(Дастан)
Қайран текті бабалар арды ойлаған,
Қасиетіңе таң қалып қайран қалам.
Тыйым салған қызына қырық жерден,
Басынан өтсе-дағы қандай заман.
Бекерге сөз етпеймін бұрынғыны,
Салты бар қазағымның бір үлгілі.
Шыққан тегін, сұрамай жеті атасын,
Жат жұрттыққа бермеген бұрымдыны.
Тасада ұстап сырт көзден, бөтендерден,
Қауіптерден сақтапты төтен келген.
Оң жақта бұла өскен ару қыздың,
Ер түгіл, жел етегін көтермеген.
Сондықтан түзу болған көші жүрген,
Тәлім берген қызына бесігінен.
Әліппесін үйретіп әдептілік,
Есіртпеген қыздарын есі кірген.
Ол күндер кеткен екен оралмасқа,
Ал, қазір заман басқа, қоғам басқа.
Кейбір қыз жаңылуда ата жолдан,
Күйінгеннен не қалды одан басқа?!
Уақыт желі төбеңде салады асыр,
Жаһандану, осы ма жаңа ғасыр?
Мұхит асып, шет елден құда келіп,
Күйеубала көбейді қара нәсіл.
Болмайсың –ау мұндайға бекер алаң,
Жат боп кетсе ұрпағың-өте жаман.
Шегір көздер қазақтың қызын алып,
Шегірткедей қаптады шекарадан.
Ата – бабам ежелден білген еді,
Қыз деген – бүкіл ұлттың діңгегі еді.
Болашақ ана болар бойжеткендер,
Кетіп жатыр көршіге іргедегі.
Туған жерден талай қыз тұрақ үзді,
Қырсық келіп шалғандай, сірә, бізді.
Ел аузына тараған ерлік болып,
Есіме алып отырмын бір аңызды…
***
Айналған ұлылардың мекеніне,
Ұлытау, саған баға жетеді ме?
Ақ киізге көтеріп Абылайды,
Үш жүзге хан сайлаған етегіңде.
Тарихың тасқа түскен таңбаланып,
Талай дана далаңда болғаны анық.
«Қырық қыздың моласы» сенде жатыр,
Оқиғасы ерекше таңқаларлық.
Бұл жердің әрбір тасы қымбат маған,
Өткенінен қазақтың сырды ақтарған.
Қырық қыз бір молада бірге жатыр,
Оң жақта бұла өсіп, бұлғақтаған.
Әлі күнге жүр аңыз кезіп елді,
Естігенде ет – жүрек езіледі.
Толғап соны көрейін өлеңменен,
Топыраққа көмілген шежірені.
***
Қайран менің қазағым, асқақ өскен,
Қилы –қилы кезеңді бастан кешкен.
Ұлтарақтай жер бермей басқыншыға,
Ұрыс салған далада астан – кестең.
Шырғалаңы сондай көп шақ болыпты,
Азаматтар жорыққа аттаныпты.
Бейқам жатқан ауылға ойда жоқта,
Жау әскері сау етіп, тап болыпты.
Сұрқия жау ауылды ойрандапты,
Еркегі жоқ болған соң тайраңдапты.
Қарсы тұрған қарттарда қауқар болмай,
Жоңғарлардың қолынан жайрап жатты.
Шулаған қыз – келіншек, бала – шаға,
Түсе алмапты тосынан арашаға.
Тағдыр солай маңдайды тасқа ұрыпты,
Жазылмайтын жүрекке жара сала.
Жоңғардың жауыздығы жанға батты,
Бүкіл ауыл жаншылып қанға батты.
Қатын қылып еліне әкетпек боп,
Қазақтың қырық қызын таңдап апты.
Қазақ қызы ақылсыз емес еді,
Тығырыққа тіреліп келешегі.
Арымыздан жанымыз садақа леп,
Байлам жасап өзара кеңеседі.
Былай депті өжеттеу келген бір қыз:
«Қас дұшпанның болмайық ермегі біз.
Арымызды аяққа таптатқанша,
Артық болар одан да өлгеніміз!
Жан екенбіз маңдайдан тайған бағы,
Жат жұрттыққа отырмыз айдалғалы.
Біз үшін жүр емес пе қанын төгіп?
Әке, аға, бауырлар майдандағы.
Аттанғалы отырмыз елден анық,
Қоштасуға жасайық жөн – жоралық».
Сұраныпты басқыншы бастығынан,
Шомылып қайтамыз деп көлге барып.
Қабақтарға қатулы мұң байланып,
Тілемепті кетуді күңге айналып.
Қайсар мінез қазақтың қырық қызы,
Бел буыпты өлімге ыңғайланып.
Серттесіп, солай шешім қабылдады,
Қазасы қайыстырар қабырғаны.
Қол ұстасып барлығы мерт болыпты,
Көлге түсіп ауылдың маңындағы.
Қырық қыз тектілігін ұқтырыпты,
Састырып, жау еңсесін бұқтырыпты.
Ерлігіне қазақтың қайран қалып,
Төбе шашы жоңғардың тік тұрыпты.
Сонда оларға сансыз ой оралады,
Өркөкірек бейнесі жоғалады.
Қазақ қызы осындай өжет болса,
Еркектері келсе егер не болады?!
Бұл қазақтың рухы асқақ екен,
Мұндай халық көргем жоқ басқа бөтен.
Жау басшысы әскерін ертіп алып,
Кері қарай еліне қашқан екен.
Тапсырыпты қойнына қазына – жер,
Қайғы жұтып қазаға азынап ел.
Қырық қызды қойыпты бір молаға,
Қасарысқан қолдарын жазып әрең.
Қазақ қызы – елімнің ардағысың,
Бұл оқиға тарихта болғаны шын.
«Қырық қыздың моласы» паш етіп тұр,
Бүкіл Алаш жұртының өр намысын.
Өткенді ұмытпаймыз сол үшін біз,
Аппақ арын осылай қорысын қыз.
Ерлікке тағзым жасап, тәлім алу,
Азаматтық парыз бен борышымыз!
Дүние өте шығар қас – қағымда,
Бұл сөздің мағына бар астарында.
Ұлт мүддесін ешқашан ұмытпаңдар,
Дер едім мен жалынды жастарыма!
Таусылғанша фәниден тұз – дәміміз.
Жауаптымыз осыған біз бәріміз,
Сақ қарасын салтына ұлдарымыз,
Аттамасын арынан қыздарымыз!
Берік БАИЛОВ,
Қонаев қаласының кешкі мектеп директоры,
Ақын, Әлем Халықтары Жазушылары одағының мүшесі

