Қазақстанда әскерге шақыру жүйесі біртіндеп цифрлық форматқа көшіп, азаматтар үшін қолжетімді әрі түсінікті бола бастады. ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінесәйкес, бүгінгі күні әрбір әскерге шақырылушы өз мәртебесін алдын ала тексеріп, қажетті құжаттарын дайындап, құқықтық жағдайын нақтылай алады. Бұл – кейін туындайтын түсініспеушіліктердің алдын алудың негізгі тетіктерінің бірі.
Бүгінде әскерге шақыру жүйесі мемлекеттік ақпараттық базалармен біріктірілген. Азамат туралы негізгі деректер – білімі, отбасылық жағдайы, жұмыс орны мен тіркеуі – көп жағдайда әскери басқару органдарына автоматты түрде қолжетімді. Бұл өз кезегінде құжат жинау процесін жеңілдеткенімен, жауапкершілікті толықтай алып тастамайды. Егер мәліметтер толық емес немесе ескірген болса, оны нақтылау міндеті азаматтың өзіне жүктеледі.
Әскерге шақырылу мәртебесін тексерудің ең тиімді жолы – eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы. Бұл сервистер арқылы азамат өзінің әскерге шақырылатынын, кейінге қалдыру құқығы бар-жоғын, сондай-ақ қосымша құжаттардың қажет екенін алдын ала біле алады. Мұндай мүмкіндік әсіресе оқу немесе жұмыс жоспарларын нақтылауда маңызды.
Қорғаныс министрлігі ерекше атап өткен мәселе – кез келген жеңілдік немесе кейінге қалдыру тек құжатпен расталуы тиіс. Яғни оқу орнында білім алып жүргенін, денсаулық жағдайын немесе отбасылық міндеттерін дәлелдейтін ресми анықтамаларсыз ешқандай негіз қарастырылмайды. Бұл талап заңнамада нақты бекітілген.
Қолданыстағы тәртіпке сәйкес, әскерге шақырудан кейінге қалдыру уақытша сипатқа ие. Ол күндізгі бөлімде оқитын студенттерге, денсаулығына байланысты емделіп жүрген азаматтарға, сондай-ақ асырауында адамдар бар немесе күтім жасайтын туыстары бар тұлғаларға беріледі. Сонымен қатар жекелеген мамандық иелері үшін де осындай мүмкіндік қарастырылған.
Ал толық босатылатын азаматтар санаты бөлек анықталған. Олардың қатарында медициналық комиссия қорытындысы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылғандар, бұрын әскери қызмет өткергендер және заңда көзделген өзге де тұлғалар бар. Мұндай жағдайда босату тұрақты сипатқа ие және жыл сайын қайта растауды талап етпейді.
Маңызды жайттардың бірі – шетелде жүрген азаматтардың жағдайы. Елден тыс жерде болу әскерге есептен босатпайды. Мұндай жағдайда азамат жергілікті әскери басқару органын хабардар етіп, болмау себебін құжатпен дәлелдеуі тиіс. Бұл оқу немесе жұмысқа байланысты болуы мүмкін. Қажет болған жағдайда байланыс Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері арқылы жүзеге асырылады.
Сарапшылардың пікірінше, әскерге шақыру жүйесінің цифрландырылуы ашықтықты арттырып, азаматтар үшін процесті жеңілдеткен. Дегенмен негізгі жауапкершілік өзгеріссіз қалады: әрбір азамат өз мәртебесін уақытылы тексеріп, қажетті құжаттарын реттеп отыруы тиіс. Бұл – заң талаптарын орындаумен қатар, жеке жоспарларды дұрыс құруға мүмкіндік береді.
Шолпан Қараева

