Қонаев қаласы облыс орталығы мәртебесін алғаннан кейін өңірде әлеуметтік-экономикалық серпін байқалады. Жаңа нысандар бой көтеріп, қызмет көрсету саласы кеңейіп, кәсіпкерлік белсенділігі арта түсті. Бұл өзгерістер еңбек нарығына да әсер етпей қалған жоқ. Алайда сырт көзге көрінетін осы қарқын тұрғындардың жұмыспен қамтылу сапасына толық жауап бере ала ма – бұл өз алдына бөлек мәселе.
Қалада әртүрлі бағыт бойынша бос жұмыс орындары ұсынылады. Әсіресе мемлекеттік қызмет, білім беру, денсаулық сақтау, сауда және қызмет көрсету салаларында кадрларға сұраныс бар. Сонымен қатар туризм мен ойын-сауық индустриясы да еңбек ресурстарын қажет етеді. Дегенмен, ұсынылған жұмыс орындарының барлығы бірдей лайықты жалақымен қамтамасыз етілмейтіні байқалады. Осыған байланысты тұрғындардың бір бөлігі Алматы қаласына қатынап жұмыс істеуді таңдауда.Мәселен, қала тұрғыны дефектолог Меруерт Қозыбаева жоғары жалақыны таңдап, күнделікті Алматыға қатынап жұмыс жасайтынын жеткізді. Оның сөзінше, Қонаевта жұмыс болғанымен табыс көзі төмен.
Ресми деректер еңбек нарығында тұрақтылықтың бар екенін аңғартқанымен, бейресми жұмыспен қамту мәселесі әлі де өзекті. Уақытша немесе тіркелмеген еңбекпен айналысатын азаматтар саны аз емес. Мұндай жағдайда әлеуметтік кепілдіктердің болмауы еңбек нарығының нақты ахуалын толық айқындауға мүмкіндік бермейді.
Жалақы деңгейі де – назар аударарлық мәселенің бірі. Қонаевтағы табыс мөлшері ірі мегаполис – Алматымен салыстырғанда төмен. Соның салдарынан кейбір азаматтар ұсынылған жұмыстан бас тартып, жоғары жалақы көзін іздеуге бейім. Әсіресе жастар арасында бұл үрдіс айқын байқалады. Жас мамандар тәжірибе жинақтау үшін қалада еңбек жолын бастағанымен, уақыт өте келе табысы жоғары өңірлерге кетуді жөн көреді. Ал тәжірибелі кадрлар үшін біліктілігіне сай қызмет пен мансаптық өсу мүмкіндігінің шектеулілігі де өзекті мәселе болып отыр.
Жастар үшін еңбек нарығына алғашқы қадам жасауға мүмкіндік бар. Мемлекет тарапынан «Жастар практикасы», «Әлеуметтік жұмыс орындары» секілді бағдарламалар іске асырылуда. Бұл жобалар түлектерге тәжірибе жинақтауға жол ашады. Сонымен қатар жұмыс берушілерге де белгілі бір деңгейде қолдау көрсетіліп, жалақының бір бөлігі субсидияланады. Алайда бұл тетіктердің басым бөлігі уақытша сипатқа ие екені белгілі.
Көлеңкелі еңбек нарығы да назардан тыс қалмауы тиіс. Құрылыс, сауда және қызмет көрсету салаларында еңбек қатынастарының толық заңдастырылмауы жиі кездеседі. Бұл жұмысшылардың әлеуметтік қорғаудан қағылуына ғана емес, мемлекет үшін де салық түсімдерінің азаюына әсер етеді.
Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар еңбек нарығының дамуына жанама түрде ықпал етуде.
Осы орайда Қонаев қаласы бойынша мансап орталығының директоры Абдалиев Ернур Жеңісбайұлы саладағы жағдайға қатысты ойын былай жеткізді:
«Қонаев қаласында шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік бағдарламалар бар. Бүгінгі күні кәсіпкерлер үшін әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасы жұмыс істейді. Бұл бағдарлама аясында жұмыс беруші жаңа қызметкерді жұмысқа алған жағдайда мемлекет оның жалақысының 35%-ын субсидиялайды. Сонымен қатар «Күміс жас» жобасы бар. Егер жұмыс беруші 50 жастан асқан азаматты жұмысқа қабылдаса, мемлекет жалақының 70%-ын өтейді.
Жастар үшін «Жастар практикасы» қарастырылған. Бұл олардың тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді. Қонаев қаласында 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде гранттар да беріледі. Бұл гранттарды мүгедектігі бар азаматтар, аз қамтылған отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар және қандастар ала алады. Мысалы, өткен жылдары 10-нан 24 адамға дейін грант берілген. Биыл да құжат қабылдау жалғасып жатыр, гранттар мамыр-маусым айларында беріледі деп жоспарлануда.
Жұмыссыздық деңгейі 2023 жылы 4,8% болса, биыл 4,5%-ға дейін төмендеді. Бұл жақсы көрсеткіш деп есептейміз. Жастар үшін жұмыс табу қиын емес. Мансап орталығына жүгінген жағдайда жұмыс жеткілікті. Жастарға сұраныс жоғары. Бірақ жалақы деңгейі Алматымен салыстырғанда төмен болғандықтан, көпшілігі жоғары табыс іздейді».
Қонаев қаласындағы еңбек нарығында мүмкіндік те, мәселе де қатар өріліп отыр. Жұмыс орындары бар, мемлекеттік қолдау да қарастырылған. Алайда жалақы деңгейінің төмендігі мен тұрақты, сапалы жұмыс орындарының тапшылығы күн тәртібінде.
Еңбек нарығының шынайы әлеуеті дәл осы мәселелердің шешілуімен тікелей байланысты. Егер сапалы жұмыс орындары көбейіп, табыс деңгейі артса, Қонаевтағы еңбек нарығы үміт деңгейінен нақты мүмкіндік деңгейіне көтерілуі әбден ықтимал.
Шолпан Аралқызы

