Аулада өскен Құралай

(әңгіме)

Атақты күй атасы Құрманғазының «Ақсақ киік» күйінің шығу тарихы бойынша аңыз әңгіме желісінен: Құрманғазы бір топ жігітпен аңға шығып, сайын даланың киігін қуып, тарсылдатып атып жүреді. Сонда Құрманғазының жанында жүрген жігіттер:

– Құрманғазы, қане, сенің мергендігіңді көрейікші, анау қашып бара жатқан киікке тигізе аласың ба? – деп қолқа салады.

Сонда Құрманғазы атқан оқ киіктің аяғына тиеді. Ақсаңдай қашып бара жатқан киікті көрген Құрманғазы ақсақ киіктің артына қайырылып, құралайына бөгелгенін аңдап қалады. Сайын дала саятшылық сауығымен қатар келген мына бір жағдай Құрманғазының мырза көңілін дереу аяныш сезімге бөлеп, басқа арнаға бұрып әкетеді.

– Киікті атпаңдар! Енесі өлсе, құралайының күйі не болмақ?! – дей отырып, «Ақсақ киік» күйін тарта жөнелсе керек.

ххх

Құйрығы жоқ, жалы жоқ құлан қайтіп күн көрер?

Аяғы жоқ, қолы жоқ жылан қайтіп күн көрер?

Көлде жүрген қоңыр қаз қыр қадірін не білсін?

Қырда жүрген дуадақ су қадірін не білсін?

Асан қайғы

Жаздың бір жайдары жақсы күні аудандық аурухананың алдына жедел жәрдем бөлімінің сұр УАЗ автокөлігі тоқтай қалды. Жедел жәрдем жүргізушілері екі-үшеу, ауысыммен жұмыс істейтін. Бүгінгі жүргізуші – сары Мұрат, бойы аласа, жұқа жігіт болатын. Ал УАЗ-дың жолаушыларға арналған оң жақ орындық жағынан бір аяғы бүгілген (кемістігі бар еді) ақсақ Бөкен аузын толтырып бірдеңелерді айтып, дүңкілдеп сөйлеп, түсіп келеді. Ол кісінің де бойы аласалау, дауысы екпінділеу, күрілдеп сөйлейтін. Өзі өте таза жүретін, тіпті ауылды жерде тұрсақ та, көбіне қараға жақындау түсті классикалық шалбар киетін. Аяқ киімі де жылтырап тұратын. Әлде көсе болды ма?! Еш уақытта бір шашы өсіп, қырынбай, күтімсіз болып жүрген сәтін көрген емеспін. Ақсақ Бөкен ағамыздың сол кездегі жас шамасы отыздан мол асқан, қырыққа таяу еді. Бүгінгі мына жүрісі – кезекті ауысымда жүрсе де, күннің ыстығында аздап ұрттап алған. Ішіне бірдеңе барған кезде көбірек сөйлеп, дауысы тіпті қаттырақ шығатын. Ауысымда жүріп алкогольдік ішімдік ішетіні өте жиі емес, бірақ аңғарған адамға арақтың иісі ара-тұра сезілетін. Сондағысы: «Смендегі скорыйдыңспирті» деп қоятын ғой. Қасында жүрген қызметтес жігіттер бірдеңе деді ме, әйтеуір УАЗ-дан шамданған кейіпте түсуде. Кейбір қызық қуған әзілкеш жігіттер ағамыздың қытығына тиіп, қалжыңдап ойнайтын. Бөкен ағамыз аудандық ауруханада көп жылдар бойы фельдшер болып жұмыс істеді. Ауыл жұртшылығының мейіріміне бөленген ақ халатты абзал жан-тұғын. Аурухана басшылығы да кейде осындай ауысымда жүріп ұрттаған кездеріне кешіріммен қарап жататын. Ел ішінде танымал, біреулері кемістігіне қарап «Ақсақ Бөкен» десе, ал кей жұртшылық «фельдшер Бөкен» деп те атайтын. Бөкен ағамыздың ақсақтығы туа біткен кемістік пе, әлде белгілі бір апат салдарынан болған кемістік пе, оны ауыл адамдары көп біле қоймайтын. Өйткені ол кісі 1970 жылдары аудан құрылып, ауылымыз аудан орталығы болып жатқан кездері басқа елден ауып келген көрінеді.

Аурухана қызыл күйдірілген кірпіштен салынған үш қабатты үлкен ғимарат еді. Территориялық жер көлемі де жетіп артылатын. Алды-арты толықтай биік ақ бетон қоршаумен қоршалған. Ауласы таза, гүл өсіріліп, үнемі емхана қызметкерлері уақытылы күтім жүргізіп отыратын. Ауладағы көкке ұмтылып, бой көтерген ағаштардың жазды күнгі қоңыр салқын көлеңкесі –тәулікке тәуелді емес, қайнап жатқан тіршілікке тән медициналық дамылсыз қызметтен бейхабар, қаперсіз ізетпен иіліп сәлем салатындай болып көрінетін.

