Қонаев қаласы прокуратурасы ұсынған іс-қимыл алгоритмі
Қазіргі цифрлық дәуірде дербес деректерді қорғау аса маңызды мәселеге айналды. Егер азамат өзі алмаған несиенің атына рәсімделгенін анықтаса, үрейге бой алдырмай, дереу әрекет етуі қажет. Уақытылы әрі сауатты жасалған құқықтық қадамдар заңсыз берешектен қорғануға мүмкіндік береді.
Қонаев қаласында да интернет-алаяқтық пен азаматтардың дербес деректерін пайдаланып несие рәсімдеу мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Осыған байланысты Қонаев қаласы прокурорының міндетін атқарушы Мерғалым Қанатұлы Смағұловпен сөйлесіп, мұндай жағдайда орындалуы тиіс нақты іс-қимыл алгоритмін әзірледік.
Өңірлік мәліметтерге сәйкес, Алматы облысында 2024 жылы 1470 алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 1711-ге жеткен. Осылайша, жалпы алаяқтық қылмыстары 16,4 пайызға өскен. Сонымен қатар құқық қорғау органдарының алдын алу жұмыстары нәтижесінде интернет-алаяқтық көрсеткішінің төмендегені байқалады. Дегенмен қылмыскерлер жаңа технологиялар мен әлеуметтік инженерия тәсілдерін қолдануды жалғастырып келеді.
Егер атыңызға заңсыз несие рәсімделгенін анықтасаңыз, бірінші кезекте дербес кредиттік есеп алыңыз. Оны eGov.kz порталы, Мемлекеттік кредиттік бюро немесе Бірінші кредиттік бюро арқылы алуға болады. Есептен несиені берген банктің немесе микроқаржы ұйымының атауын, қарыз сомасын және рәсімделген күнін анықтау қажет.
Екінші қадам – банкке немесе микроқаржы ұйымына дереу жазбаша өтініш беру. Өтініште несие шартын жасамағаныңызды және қаражатты алмағаныңызды нақты көрсетіңіз. Қаржы ұйымынан ішкі қызметтік тексеру жүргізуді, шарт пен оның қосымшаларының көшірмелерін, ақша аударылған шоттың деректемелерін ұсынуды талап етіңіз. Сондай-ақ биометриялық сәйкестендіру нәтижелерін, бейнежазбаларды, өтінім берілген құрылғы мен телефон нөміріне қатысты деректерді тексеруді сұраңыз.
Өтініштің тіркелгеніне көз жеткізіп, қабылданған күні мен тіркеу нөмірі көрсетілген көшірмесін сақтап қою керек. Қаржы ұйымына ауызша хабарласумен шектелу жеткіліксіз.
Үшінші қадам – полицияға арыз беру. Алаяқтық белгілері туралы 102 нөміріне хабарлауға немесе Қонаев қаласының полиция басқармасына жазбаша өтініш беруге болады. Арызда несиенің сомасын, рәсімделген күнін, қаржы ұйымының атауын және оқиғаның барлық мән-жайын толық көрсету қажет. SMS-хабарламаларды, қоңыраулар тарихын, хат алмасуды, сілтемелерді және банктік үзінді көшірмелерді өшірмей, арызға тіркеген жөн.
Арыз қабылданғаннан кейін берілетін талон-хабарламаны міндетті түрде сақтау қажет. Алайда талон-хабарлама азаматтың жәбірленуші екенін емес, өтініштің тіркелгенін ғана растайды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында жәбірленуші деп тану туралы тиісті қаулы шығарылады.
Жәбірленуші деп тану туралы қаулыны немесе тергеу жүргізіліп жатқанын растайтын құжатты алғаннан кейін оны банкке немесе микроқаржы ұйымына ұсыну керек. Мұндай жағдайда кредитор тергеу аяқталғанға дейін сыйақы, айыппұл мен өсімпұл есептеуді, берешекті өндіріп алу және талап қою жұмыстарын тоқтата тұруға міндетті.
Төртінші қадам – қажет болған жағдайда Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгіну. Егер банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті қарамаса, қажетті құжаттарды беруден бас тартса немесе заңда көзделген шараларды қолданбаса, Агенттікке eOtinish жүйесі арқылы шағым жолдауға болады. Шағымға полицияға берілген арыздың тіркелгенін растайтын құжатты, жәбірленуші деп тану туралы қаулыны және қаржы ұйымымен хат алмасуды тіркеу қажет.
Заңсыз несие анықталды екен деп қарыз автоматты түрде жойылмайды. Дегенмен азамат жәбірленуші деп танылып, несие беру кезінде қаржы ұйымының міндетті талаптарды бұзғаны анықталса, қарыз соттан тыс тәртіппен есептен шығарылуы мүмкін. Мұндай бұзушылықтарға «Стоп-кредит» белгісін елемеу, міндетті биометриялық сәйкестендіруді жүргізбеу немесе заңда белгіленген шешім қабылдау кезеңін сақтамау жатады.
Егер дау сотқа дейін шешілмесе, азамат тұрғылықты жері бойынша сотқа несие шартын жарамсыз деп тану туралы талап арыз бере алады. Сот азаматтың қатысуынсыз алаяқтық жолмен қарыз рәсімделгенін анықтаса, қаржы ұйымы берешекті есептен шығарып, кредиттік бюроға жалған қарыз туралы мәліметті кредиттік тарихтан алып тастау жөнінде ақпарат беруге міндетті.
Бұл ретте несиені азаматтың қатысуынсыз рәсімдеу мен азаматтың алаяқтың нұсқауымен несиені өзі алып, ақшаны бөгде шотқа аударуы құқықтық тұрғыдан екі түрлі жағдай екенін ескеру керек. Сондықтан полицияға және қаржы ұйымына өтініш берген кезде оқиғаның барлық мән-жайын жасырмай көрсету маңызды.
«Интернет-алаяқтықтың құрығына егде жастағы және цифрлық сауаттылығы төмен азаматтар ғана түседі деген пікір қате. Алаяқтар адамның жасына қарамай, қорқыту, асықтыру және сенімге кіру тәсілдерін пайдаланады. Сондықтан әр азамат қарапайым цифрлық қауіпсіздік ережелерін білуі тиіс», – дейді Мерғалым Смағұлов.
Жеке куәліктің көшірмесін, ЭЦҚ кілтін, банктік карта деректерін, CVV/CVC-кодты және SMS арқылы келген құпия кодтарды бөгде адамдарға беруге болмайды. Өзін банк, полиция немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырған адам телефон арқылы мұндай мәліметтерді сұраса, әңгімені тоқтатып, ұйымның ресми нөміріне өзіңіз қайта хабарласқаныңыз дұрыс.
eGov.kz порталы немесе eGov Mobile қосымшасы арқылы «Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін қосуға болады. «Стоп-кредит» белгісі әрекет етіп тұрған кезде банктер мен микроқаржы ұйымдары жаңа қарыз бермеуге міндетті. Егер осы тыйымға қарамастан атыңызға алаяқтық кредит рәсімделсе, мұндай берешек есептен шығарылуға жатады.
Заңсыз несие анықталған сәттен бастап уақыт жоғалтпай әрекет ету – өз құқығыңызды қорғаудың басты шарты. Ал полицияның әрекетіне немесе тергеудің жүргізілуіне қатысты мәселе туындаса, Қонаев қаласының прокуратурасына ресми өтініш беруге болады.
Шолпан Аралқызы

