Мемлекет басшысы бекіткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің негізгі бағыттарының бірі ретінде меритократия қағидатын толық іске асыру қажеттігі көрсетілген. Тұжырымдамада меритократия мемлекеттік қызметке іріктеу және қызмет бойынша ілгерілету құзыретке, кәсіби дағдыға және еңбек нәтижесіне негізделуі тиіс екені атап өтіледі.
Сонымен қатар тұжырымдама мемлекеттік қызметтің гибридті моделіне көшу арқылы меритократия қағидатын толық іске асыруды, іріктеу рәсімдерін жеңілдетуді, барлық кандидаттар үшін тең мүмкіндік қалыптастыруды көздейді.
Бұл бағыт мемлекеттік қызметтегі адами факторды азайту, әділдік пен ашықтықты арттыру арқылы халық сенімін күшейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен қоғам сенімінің артуы – мемлекеттік қызметтегі кадрлық саясаттың әділ әрі ашық болуына тікелей байланысты. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет жүйесінде орныққан маңызды қағидалардың бірі – меритократия.
Меритократия ұғымы мемлекеттік қызметте нақты әрі заңмен бекітілген қағида ретінде көрініс табады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі ретінде меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету деп көрсетілген.
Бұл қағида мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі тек тәжірибесіне емес, нақты нәтижесі мен кәсібилігіне, еңбегі мен жетістіктеріне негізделуі тиіс екенін білдіреді.
Мемлекеттік қызметтегі кадрлық іріктеу мен өсудің негізгі құралдарының бірі – конкурстық рәсімдер. Соның ішінде, «Б» корпусының бос лауазымдарын толықтыру кезінде ішкі конкурс өткізу тәжірибесі кеңінен қолданылады. Заңнамаға сәйкес ішкі конкурсқа мемлекеттік органның өз қызметшілері қатыса алады.
Бұл – мемлекеттік қызметшінің кәсіби өсуіне мүмкіндік беріп, еңбек нәтижесін бағалау арқылы жаңа лауазымға іріктеудің тиімді тетігі.
Алматы облысының жергілікті атқарушы органдарында меритократия қағидатын іске асыру бағытында нақты нәтижелер байқалады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ішкі конкурстар нәтижесінде бос лауазымдарға 122 мемлекеттік қызметші тағайындалды, оның ішінде 81 қызметші бұрын төменгі лауазымдарда қызмет атқарған. Бұл ретте меритократияның үлесі 72,3% дейін өсіп отыр.
Яғни 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы меритократия үлесі 6,3% өскен.
Осы мәліметтер кадрлық ілгерілетуде әділдік қағидатының күшейіп келе жатқанын және мансаптық өсудің нақты кәсіби тәжірибемен байланысып отырғанын көрсетеді.
Қорыта айтқанда, меритократия – мемлекеттік қызметтің тұрақты дамуының, кәсіби аппарат қалыптастырудың және әділетті кадрлық саясаттың берік негізі.
Алдағы уақытта меритократия қағидатын жүйелі түрде нығайту — мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін көтеруге, адал әрі нәтижелі мемлекеттік аппарат қалыптастыруға қызмет ететін маңызды қадам болмақ.
Нұрсұлтан СЕЙДАЛИЕВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі Алматы облысы бойынша
департаментінің басшысы