Сол негізгі үлкен ғимараттың артын ала бір қабатты, ұзынынан түскен әкімшілік-шаруашылыққа арналған қосалқы корпустың бір бөлмесінде екі жасар Құралайымен ақсақ Бөкен ағамыз тұратын. Шамасы, кішкене қыздың шешесі қайтыс болған. Ауылға қоныс аударып келгенде Құралайы екеуі ғана тағдырдың желі айдап келген екен.

ххх

Иә, ауладағы Құралай анасының еркелетіп, құшырлана езіліп, өбіп-өшкен, мейірленген сәтін білмеді, иісін иіскемеді, бесік жырын тыңдамады. Ана сүтіне қанбаған. Әдемі жылы үйде, жұмсақ ойыншықпен ойнамады. Еститіні – көрші орналасқан асхана блогының ертеңгі-кеш ыдыс-аяқ сылдыры, гараждың тарсыл-гүрсілі. Әрине, сәби Құралай туа салып өмірдің өзіне осылай қатыгез келгенін ұғынып үлгере қойған жоқ. Ал әкеші?.. Әкеге, әрине, батады. Пешенеге жазылған кемістік, онымен қоса жарты жолда жарынан айырылғаны, жұмыстан оралған сәттерінде ер адамның шүкіршілігі мен тәубесіне дем беретін өз үйінің терезесіндегі шамның алыстан жарқырап көрінбеуі, ошағының түтіні будақтап шығып жатпауы, емізулі жастағы анасы жоқ қызы Құралайдың анасыз жетімдігі, небір жалғанда жанына демеу болар жанашыр бауырдың да болмауы – әке көңілін құлдыратып тастайтын. Жігерінің құм болып езілуіне жібермей ұстап тұрған, өмірдегі бар бақыты мен қуанышы – сәбиінің тәтті күлкісі ғана. Құралайдың сәби иісі мен сәл ғана езу тартқаны бүкіл өміріне шуақ шашатын. Бар үміті қызыңда. Алладан күндіз-түні сұрайтын тілегі – ең болмаса Құралайын мектеп бітіргенше жеткізу үшін өзім аман-есен жүре тұрсам дейтіні. Сондағысы: Құралайдың көзі жәутеңдеп, ешкімнің қолына қарап қалмаса екен, мен өлсем кімнің босағасында тентіреп, қайда барып сияды, күні не болмақ? – деген алаңдаушылығынан туатын тілектер болатын. Әлбетте, перзентіне Алладан бақ сұрайтын.

ххх

Бір аяғы анша-мұншаға икемге келмейтін ер адамның бөтелкемен баласына сүт беріп, емізіп отыратын сәті, ақсаңдай басып жөргек орап, жөргектегі Құралайын көтеріп жүретін ақсақ Бөкен ағамыздың басындағы тауқымет ел назарын бейжай қалдырмады. Қазақ даналығы мен тектілігінің де жазылып, еңбек кодексіне түскен заңдылықтан бөлек өзінің пайым-парасаты бар екені анық. Кейде заңдылықтан гөрі пайым-парасатты биік қойып жататынымыз – осының дәлелі. Мұны айтып отырған себебім – әлгіндегі «ішілген смендегі скорыйдыңспирті» төңірегіндегі еңбек тәртібін бұзушылықтарды кешіріммен ақтап алатындай. Иә, фельдшер Бөкен ағаның жұмыс тәртібі тәуліктік, үшке бір. Екі күн демалысында бала күтімімен уақыты өтеді: өзі тамақ істейді, жөргек жуады, ал тәулікке түскен күні Құралайды аурухананың санитарка, медбике қыздары бағады. Аудандық аурухананың кәдімгі науқастар жатып емделетін бірнеше функционалдық бөлімшелері бар еді. Сол бөлімшелердің бірі – «Балалар бөліміне» қалдыратын. Өзі болса әр жедел жәрдем шақыртуларының арасында мүмкіндікке орай хабарласып тұратын. «Айналайын туған ел, қайда жүрсем арқамды саған сүйедім» демекші, ел іші, әрине, Бөкен ағамызға қызы Құралайды тапсырған уақытта ешқашан бас тартып, теріс айналып кеткен емес. Қайта көмектесіп бағатын. Халық – таразы. Шындығында, талпынып күші келмей жатса көмектеседі, жазықсыз шалынса сүйейді. Бөкен ағаның шаруашылық корпуста орналасқан көршілері – ас даярлау блогының аспаздары да кішкентайына деп анда-санда сүт, қаймақ, айран, жеміс-жидек, балаларға арналған ботқа, тіпті кейде жапырақтай ет, май беріп, қолдарын созып жататын. Құралай өсе келе өздері тұратын бөлмеде жалғыз да қалып жүрді. Осылай қайталанған күнделікті фельдшер Бөкен ағаның өмірінен үш-төрт көктем өтеді. Ауладағы Құралайдың ел көзіне көрініп, мектепке баратын да уақыты келді.

