен адамдар
Екі хәлде: бірі – пасық, бірі – ұлық!
О, қасиетті Рұм елі!
Еуропаның етік сынды түбегі,
Жылдар жылжып, ғасыр аунап жатса да,
Сенің дүниең даналықтың шыңы еді!
Цицеронның аты асқақтап аспанда,
Тамырлары топыраққа сіңеді.
P.S.
Жеміс күтіп, жеңіс күтіп күзден де,
Келешектен қазақ күдер үзген бе?!
Кері бұрып жіберетін көшімді
Гай Веррестер керек емес біздерге…
2 орын- Артур Яхуда
Атырау қаласы
Лақап аты — Сағди
Ниет
Алас-күлес.
Апақ-сапақ. Шақ құла,
Адасардай жаяуы да, атты да.
Бір жарыққа сеніп жүрген көңілді,
Бейопада әлдекімдер сатты ма.
Жол ма мынау, бұрылыс па, тоғыс па,
Жел сумаңдап кірер қойын-қонышқа.
Арсыз ойлар алып-қашар аулаққа,
Түлкі билеп, есек озған қоныста.
Қайтпек керек. Тұру үшін еңседен,
Тал басынан, тау тасынан теңселер.
Кеуделер жүр күрескен боп ел үшін,
Ел тағдырын ойлаған боп кеңселер.
Бұл істе һәм бәрі үміткер, үлескер,
Үлескерлер шуылдасқан, үдескен.
Үнсіздікпен аға берер арналар,
Үнсіз кейде басталады күрестер.
Атқа мінсе, бос жіберіп тақымды,
Жат түгілі, жақын бұлдар хақыңды.
Ар алдында адам үлкен болмайды,
Дар алдында тұрғандайын ақырғы.
Ымдаспаса көз астынан иектер,
Жымдаспайды небір ұсақ түйектер.
Алатайға беріп қойдық ерікті,
О, Тәңірім, бізге таза ниет бер!
Адалдыққа сыя қоймас санасы,
Қалталар мен алақандар арасы.
Ежелдегі тазармаған отыз жыл,
Біздің ниет — Авгейдің ат қорасы!
Мәстектерді дәмесінен қағарға,
Мешкейлердің арандарын жарарға,
Алфей менен Пеней суын ағызар,
Бір Геракл керек біздің қоғамға
3 орын – Нұржан Өмірбай
Семей қаласы
Лақап аты — Отан
Кейіс
Тоймайтын қарыныңды соз да шірен.
Қарама,бәрін де же без,ласымен.
Өңештен өтпей жатқан кесектерін
Жұта сал жетімдердің көз жасымен.
Тағы же,араны ашық жемір өңшең,
Таңданбан жеуден ішің кеуіп өлсең.
Кемірген көк теңізде өз кемесін
Көртышқан елестейді сені көрсем.
Ауылға жол салам деп қапы қалма,
Атаңның басы ғана жатыр онда…
Бет сипар бейітіне бетің де жоқ,
Ұялмай тура қарап отырарға.
Қайтесің,қалаңа да қарайлама.
Шетелде қатын-балаң,оңай ма,аға?
Нән үйде жалғызсырап жатқаныңды
Үйі жоқ қазақ ұқсын қалай ғана?..
Түнде ішкен шарабыңа бар ашуың,
Бас жазар табылмай бір жанашырың…
Бір әйел одан сайын басты ауыртты
Еміне ақша сұрап баласының.
Шырылдап бейбақ ана жөнеледі:
“Шетелде ем алуы керек еді…”
Ал бұған маңызды емес не дегені,
“Шетелде демалуым керек еді…”
Тоймадың,жеген сайын көп асадың.
Құлқынның білем күңгірт жол ашарын.
Жұртымның жеп отырсың тәтті үмітін,
Ұлтымның жеп отырсың болашағын.
Сол ұлтқа құның төмен ұлтарақтан!
Араммен ас жемейтін бір табақтан.
Өкіртіп өңешіңнен өтпей қалып,
Өлерсің өкініштен қылтамақтан…
Атағың,абыройың бірге өледі.
Көк тиын сендейлердің құн,беделі.
Жерді де сатып едің,қайда көмер,
Елді де сатып едің,кім көмеді?!.
“Махамбетке”
Баба сен бе басы жоқ,әлде мен бе?!.
Бар күмәнім басымыз бар дегенге…
Өмір сүру емес қой тірі жүру
Қан тамырда жүргенмен,жан денемде.
Баба сен бе басы жоқ,әлде елің бе?!.
Әлде елің бе айналған қамкөңілге.
Басы болса басынып үрмес еді
Шәуілдеген көк көзді кәндегің де!
Басқа шауып,төске өрлеп айды алам деп,
Бас байына бүгіннің айналам деп
Бәрін сатып кетуден тайынбайды-ау
Арын сатын байыған баймағамбет.
Бассыз қоғам,басқа әлем,басқа заңдар.
Ел де,жер де сатылған лас базарлар.
Жеуді ғана білетін жемір өңшең
Жүрегі жоқ,басы жоқ асқазандар…
Оу,Махамбет,намысым,иман,арым!
Дүр рухымен дүниеге сыймағаным.
Дулығаңды қиялдан жасап алып
Кигізетін бас таппай қиналамын…
Қиналғаннан Жайығың тартылардай,
Бассыздар жүр оны да өлтіре алмай.
Жылайды жұрт,жылайды,қайтеді енді,
Көз жасымен арнасын толтырардай…
Баба сен бе басы жоқ,бұл мен дер ем.
Құр атаққа малданған құр кеудемен.
Ердің бассыз қалғаны-ерлігінен,
Елдің бассыз қалғанын кімнен көрем?!.
Найзаң болып қаһарын төккен жасын.
Шарт-шұрт етіп намыстан от қорғасын.
Қалғып кеткен рухымды оятуға
Көрінердей бір күні көктен басың!
Содан қайта дүр рухым орала ма?!!
Қайта оянып намысым сол арада.
Көктен басың көрінер,сенем соған
Бірақ оны бассыздар көре ала ма?..
Ұят
Қомақты қаржыны қолды қылған қылмыскердің фото-видеолары барлық жерде тарап,естіген-көрген желіде жер қылып жамандады. Мен оның үйіндегі ұл-қызының жан-күйін ойладым бір сәт…
Заң не деген қатал еді,
Шындық ащы не деген?..
Тау деп жүрген әкелері
Төмен екен төбеден.
Ақталудың бәрі бекер,
Төмен қалай биіктер?
Керісінше залым екен,
Керім деген кейіпкер.
Әлгі ашкөздің қатесінен
Әулет шекті зиянды.
Тіпті туған әкесінен
Ұл мен қызы ұялды…
Ұялады бала қатты,
Ұялады мектептен.
Мектеп жөндер қаражатты
Әкесі ғой жеп кеткен.
Ойнаудан да тағы қалған.
Бәрі айтып жүр баланың:
“Қалтасына салып алған,
Салмай ойын алаңын.”
Еститіні-таба кілең,
Еститіні-ұрлығы.
Мақтанатын адамымен,
Мазақтайды бұл күні.
Кісен түсті жемір қолға,
Белден басқан заң,арды.
Қамалды әке темірторға
Бала үйге қамалды.
Үйге қалай сыяр жаны,
Салған арам қолыңмен?..
Сен үшін ұл ұялғаны
Ауыр,ауыр өлімнен…
Азаматтар,бұрыңдаршы
Арға тура жүзіңді.
Ұлтқа қызмет қылыңдаршы
Ұялтпай ұл-қызыңды!
3 орын- Асланбек Шығыр
Атырау қаласы
Лақап аты — Білге
БІЗДІҢ ЕРМЕК немесе motivation
…Үлкендерге жәрдем қылып бата алды,
Сыйлап өсті құрбы менен қатарды.
Елім үшін тер төгем деп бекінген,
Біздің Ермек ең жас әкім атанды.
Өткен жылы шаңырағын көтерді,
Құда қылды қиыспаған екі елді.
Асыл жары екі ауылды қуантып,
Дүниеге егіз ұлды әкелді.
Ата-әже, әке-шеше шаттанып,
Біздің бала жарады,- деп мақтанып.
Туыс келді, көрші, құда, дос келді,
Қуаныштың көз жасы да жатты ағып.
Ермек өзі әділдікті ту еткен
Азамат қой,
Адалдығы жүректе.
Қуаныштан жүзі балбұл жанады,
Арналды оған игі, ізгі тілек те.
