Қонаев әкімі кәсіпкерлерді делдалсыз сауда жасауға шақырды

Күні кеше Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әріновтың тапсырмасымен Қонаевтағы «Айша Сити» базарында «Алмалы өнімдері» әлеуметтік павильоны ашылды.

Бастаманың негізгі мақсаты – қала тұрғындарын қолжетімді бағадағы сапалы азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету.

«Ашылған күні 13 шаруа қожалығы жалпы көлемі 5,3 тонна ет, сүт және балық өнімдерін саудалады. Мұнда саудагерлерге 40 орын қарастырылған. Павильонда ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз өнімдерін делдалсыз тұтынушыларға ұсына алады. Кәсіпкерлерді әлеуметтік павильонда жұмыс істеуге шақырамыз», – деді қала әкімі Асхат Бердіханов.

Сонымен қатар шаһар басшысы мұндағы өнімдер нарықтық бағадан 10-15% арзан сатылып жатқанын атап өтті. Павильон таңғы 9.00-ден кешкі 17.00 аралығында жұмыс істейді.

Тұрғындар да жаңа сауда орнының ашылғанына дән риза. Мысалы, Мадина Жеңісқызы енді тек осы жерден ет сатып алатынын айтты.

«Мұнда сиыр еті 3500 теңгеден сатылып жатыр. Бағасы өте қолжетімді. Енді осы жерден ғана ет сатып аламыз. Көңілімізден шықты», – деді ол.

Мадинаның бұл пікірімен тұрғын Татьяна Бекшентаева да келісіп отыр.

«Кеше ашылғанын естіп, бүгін келдім. Бағалар шынымен арзан. Баршаңызды «Алмалы өнімдерінен» сауда жасауға шақырамын», – деді тұрғын.

Сауданы ұйымдастыру мәселелері бойынша Қонаев қаласы ауыл шаруашылығы бөлімінің 8 707 140 37 52 нөміріне хабарласуға болады.

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke