-9.1 C
Алматы
-10.5 C
Капшагай
Четверг, 12 декабря, 2024
spot_img

Білімнің алтын ордасы – ҚазҰУ

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Қазақстандағы ең ірі және беделді білім ордаларының бірі. Ол тек білім беру орталығы ғана емес, сонымен қатар ғылым мен мәдениеттің дамуына зор үлес қосып келе жатқан мекеме. 1934 жылы негізі қаланған ҚазҰУ ұзақ жылдар бойы Қазақстандағы жоғары білім беру жүйесінің көшбасшысы болуда. ҚазҰУ әлемдік деңгейдегі ғылыми-зерттеу орталығына айналып, Қазақстанда ғана емес, шетелде де беделге ие болды.

ҚазҰУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындарымен қос дипломды білім беруді белсенді дамытуда. Жыл сайын мыңнан астам шетелдік студенттер мен оқытушылар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін оқу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін таңдайды. Осылайша, университет әлемнің 500-ден астам жоғары оқу орындарымен серіктестік орнатқан. Бұл студенттер мен оқытушыларға шетелде білім алуға, тәжірибе жинауға және халықаралық жобаларға қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ҚазҰУ түрлі әлемдік рейтингтерде жоғары орындар алып, елімізді әлемдік білім беру аренасында танытып келеді.

ҚазҰУ еліміздің болашағын қалыптастыратын мыңдаған талантты студенттердің екінші үйіне айналды. Университеттің ең үлкен байлығы – оның түлектері. Олар еліміздің әртүрлі салаларында, саясаттан бастап бизнеске дейін, үлкен жетістіктерге жетіп, Қазақстанның дамуына үлес қосуда. Университетте алған білім мен тәрбие олардың өмірлік бағытын айқындап, қоғамға пайдалы азамат болуына жол ашады.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – бұл тек білім ордасы емес, Қазақстанның интеллектуалдық және рухани дамуының орталығы. Оның қабырғасынан шыққан әрбір студент еліміздің жарқын болашағы үшін еңбек ететін тұлғаға айналады. ҚазҰУ-дың ең басты миссиясы – бәсекеге қабілетті, жоғары білікті мамандар даярлау болып табылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақтың қолында» демекші, елімізді білімді, мәдениетті және инновациялық елге айналдыруда ҚазҰУ маңызды рөл атқармақ.

Қара шаңырақтың маңдай алды факультеттерінің бірі – Заң факультеті. 1934 жылы іргетасы қаланған заң факультеті көптеген жаңару мен өзгерістерді басынан өткерді. Қазіргі таңда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультеті – Қазақстандағы құқықтық кадрларды дайындайтын жетекші орталықтардың бірі.

Заң факультеті университетпен қатар құрылған және оның негізгі мақсаты – елді жоғары білікті заңгерлермен қамтамасыз ету. Факультет болашақ заңгерлердің тек теориялық білімін ғана емес, сонымен қатар моральдық-этикалық құндылықтарын қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі.

Бүгінгі таңда заң факультетінің ең күрделі ғылыми-тәжірибелік мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін жақсы ғылыми әлеуеті бар. Факультетте бір ҚР ҰҒА академигі, 30 докторлар мен профессорлар, 80-нен аса ғылым кандидаттары, доценттер, сонымен қатар ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Жоғары Соты, Құқық қорғау органдары мен Ғылым Академиясынан жоғары тәжірибелі мамандар жұмыс істеуде. Олардың басым көпшілігі шет тілдерін меңгерген, АҚШ, Еуропа, Туркия және өзге де мемлекеттерде тағылымдамадан өтіп келген. Олардың кәсіби тәжірибесі студенттердің құқықтық білімін тереңдетуге және құқықтың қоғамдағы рөлін түсінуге көмектеседі.

Факультетте тәжірибеге ерекше назар аударылады. Студенттер келесі мекемелерде тағылымдамадан өтеді:

         •        Соттар

         •        Прокуратура

         •        Адвокаттық алқалар

         •        Мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдар.

Заң факультеті мемлекет пен құқықтың өзекті мәселелері бойынша республикалық және халықаралық конференциялардың, сондай-ақ Қазақстан студенттері арасында жыл сайынғы республикалық құқықтық олимпиаданың тұрақты ұйымдастырушы болып табылады. Факультет құрамында ғылыми және оқу әдебиеттінің бай қоры, соның ішінде мұрағат материалдары бар көне кітапхана бар. Студенттер арнайы мамандырылған, сонымен қатар магистранттар мен докторанттарға арналған оқу залдарында сабақтарына дайындалады, қазіргі заман талабына сай компьютерлік техникамен жабдықталған компьютерлік сыныптар, «Интернет залдары» бар. Сондай-ақ, факультет сот процестерінің модельдеуін, пікірсайыстар мен тренингтерді ұйымдастырады, бұл студенттердің шешендік өнерін, талдау және құқықтық мәселелерді шешу дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Заң факультеті шетелдік жоғары оқу орындарымен және ғылыми орталықтармен тығыз байланыс орнатқан. Бұл студенттерге академиялық алмасу бағдарламаларына қатысуға, халықаралық конференцияларға баруға және халықаралық құқық саласында білімін кеңейтуге жағдай жасайды.

ҚазҰУ заң факультеті түлектері ҚР сот және құқық қорғау органдары, прокуратура органдары, ІІМ, қаржы полициясы, ҚР Әділет министрлігі және Қазақстан мен әлемдегі жетекші заң компанияларында маңызды лауазымдарды атқарады. Олардың құқықтық жүйенің дамуына, заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыруға қосқан үлесі зор.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті – бұл тек заңгерлерді дайындайтын орын емес, ол заң үстемдігін қамтамасыз ететін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, қоғамға қызмет ететін мамандарды қалыптастыратын білім ордасы. Факультет жоғары стандарттарды ұстана отырып, дәстүр мен инновацияны үйлестіреді және құқықтық мемлекет қалыптастыруға зор үлес қосады.

Н. К. Мынбатырова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің, Заң факультетінің,
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының доценті

А.Джаманбаева
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің
«Құқықтану» мамандығының
2-курс магистранты

- Подписка 2025 -spot_img
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар | Статьи по теме

- Подписка 2025 -spot_img

instagram
@nurlyolke

Жаңалықтар | Новости