Әділ,- деді тұңғышының есімін,
Адал,- деді екіншісін,
-өс, ұлым.
Егіз ұлын кезек-кезек сүйеді,
Ермекжанның берді Құдай несібін.
Ермек – жалпы жігіт қой бар айтары,
Таңда кетіп, үйіне кеш қайтады.
Ойлайтыны — елдің қамы, жұрт қамы,
Өзгелер де іскерлігін байқады.
Еңбек етіп, жөнге салып бұзығын,
Туралады тағдырының сызығын.
Берсем,- дейді, сұрағанын халқының,
Көрсем,- дейді, егіз ұлдың қызығын.
Өйстіп жүріп, ауылын да көктетті,
Іскерлігі Ермекті де етті епті.
Ауыл жұрты ізгі, ойлы жігітті,
Біздің Ермек, біздің Ермек,- деп кетті.
Ермек келіп, ауыл, міне жайқалды,
Шешілмеген мәселені тойтарды.
Бәле іздеген бәлеқор мен нашарды,
Білімді ұлан талай-талай қайтарды.
Шабады Ермек халық жүгін артып ап,
Бұл ауылдың көрді, рас, халқы бақ.
Көшелердің жанды түрлі шырағы,
Болашақтың шамдарындай жарқырап.
Ауылында атқарылды көптеп іс,
Бұрынғыдай боп жүрген жоқ көп керіс.
Ауылыма жол салсам ғой,- деп еді,
Бүгін, міне жолдары да теп-тегіс.
Біздің Ермек өзгелерден ілгері,
Облысқа ұнайды оның білгені.
Әділдік пен Адалдықты ту етіп,
Өтіп жатты Ермекжанның күндері.
Батырым,- деп қысылса елдің тақымы,
Қуанады жаты менен жақыны.
Екі жылда елдің іші гүлдеді,
Ермек енді — облыстың әкімі…
Сүйем осы Отанды,
Сүйем байтақ даламды.
Бердің ұлға батаңды,
Бастым алғаш қадамды.
Сүйем күллі аймақты,
Өзен-көлін сүйемін.
Кіндігімді байлапты,
Осы жұртқа киелі.
Байланғасын кіндігім,
Ажыраман мен сенен.
Рухым биік тұр бүгін,
Бәсің солай өлшенер.
Атың талай жырланар,
Аласармас арманым.
Кіндік-жұрттың кім қалар,
Өркендемей қалғанын.
Кірпішің боп қалансам,
Одан басқа жоқ арман.
Топырақтан жаралсам,
Отан, сенен жаралғам.
Анам сөзін бес күннің,
Заңы сынды көремін:
Ала жібін ешкімнің
Аттамашы дегенін.
Ұмытпан бұл заңдарды,
Темірқазық сол маған.
Сенен кеткен жандарды,
Көрген кезде қорланам.
Сиремесін қатарым,
Берсін Құдай тілекті.
Сенің қамың, Отаным,
Ауыртсам да жүректі.
Берік қылсын мәуелі,
Отанымның іргесін.
Адалдықтың дәнегі,
Бар жүректе бүрлесін.
3 орын – Қожабекова Жұлдыз
Ақтөбе қаласы
Лақап аты – жұлдыз жүзік
АР МЕН АҚШАНЫҢ АЙТЫСЫ
“Бақаның бағынан, сұңқардың соры артық”
Жұмекен Нәжімеденов
Кеше ғана қызметін бастаған,
Іске құштар еді ол да жас маман.
Ал бүгінде басқа қиял, басқа үміт,
Бастық болды жалындаған жас жігіт.
Буы ма екен мәртебелі мансаптың,
Тамырынан ажырады алшақ тым.
Төбесінен қарап тұрып төменге,
Ақыл айта бастағандай көөөп елге.
Қай кезде де айла, қулық, сыйлықтың,
Мекені еді айналасы биліктің.
Мейрам болып өтіп жатты әр күні,
Мейман қылып, төр ұсынды барлығы.
Шекпен жауып, мақтай берді көпіртіп,
(Шайтан бұны кеткендей ме, о түртіп?)
Мансап буы жіберді оны мас қылып,
Өз-өзіне ұқсамады жас жігіт…
Астына оның бұйырғалы Тақ мекен,
Қанша ағасы арқасынан қақты екен?