ххх

Бүлдіршін Құралай ауыл балаларымен бірге әп-әдемі болып мектепке аяқ басады. Қандай әке болмасын, баласының қатардан қалмай, абыройы асқақ болып, әлденеге ұялып еңсесі түспегенін қалайды емес пе?! Құралайдың кіріп-шығатын жері аурухана ауласы болмасыншы деп, мектепке жақын орналасқан, жылу жүйесі орталықтандырылған, ішінде суы бар, бір сөзбен айтқанда, артық бейнеті жоқ, қызыл кірпіштен салынған екі қабатты, көп отбасыға арналған үйге көшеді. Жалға алады.

Аудан орталығы болғандықтан ауылымызға сол жылдары, одан бері де сырттан халық көп келген. Бұрынғы «Совхоз», «Автобаза», «РЭС», «ГРП» сынды мекемелер жұмыс істейтін. Мекеме жұмысшыларына тұрғын үйлер салынып, баспаналар беріліп жататын. Ақсақ Бөкен ағамыз екі жасар баламен келген кезде аурухананың бас дәрігері:

– Бөке! Сізге қазіргі уақытта мен осы жерден қызыңыз екеуіңіз тұрғанға бір бөлме тауып берейін. Ақыры жұмысқа кеткен уақытта балаңызды қарайтын ешкім жоқ екен. Ал осы аурухананың ішінде болса, медбике қыздарға табыстаймыз ғой, ептеп қызыңызды бірге өсірерміз, – деп құшақ жая қарсы алған-ды. Оның үстіне аудандық ауруханаға тиесілі бос тұрған тұрғын үй жоқ та еді. Осындай жағдаймен жүрген Бөкен ағаға бұдан артық не керек? Үй кезегін қудалайтын шамасы да болған жоқ. Әкімшілік-шаруашылық корпусынан Бөкеңе бөлінген бөлмені ақтап-тазалап, бірінші қажеттілік үшін қолданатын жиһаз-жабдықпен жабдықтап кіргізген болатын.

Жаңа қоныста да көршілердің көмегімен қыз кейде көршінің үйінде қона салса, кейде көршілер қыздан хабар алып қарасты. Құралайдың киімі таза, оқуы мен тәртібі жақсы болып, мектепке барып-келіп жүр. Өмір өтіп жатты.

Құралай бой жетіп, тұрмыс құрды. Әкесіне қарайласып тұрды. Бөкен аға қызын ұясына қондырып барып, өмірден өтіп кетті. Жалғыз жүріп Құралайға әке де, ана да өзі болды, әкелік мейірімін төге білді. Құралайдың бір сипауы кемдігін білдірмеуге тырысты. Жақсыға ұмтылып, жақсылықпен өріс беруді үйретті. Құралайдың көңілін жабырқатпай, ен даланы еркін кезген маралындай қылып өсірді.

Фельдшер Бөкен ағамыз елге де қызмет ете білді. Ақ қалпағы мен ақ халатты бейнесі, адал еңбегі және осындай бір аяғының кемістігі бар жалғыз басты әкенің «Басқа салса – баспақшыл» демекші, өмірдің қиындығына көніп, тағдырдың жазуына төтеп беріп, мойынсұнбаған өмірлік күресі – ел жадынан шыға қойған жоқ. Құралайын ерткен Бөкенді халық мейірімімен мәпеледі, алақанымен аялады. Мен ол кісіні рухы өр, рухты жандар қатарынан көремін.

Тұрмыс тауқыметін, тағдыр тәлкегін көп көрген Бөкен фельдшер саналы ғұмырын балпанақтай балапанына арнады. Жеке басының бақытын іздемеді. Құралайын қатарынан кем қылмай, аялап өсіріп, анасын жоқтатқан жоқ. Әкелік парызын адал атқарып, бүкіл ауыл жұртшылығына сыйлы болды. Қызына деген шапағаты мен шарапаты, мейірімі мен махаббаты ерекше еді.

Ақсақ Бөкен Құралайын жалғыз өсірсе де, халық оны жалғыз қалдырмады. Аурухана ауласында өскен кішкентай қызға елдің мейірімі демеу болды. Қазақтың «Алтын алма, алғыс ал» деген сөзі осындайда айтылса керек. Асылы Османның: «Қазақ – жер бетіндегі ең мейірімді халық» деген пікірі бұл әңгімеге дөп келетіндей.

Ержан Жайлыбаев

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

Жаңалықтар | Новости

instagram
@nurlyolke