Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов тұрғындармен кездесу өткізді. Сондай-ақ ол жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы айтып, қала дамуына қатысты өзекті мәселелерге тоқталды.
Биыл Қонаевта 13 көпқабатты тұрғын үйдің шатыры мен 19 ғимараттың қасбеті жөнделіп, 65 балалар және спорт алаңы ретке келтірілді. №6, №7 жағажайлар мен Солтүстік жағалау абаттандырылды. Шеңгелді ауылында демеушілердің қолдауымен жаңа өрт сөндіру бекеті салынды.
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Олардың қатарында балалар және спорт алаңдарын салу, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары бар.
Қала басшысы инвестициялық белсенділіктің артқанын да атап өтті. Қонаевта 3 млрд теңге инвестиция тарту арқылы «Интермед Плюс» кардиологиялық орталығы ашылып, 100 жаңа жұмыс орны құрылды. Құны 65 млрд теңгені құрайтын «Самұрық» тұрғын үй кешенінің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар 11 млрд теңге инвестиция тарту көзделген қалдықтарды қайта өңдеу зауытының жобасы әзірленуде.
Асхат Бердіханов «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да тоқталды.