Бір көкесі шешкізбекке бір ісін,
Арнайылап іздеп кепті інісін.
“Рахметін” ақ қағазға орапты.
Қысылмастан, қаржы ұсынып қомақты…
Қарап тұрып, ақша толы конвертке,
Ар-ұяты жігіт жанын алды өртке…
Бір жақта- Ар, бір жақта -ақша қағазы,
Алдында тұр тағдыр деген таразы.
Сөйлеп кетті Ақша сонда лепіріп,
Екі мұрат, екі өкініш, екі үміт:
— Менсіз, сірә адамдарға күн қайда?
Тірлігің де көне қоймас ыңғайға.
Мен жүрген жер үлбіреген үміт қой,
Өмірің де жеңілдейді біліп қой!
Қолымда тұр денсаулығың, білімің,
Мені ұстасаң, ұзарады құрығың.
Шын байысаң, шылқымай ма шекең де,
Ата-анаңды қыдыртасың шетелге.
Әйеліңе шуба, алтын әперіп,
Балдарыңа міндетіңді орындайсың әкелік.
Ақшаң болса, көпшілікке құрметтісің, сыйлысың,
Қымбат көлік мініп алып, үйлісің де күйлісің.
Алып жатқан алғашқы адам емессің ғой елде сен,
Бір-ақ рет қолыңа алып, жұмсап көрші сенбесең!
Осы кезде Ар айтты:
Мына әңгіме жүрегімді қарайтты!
Ар соты сияқты ішкі деп,
Өлімнен ұят күшті деп,
Тимесе елге үлесің көп,
Тек жүрсең, тоқ жүресің деп,
Атаң қазақ кісі ақысын жемеген,
Шындығында ұлы халық не деген?!
Бақсаң, егер ақшасы бар бақытты емес бай біткен,
Абыройың өлшенбейді ешбір дүние байлықпен.
Адал атқа дақ түссе егер бір рет,
Оны ешбір жуа алмайды құдірет.
Арам ақша- қамалаған күңгірт ой мен ми тұман
Дүниеде қымбат не бар, түнгі тыныш ұйқыдан?
Күшің тасып, кісі ақысын жеп бостан-бос күшенбе,
Заңнан қанша қашқаныңмен, жан дүниең кісенде…
Арам жолмен келер болса ақша құн,
Одан биік болу керек арманың мен мақсатың!
Абыройдың астарында жасырынып жатады,
Ұрпағыңа қалдыратын Адам деген жақсы атың!
Әділдіктің соқпағына шығар болсаң жол артып,
Өзіңнің де ел алдында абыройың болар тік.
Бақалардың бағынан да, сұңқарлардың соры артық.
Сондықтан да мені ешқашан алмағайсың жоғалтып.
Ақша үнсіз..
Таразының басып кетті Ар жағы,
Көшелі ұл көкесінің көк тиынын алмады!
Жылдар жылжып, адал жолмен жігіт жетті мұратқа,
Кір шалдырмай, дақ қалдырмай
Адам деген ұлы атқа!
АТАЖҰРТТАН АДАЛДЫҚ
Сақтардан салт, ғұндардан ғұрып қалған,
Бірлігіңнің жолында бірікті арман.
Сонау атам заманнан біздің елде,
Ұлы Адалдық қашан да ұлықталған.
Ірілікті ұстан да іргеңді ойла,
Өмір атты бәйгеге кірген бойда.
Бесігіңде жатқанда сол адалдық,
Әлдиімен анаңның сіңген бойға.
Шыр айналып ұршықтай шебер ғалам,
Тегіменен бойлаған тереңге адам.
Тұсауыңды кескенде тәй-тәй басып,
“Ала жіпті аттама!” деген бабаң…
Табаныңды тайдырар тақтан лезде,
Тоқ жүрем деп тілекші топтан безбе!
“Ашта жеген құйқаңды ұмытпа” дер,
Ашамайға мінгізіп жатқан кезде.
Үй болу да міндетің заманнан сан,
Көтересің шаңырақ қамалды алсаң.
Отанын да қорғайды деп сенеді ел,
Отауыңа егер де адал болсаң!
Елге көмек беруің “Асар” әдет,
Көршіңе де көрсетпе нашар әдеп.
Атам қазақ құяды құлағыңа:
“Аманатқа қиянат жасама” деп!
Саят құру — аң аулап, құс атысың,
Саяқ тұру, кісімсу — құса тұсың.
Үйде тіпті түзде де біздің қазақ:
Үйретеді жеме деп кісі ақысын!
Ағат бассаң, ағаңа жазалысың,
Әділетке жұмсалсын таза күшің.
Ел тізгінін қолына алған сәтте,
“Тура биде туған жоқ!” қазақ үшін.
Жаттасын деп ұрпағым терме, нақыл
Қариясы бата мен берген ақыл.
Елге тұтқа болатын ерді көрсе:
“Шықсын дейді тізгінді ап төрге батыл!”
Ар, адалдық қазаққа күретамыр,
Әділдік пен келеді іле сабыр.
Бал таматын жалғаннан біздің жұртқа,
Қан таматын шындықтың үлесі ауыр!
Елді ойлайтын азамат туылар сан,
Әділеттің қылышын суыр алшаң.
Адалдықты алдыңа бағдаршам ет,
Ата жұрт пен атаңның тілін алсаң!
Арнайы жүлде – Сандуғаш Серікқызы
Алматы қаласы
Лақап аты –Қоңыр
«РУХ РЕВОЛЮЦИЯСЫ» өлеңдер циклы
Триггер
Негізі əділет сөйлейді,
бірақ естімейсің –
өкпең кедергі.
Негізі ол өте жақын,
бірақ қолың жетпейді –
өз пайдасына шешкен кедергі.
Негізі ол ішіңде,
жасырын өзіңе,
бізге де.
Сол жерден таппасаң –
соттан да, елден де,
ешкімнен іздеме!
Абсурд
Толық адам жоқ бұл күні,
Толық лауазымдар бар алмасқан.
Ар – архивте.
Жүрек – музейде.
Ұят – ескі кітап сөресінде шаң басқан.
Сезімдер – смартфонда өмір сүрсе,
Мейірім – тек балаға арналған ертегіде.
Əділет сатылып жүр,
Қалталылар қаптаған жерде, міне!
Біз Абайдың сөзін жатқа білетінбіз.
Біз Абылайласа, атқа мінетінбіз.
Қазіргі ісіміз – бөлек.
Көңіліміз – бос,
Көзіміз – толы.
Бізді қайда апарар екен,
Өмірдің жолы?
Адамның кейбір кездері
1.Тазалық – баланың тынысындай жұпар,
Бірақ менің демімнен темірдің иісі шығар…
2. Топырақ – қолымда!
Бұл даналықтың иісі ме,
Əлде жанымнан түскен шаң ба –
ажырата алмадым оны да.
3. Біреу – балға,
Біреу – күрек,
Ал сен – қирап жатқан кірпішке ұқсайсың, Жүрек!
4. Түнде шеге боп түс көріппін.
Қабырғаға қадалып, егестім.
Іштей айқайлап жаттым:
«Мен де бірнəрсені ұстап тұрмын!
Мен де керексіз емеспін!».
5. Жанашырлық – дауыспен емес,
өмірмен өлшенеді…
Жаныңнан қан аққанда ғана,
Көзіңді құм жапқанда ғана ел сенеді.
Пікірлеу Қарапайым ғалам.
Қарапайым əлем.
Қарапайым саған
Қарапайым менен –
Қарапайым өлең!
Қарапайым аспан,
Қарапайым күн де.
Қарапайым тастар,
Қарапайым гүл де!
Таба алмадым жерден –
тəкаппарлық мүлде!
Қарапайым жолдар.
Қарапайым ойлар.
Қарапайым сезім.
Қарапайым арман.
Тазалықты көрдім –
Қарапайымдардан.
Қарапайым жаны.
Қарапайым көзі.
Қарапайым бəрі:
ойы, өзі, сөзі.
Адамның ең сұлу – қарапайым кезі.
Қарапайым сенім.
Қарапайым көңіл.
Қарапайым өлім.
Қарапайым өмір.
Қарапайымдардың –
Қос өмірі жеңіл…
Архетип Қолдарым –
Темір ұстағаннан емес,
Арыммен арпалысып қанға боялды.
Түнге кірпіш боп қаланып,
Таңда есіктің табалдырығында ояндым.
Біреу біреуге аяғын сүртті,
Біреу тобығымен кешіп жүр жұртты.
Біреу біреуге «рақмет» деуін,
Жұлдыздар ағаштың саусақтарына ілініп күтті.
Күресу – мен ойлағандай ма?
Жаным отқа түсіп,
Жүрегім құмға айналардай ма?
Қағазға қаламмен тақырып соқсам –
Алдымда Абайдың көзі,
Көзі емес,
Өзімнің ішкі жарығым екен,
Мен оны таныдым ба екен?
Мен өзімді таныдым ба екен?
Сонда не үшін жанталасып жүрмін?
Өзімді алдау үшін бе?
Жоқ.
Қоғамнан қалмау үшін бе?
Жоқ.
Ішкі даусымды қорғау үшін!
Сол дауыс:
– Сен адамсың ба? –
деп сұрады кенет менен.
Міне, осы сұрақты жоғалтып алмау үшін
Еңбектенем!..
Арнайы жүлде — Сұлтанғазы Асыл
Жетісу облысы, Талдықорған қаласы
Лақап аты – Арда би
Тасмүсінмен тілдесу
(Баллада)
Бір ізгілік көкжиектен көрінді,
Жанарыма сиятын.
Ұмытып ем ұлттың атын, ұятын;
қуанышын,
күдік,
үміт,
миятын…
Көзең бар ма, көздің жасын құятын?
Сілкіп ішіп, сарқып ішіп көз жасын,
Тағылымды кеш аламын өз басым.
Ей, тасмүсін,
бір аңыз бар бағзыдан,
Қорқыт-көңіл солар жайлы қозғасын.
Таңда жүріп тандыр кепкен кезеңде,
шөл қандырмай өмір атты өзенге.
Екі өрен – бір шәрінің құлыны,
Бағдатқа жетпей ерні кезерген.
Кеште жүріп кенезеге қақ тұрып,
Шаттық, ойын, балалықты лақтырып.
Екі өрен жұртқа тұтқа болмаққа,
Білім жолға түскен екен аптығып.
Сан мехнат жол өткерген екі өрен,
Сан жыл сарсаң сүрдек басқан екі өрен.
Көздің майын ғылым қуып өтеген,
Сөздің жайын бізде айтылық төтеден.
…Мақсат, Мақсұм Бағдаттан нәр алған,
Білім қуған, білікті боп жаралған.
Әулие ұстаз алдын көрген қос саңлақ,
Елге келіп жол кешіпті әр алуан.
Мақсат елге әкім болған көреген,
Табылыпты манат, мақпал төбеден.
Тамыр үзбей тектіліктен, өреден,
Ақ бастауын алған екен көнеден.
Елге құстың мамығындай жұмсақ-ты,
Ақыл-ойын болашаққа жұмсапты.
Кебісінің ақ ұлтанын тесердей,
Көш басында көз ілмепті бір сәтте.
Адалынан тер саулатқан ел үшін,
Алалынан тапқан тірлік жеңісін.
Аяз бидің шапанындай сол Мақсат
өлген кезде, сүйген жұрты кебісін.
Ал, Мақсұм ше?
ақыл дария тасыған,
Ынсабына ырық берген жасынан.
Бірақ… оның бар білімі өзінің
аса алмапты мақтанқұмар басынан.
Ел ырсын шашып жепті сұраусыз,
Жайсаңдарды жібірлепті бұлаусыз.
«Мақсұм елі» деп атапты ауылын
Іс қылғанын кеш біліпті құрусыз.
Мәселені тек парамен шешіпті,
Лайсаң жолды белшесінен кешіпті.
О, осылай ақ білімнің өтеуін,
Арсыздықпен шайқағанын кеш ұқты.
Мақсұм өлген…
өмір – жалған көш еді,
Керуен жолда ізің қалай өшеді?
Жерлігіне адам шықпай, ұлдары,
Жылап жүріп «жолға сапты» көшелі.
Ақыретке тек ұрпағы жөнеген,
Орын апты адам бармас төбеден.
«Елге мырза, азамат бол білікті,
Ей, жарандар тамыр үзбе көнеден», –
дегім келді,
дегім келді, тасмүсін,
Қарт Алатау тарсын түзу тәспісін.
Сен – бақилық,
Мен – пәнилік, қос мұңлық,
Адамзаттың толғап айттық нәпсісін.
Бір ізгілік көкжиектен көрінді,
Жанарыма сиятын.
Көзем қайда, көздің жасын құятын?!
Өмір жалған,
Адам адам болған соң,
Жастап өлсе керек еді-ау, ұятын!
ЕСІЛГЕ СЫР
Адамнан артылған ба айла, кесір,
Жасырды жағалауың қайда, не сыр?
Көмкеріп шежірені көкірегіңе,
Көрмеген шерің бар ма, қайран Есіл!
(Ұшып жүр аспаныңда елесі әлі,
Басы жоқ, батыр рухты Кенесары.
Тұл үйде тұлғасы бар, тулағы жоқ,
Сынады ұрпағыңның не сағы?)
Уа, Есіл!
Есілді кім аңсамайды?
Тағдырың елестетер тар самайды.
Мұңсыздай міз мақпайды жағалауың,
Қараөткел өткерсе де қанша қайғы!
Жасырып толқыныңа дала сырын,
Жасырып қойнауыңа бар асылын.
Өткенге көз саласың өкінішпен,
Мөлтілдеп жасқа толы қарашығың.
*
Бүгін ше?
Бөлек тіпті бүгінгі Есіл!
Жатқандай күнінде сыр, түнінде сыр.
Елімнің елордасын тіккен жерде,
Салынған сүрлеуінен сүрінбес ұл…
Қанында намыс пенен кек те қайнап,
Хан Кене дұшпанына еткен айбат.
Рухындай бабамыздың бейбіт күні
Барады “Бәйтерек” рух көкке бойлап.
Қасқайып Ханшатыр тұр қада берік,
Төбесін сәуле сүйіп, самал өбіп.
Қаз-қатар тұрғызылған ғимараттар,
Көшеңе қосатындай жаңа көрік.
Менменсіп құбылатын мезі желдей,
Алдынан аңсағаны кезігердей.
“Тарланың” зулай ақты сонау төрден,
Тар жолын тағдырының көзіне ілмей…
Уа, Есіл!
Есіл ерлер туған мекен.
Өзіңе байғазым жоқ жырдан бөтен.
Еңсесі биік тұрған Ақ ордаңа,
Еріксіз кіретұғын күн бар ма екен?
Арнайы жүлде — Қалижан Еркеназ
Атырау қаласы
Лақап аты — Айкербез
Қамшының киесі
(немесе адалдық туралы баллада)
Бала кезім, білмейтін жасымды анық,
Қараша үйге жетуші ек кеш ырғалып.
Қоңыр күздің күні еді, тете ағаммен
Асық ойнап жүруші ек асыр салып.
Елес қуып кеткендей қай-қайдағы,
Жанықты ағам, денесін тер бойлады.
Ат байлайтын қазықтың дәл қасынан
«Қамшы тауып алдым», — деп айқайлады.
Ағам мәз, орындалып ішкі арманы,
Бермейді бізге, бәлкім қызғанғаны.
Өрімі де ерекше ол ғажаптың,
Тобылғыдан жасалған ұстар сабы.
Үйге асықты бір сәтте қапылысып,
Жанарынан төккендей жарық үзік.
«Қамшы тауып әкелдім әке, сізге»
Деді ағам ақ көңілі алып-ұшып.
Бөлме іші үнсіздік даңғарадай,
Әкем бұл олжасына оң қарамай.
Кенет, қолдан жұлып ап сол қамшыны,
Арқасынан ағамның салды аямай.
Қарауытып алдында бар алабы,
Жүзеге аспай ойдағы жорамалы.
Тәлтіректеп ағамның тұла бойы,
Көзінен жас тоқтаусыз домалады.
Әкем беттен сорғалап адал тері,
Ағама қарап әбден бозарды өңі:
«Рұқсатсыз затын алма енді ешкімнің,
Қайдан алдың, сол жерге апар», — деді.
Есін жияр-жимастан ағам әлі,
Жүгіре басты қызып жан алауы.
Кері тастап қамшыны қазыққа кеп,
Қайырылып артына қарамады.
Жүйткісе де уақыттың жол арбасы,
Лайланбады адалдық сол арнасы.
Көзді арбайын дегенде қызыл-жасыл,
Сыздайды екен ағамның жон арқасы.
Мен де еске сол сәтті жиі аламын,
Көкірек-көз шалады қиядағын.
Топ бастаған талайлар білсе, шіркін,
Қолға ұстаған қамшыда кие барын!..

